Тоқаев өзін қолдаған Жазушылар одағына екі Toyota Camry-70 сыйлады

1303
Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзін  қолдап келген Жазушылар одағы екі автокөлік сыйлады. Бүгін президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида БАЛАЕВА Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТКЕ Toyota Camry-70 машиналарының кілтін табыстады.
Бұл жапониялық көліктердің құны арзан емес. Бағасы 10 420 000 мен 17 120 000 млн теңге арасында тұрады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ отставкасынан кейін мемлекет басшылығына келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр бастамасын жазушылар одағы қолдап келеді. Жазушылар одағы  Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫНЫҢ  Астана атын Нұр-Сұлтан деп өзгертуін құптаған еді.
2019 жылдың 23 наурызы күні Қазақстан Жазушылар Одағының осыған орай мәлімдемесі ақпарат құралдарында жариялан.
«Жаңа Мемлекет басшысы барша қазақстандықтардың алдында Елордамызға «Нұр-Сұлтан» атауын беру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл орынды ұсыныс. Бұл әлем халықтарының тәжірибесінде бар дүние. Сонымен қатар, Елбасының Астана қаласының салынуында сіңірген еңбегін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес», — делінген еді мәлімдемеде.
Сондай-ақ, Жазушылар Одағы екінші президенттің халыққа жасаған алғашқы үндеуінде қолдап шықты. 9-сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өткізетінін жарилаған еді. Сол күннің ертеңінде-ақ жазушылар жиын өткізді.
«Кеше ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеу жариялады. Онда биылғы 9 маусым күні бүкілхалықтық президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Елдің ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін және ішкі, сыртқы саясаттың ары қарай үйлесімді дамуы үшін бұл сайлау қажет екені белгілі. Ертең күніміз не болады деп жүрмей, айдың аманында, күннің жарқырап тұрған кезінде президентімізді сайлап алғанымыз дұрыс қой деп ойлаймын», — деген еді Ұлықбек Есдәулет.
23 мамыр күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзін үнемі қолдап жүретін қоғамдық ұйым басшысы Ұлықбек Есдәулетті қабылдаған. Төраға мемлекет басшысына Жазушылар одағының атқарған жұмыстары және алдағы жоспары жөнінде мәлімет берген-ді.
Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаевты Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағы да қолдаған. Өздерінің II құрылтайында Жүрсін ЕРМАН бастаған айтыскерлер президенттік сайлауда «Нұр Отан» партиясының кандидатын қолдайтынын мәлімдеген. Тоқаев Ерманов басқаратын Одаққа автокөлік тарту ете ме екен? Әлде, онсызда айтыста автомашина мінетін айтыскерлерге басқа сыйлық жасалып қалар.
Дереккөз:zhasalash.kz