Қазақстан мен Корея Республикасы басшылары не туралы уағдаласты?

1385
Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Baribar.kz келіссөздер барысында қандай мәселелер бойынша уағдаластықтарға қол жеткенін және қандай құжаттарға қол қойылғанын баяндайды.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыруға қатысты және Нұр-Сұлтанда Қазақстан – Оңтүстік Корея халықаралық IT-орталығын ашу жөнінде уағдаласқан.
Сонымен қатар қос Президент инфрақұрылымдық жобаларды қатар жүзеге асыра отырып, көлік-транзит бағдарын дамыту қажеттігі жөнінде және Қытайдың Тынық мұхиты жағалауындағы Ляньюньган портында жұмыс істеп тұрған қазақстандық терминалдың мүмкіндігін корей тарапының белсенді пайдалану мәселелері туралы түсіністікке қол жеткізді.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея білім, денсаулық салалары, Арал теңізінің проблемасын шешу, экологиялық апат аймағындағы жағдайды оңалту және парламенттік дипломатия бойынша да уағдаласты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының бірлескен мәлімдемесі;
2. Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шарт;
3. Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының “Самал жел” жаңарған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы;
4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпарат-коммуникатив технологиялар министрлігі арасындағы Төртінші өнеркәсіп революциясы жөніндегі меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпарат-коммуникатив технологиялар министрлігі арасындағы Бірлескен халықаралық ІТ-орталықты құру жөніндегі ниеттестік туралы хаттама;
6. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпарат-коммуникатив технологиялар министрлігі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта бірлесе зерттеу және пайдалану саласында өзара түсіністік туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Корея Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі арасындағы Денсаулық саласында “Самал жел” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жоспар;
8. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті мен Корея Республикасының Кеден қызметі арасындағы уәкілетті экономикалық операторларды мойындау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея бизнес-форумы
Мун Чжэ Иннің тұңғыш мемлекеттік сапары аясында Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бизнес-форумы өтті. Оған екі елдің іскер топтарынан 500-ден астам өкіл қатысты. Шара қорытындысы бойынша машина жасау, медицина, инфрақұрылым және тамақ өнеркәсібі салаларына қатысты жалпы құны 3,2 миллиард доллар болатын 30-ға жуық құжатқа қол қойылды. Соның ішінде, Шымкентте және Түркістан облысында тұрғын үй құрылысына, Check-up көпсалалы орталығын құруға, жеңіл автомобильдер, лифттер, кондитерлік өнімдер, теледидарлар, медициналық импланттар өндірісіне, медициналық мекемелер ашуға және басқа да салаларға қатысты уағдаластық жасалды.