Сатыбалдыға ендігі жетпегені елші болу еді

1047
Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Дархан САТЫБАЛДЫҒА ендігі жетпегені елші болу еді.
Президенттің Жарлығымен Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.
Дархан Сатыбалды еңбек жолында көптеген салаларда жұмыс істеген. Қаржы министрлігінде ревизор, Президенттің іс басқармасында референт, кеңесші, Астана қаласындағы «Жылу» кәсіпорнында директордың міндетін атқарушы, Білім және ғылым министрлігінде департамент директорының орынбасары, осы министрліктегі комитет төрағасының орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде департамент бастығы, Премьер-министр кеңсесінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болған. 2013 жылы ол Шымкент қаласының әкімі қызметіне келді. 2015 жылы мэрдің креслосын Әбдірахымовқа тапсырып, өзі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
2017 жылдың соңында Сатыбалдының бұл қызметтен де босағаны белгілі болды. Оның оқуға кеткені айтылды. Алайда оқуға кетті деген Сатыбалды 2018 жылы Шымкент қаласында өтіп жатқан Сенат сайлауының басы-қасынан табылды. Ресми ақпараттарда оның жұмыссыз екендігі көрсетілді. Жұмыссыз Сатыбалды қазанда өткен сайлауда Шымкенттің атынан Сенатқа депутат болып кеткен еді.
Міне, арада жарты жыл өтпей жатып Сатыбалды елші болып кетті. Бұл қызметте қанша уақыт отырарын кім білсін.
Бақытжан Әбдіраш