Тоқаев бас прокурорды қабылдады

1452
Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов мемлекет басшысына еліміздегі заңдылық және құқық тәртібінің ахуалы жөнінде есеп берді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында бас прокурор мемлекет басшысына еліміздегі заңдылық пен құқық тәртібінің ахуалы жөнінде есеп берді.
Ғизат Нұрдәулетов Қазақстан президентіне қылмыс деңгейінің төмендегенін және қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқығын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстың жекелеген түрлеріне қарсы күрес туралы баяндады.
Сонымен қатар, бас прокурор Қасым-Жомарт Тоқаевқа электронды қылмыстық және әкімшілік іс жүргізуді енгізу, тексерулерді тағайындау процесін автоматтандыру туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады
Қазақстан президенті қоғамның барлық саласында құқық үстемдігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтіп, азаматтардың құқығы прокурорлардың ерекше назарында болуы тиіс екенін айтты.
«Прокуратура органдары әлеуметтік және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаржысын жұмсауда заңның қатаң сақталуына қол жеткізуі қажет. Заң бұзуға мүлдем жол бермеу керек», – деді Тоқаев.
Кездесу соңында Қазақстан президенті қадағалаушы органның алдына басқа да бірқатар міндет қойды.