Түркістан облысында пошта қызметкері екі әріптесін айдалада өлтіріп кеткен

992
Полиция Арыстан 35 шақырым жерден бастарына оқ тиген инкассаторлардың денесін табады.
Түркістан облысында екі әріптесін өлтіріп, 7,5 миллион теңгені қолды еткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Түркістан облыстық полиция департаменті мен Арыс аудандық полиция бөлімінің полицейлері бірлесіп, инкассаторларға шабуыл жасаған 38 жастағы күдіктіні 7 маусымда ұстаған.
«Күдікті 1981 жылы туған жергілікті тұрғын. Ұсталған азаматтың пошта қызметкері екені анықталды. Күдіктіден аңшы мылтығы және ақша тәркіленіп алынды», — деп хабарлады полиция.
Еңбек демалысында жүрген күдіктінің шабуыл жасаған инкассаторларды танығаны белгілі болды. Қылмыс жасалған күні ол әріптестерінен діттеген жеріне жеткізіп салуды сұраған. Көліктің ішіне отырған соң екі инкассаторды атып тастайды да, 7,5 миллион теңгені алып, қылмыс орнынан ізін суытады.
«Күдіктіге қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтiру») және 192-бабы («Қарақшылық») бойынша айып тағылып, қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетсек, 7 маусымда Арыс аудандық полиция бөліміндегі кезекшілерге пошта бөлімшесінен қызметтік көлікпен шыққан екі инкассатордың жоғалып кеткені туралы хабарлама түседі. Олар Задария ауылына, одан соң Монтайтасқа барып, кейін Қожатоғай​ ауылына бара жатырмыз деген. Көлікте ауыл тұрғындарының зейнетақысы мен жәрдемақысын төлеуге арналған 7,5 миллион теңгеден астам қаржы болған.
Полицейлер іздеу жұмыстары барысында Арыс қаласынан 3 шақырым жерден жоғалған қызметтік көлікті табады. Тексеру барысында көліктен қан іздері анықталған. Осыдан соң тәртіп сақшылары инкассаторлар қасақана өлтірілді деген қорытынды жасаған. Ал 8 маусымда олар таңғы сағат 6:00-де Арыстан 35 шақырым жерден бастарына оқ тиген инкассаторлардың денесін табады.