НАУРЫЗ – ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН

2002
Топан туралы аңыз бойынша, қырық күн, қырық түн ұшы-қиыры жоқ телегей теңіз үстінде, таудай толқындардың арасында қайда барар бағытын білмей бұлғақтаған Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауының басына тіреле тоқтапты деседі. Сол күн мен түн теңелген мезгіл екен. Нұқ бабамыз осы күнге, «наурыз», яғни «жаңа күн» деп ат беріпті. Сол күні ұлан-асыр той жасап, асыл нұрдан шашу шашыпты…

Картинки по запросу наурыз

Көне әпсанадан қалған сөз.
Аңыз болған атағы ғасырлардан ғасырға,
Ақиқат бар бұл жырда көңіл қойсақ расында.
Өткен екен ең алғаш ұлы дүрмек Наурыз той,
Қаражамбас қария тау Қазығұрттың басында.
Оған куә ана тау, мынау өзен, тастар маң,
Оған куә көк аспан кемпірқосақ жастанған.
Ұлысымның осынау Ұлы күні алғашқы,
Қаражамбас баба жұрт Қазығұрттан басталған.
Қай жақтарға тартпады біздің қаңғақ-арбамыз,
Шығыста да жүрдік біз, батысқа да барғанбыз.
Сон-о-оу көне заманғы топан жайлы сол аңыз,
«Кеме қалған» шың анау сол топаннан қалған із.
Содан бері селдетіп өтті қанша замандар,
Өтті қанша қаһарлы патшалар мен қағандар.
Бір анығы сол күнді әр жыл сайын ұмытпай,
Ұлан-асыр той жасап тойлап келед(і) адамдар.
Кімге қиып көрсетем мынау тарпаң қалпымды,
Кімдер екен білетін менің асыл нарқымды.
Әлі күнге әуре боп ұқтыра алмай келем мен,
Дала жатқа айтатын сенің дара даңқыңды.
Күміспенен күптеген, алтынменен аптаған,
Пәруаны асқан халқымның қасиетін сақтаған.
Аспан түстес жүрегі енді ақынға құлақ түр,
Қоңыраулы жылдардың шежіресін жаттаған:
Қазақ иісі аңқыған, айналайын, жан бабам,
Өзің жайлы толғансам, күш береді сол маған.
Бір той жасап берсем деп армандаумен келем мен,
Мынау байтақ қазақта бұрын-соңды болмаған.
Әр-әр жерден үзіліп, әр-әр жерден жамалған,
Наурыз менің ар-намыс, рухым ғой тоналған.
Бүкіл қазақ баласын Қазығұртқа шақырып,
Бір қазаннан ырымдап дәм татқызсам, жоқ арман!
Бүкіл қазақ бас қосқан тойдан немді аяйын,
Ағыл-тегіл шашылған ақ дастарқан жаяйын.
Көңілдердей көл-көсір сол дастарқан төрінде,
Қобызымды қолыма ап аңыратып қояйын,
Қазағымның бір күйін маңыратып қояйын…
Наурыз көже – киелі қазағымның құт дәмі,
Жеңіл болсын жегені, қабыл болсын тұтқаны.
Ағайынның бірлігі – берекемнің ұйытқысы,
Бекем болсын әрдайым нар халқымның мықтары!
Менде жалғыз арман бар, әлі ешкім жетпеген,
Жүрегімде бүр жарып, тілегімде көктеген.
Бүкіл қазақ бас қосқан Қазығұрттың басында,
Наурыз жайлы күркіреп жыр оқысам деп келем.
…Көк қошқардай кенеттен түсе қалған аспаннан,
Бұл не қылған – демеңіз, батпан құйрық тасталған.
Ұлысымның осынау Ұлы күні алғашқы,
Қаражамбас қария тау Қазығұрттан басталған.
Әр-әр жерден үзіліп, әр-әр жерден жамалған,
Наурыз менің ар-намыс, рухым ғой тоналған.
Бүкіл қазақ бас қосқан сол Қазығұрт басында,
Күркіреген күндей боп жыр оқысам – бар ма арман!
Болат Шарақымбай,
«Құрмет» ор­денінің иегері.