Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев түркиялық «ERA» компаниясының өкілдерімен кездесті. Қос ұйымның басшысы Берксан Буюкиылдыз Түркістан қаласындағы бой көтеретін ғимараттардың сәулеттік жобаларын әзірлеп, сондай-ақ Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарды дамытуға ниетті екендігін жеткізді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған ұйым әлемде инновациялық сәулеттік жобалармен танылған. 1972 жылы құрылған компания Париж, Ыстамбұл, Бейжің мен Мәскеу сынды қалаларда жұмыс істейді. «Orteksan» ұйымының еншілес мүшесі саналатын «ERA» компаниясы индустриалды аймақтардың дамуымен шұғылданады. Шетелдік компания ұсыныстарын тыңдаған облыс басшысы өңірде инвесторлар мен кәсіпкерлер арналған қолдаулармен таныстырды.
«Қазіргі таңда облыста инвестициялық климат қалыптасқан. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында қажетті жүйе, қолдау бар. Оның үстіне Түркістан облысында 2 миллионға жуық халық тұрады. Түркістан қаласы — халықаралық магистраль жолында орналасқан экономикалық тиімді аймақ. Жаңа қаланың құрылысы кезеңінде сіздермен әріптестік танытуға дайынбыз. Түркістанның сәулеттік келбеті заманауи, озық болуына бірлесіп үлес қосуымыз керек», — деді Жансейіт Түймебаев.