Түркістан облысында жыл басынан бері 15 мемлекеттік қызметшіге әкімшілік іс қозғалды

1100
Түркістан облысында 94 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымға тағайындалған.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев брифинг барысында мәлімдеді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ғалым Тұрсынбаевтың сөзінше, кадрлардың таза ауысымдылығы бойынша  өңірде  70 қызметші өз еркімен жұмыстан кеткен. Сонымен қатар ҚР заңнамаларын білу деңгейін анықтауға арналған тестілеу рәсіміне барлығы — 491 адам қатысып, оның 149-ы оң нәтиже көрсеткен. Ал, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға 584 конкурс жарияланған.  Оның ішінде жалпы конкурс бойынша лауазымдарға тағайындалған 178 үміткердің 71-і мемлекеттік қызмет жүйесіне алғаш рет қабылданып,  аймақта мансаптық өсу көрсеткіші 60,6 % құраған.
Ағымдағы жылдың І-тоқсанында өңірдегі Әдеп жөніндегі кеңесте 2 отырыс өткізіліп, кеңес отырысында 36 мәселе қаралған. 23 мемлекеттік қызметкердің  тәртіптік ісі талқыланып, 22 қызметкердің Әдеп кодексін бұзғаны анықталды. Кеңес шешімі негізінде 11 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылса, 4 мемлекеттік қызметші ескерту алған. 6 қызметкер сөгіс, тағы бір лауазымды  тұлғаға қатаң сөгіс берілген. Бұған қоса, жыл басынан бері  15 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, нәтижесімен 284 053 теңге айыппұл салынған.