Агенттік қолға түскен жемқорлардың видеосын жариялады

1651
Нұр-Сұлтан әуежайының бас бухгалтері 1,3 миллиард теңгені жымқырған. Ал «ҚазАвтоЖол»-дың басшысы мердігерлерден ақша жинап отырды
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы аптада қанша жемқордың қолға түскен жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалиннің айтуынша, елорда әуежайының бас бухгалтері жалған шот-фактуралар арқылы компанияның 1,3 миллиард теңгесін жымқырғаны үшін күдікке ілініп отыр. Аудиторлық тексеріс те аталған соманы растады. Бұдан бөлек, ол жемқорлыққа қарсы қызметкерлерге 16 миллион теңгенің парасын ұсынған.
«Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды», — деді Бердалин арнайы баспасөз мәслихатында.
Бұдан бөлек, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы пара алған. Ол «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялаларды таратқаны үшін шаруа қожалықтарынан жүйелі түрде ақша жинап отырды. Басқарма басшысы өз кінәсін толығымен мойындады. Сол себепті оны қамауға алған жоқ. Тергеу шаралары жалғасуда.

Ал Маңғыстау облысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиал басшысының орынбасары мердігелерден 1 миллион теңгеден пара алғаны үшін күдікке ілінді. Мердігер компаниялар жол учаскесінің құрылысын уақытында орындамаған. Ал айыппұлды төлемеу үшін «ҚазАвтоЖол» басшылығына пара берген. Қазіргі кезде лауазымды тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

«Тағы бір мысал, Шығыс Қазақстан облысында Аягөз ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры еңбек қатынастарымен байланысты жалпы қаморлығы үшін 150 мың теңге пара алғаны үшін күдікті деп танылуда», — дейді Бердалин.

Сондай-ақ, Алматыда «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры 2017 жылғы 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде мекемеде іс жүзінде жұмыс жасамаған Жезқазған қаласындағы өкілдігінің директорына еңбек ақыны есептеу арқылы 917 458 теңгені жымқырған. Ол өз кінәсін толық мойындады. Енді, аталған істердің барлығы сотта қаралады.