Тұңғышбай Жаманқұлов: Маған кино әлемінің есігі тарс жабылды

2385
Тұңғышбай Жаманқұлов басына күн туғанда өзін кімдердің сатып кеткенін бүкпесіз айтып берді.
Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал актер Тұңғышбай Жаманқұлов енді киноға неге түспейтінін түсіндіріп берді. Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұқбатында айтты.
«Бұрынғы досым бар. Сатыбалды Нарымбетов деген режиссер. Қазір де бар ғой ол. Аман болсын! Сол: «Жылтың-жылтың етіп, бетіңіз күнде көріне береді экраннан. Ал киноға жаңа бет-әлпет, жаңа актерлер керек» деп көңілімді бір қалдырған. Адамгершілік, достық жағынан да көңілімді қалдырған тұстары бар оның. Әрине, оның уәжімен келіспеймін. Мықты актерлер кез келген кезде сұранысқа ие. Бұл жәй сылтау ғой.
Қазіргі киноға түспей жүргенімнің, міне себеп-салдары осындай. Маған осылайша кино әлемінің есігі тарс жабылды. Мен түгілі үйдегі жеңгең де қорқады. «Киноға түспеші, бәлеге қаламыз» деп шошиды», — дейді актер.
Сондай-ақ актер өз сұқбатында өзінің шартты түрде сотталғанын мойындап, «қызыл жағалылармен» жиі тілдесетінін де айтты.
«Қазір шартты түрде түрмедемін. Маған қызылжағалы жігіттер: «Аға, сабыр етіңізші, жұрт жиналған жерге, тойларға бара бермеңізші, әлеуметтік желіге шықпаңызшы. Сіздің жауларыңыз оны көріп қалып, бізді қуадалап кетеді» деп түсіндірді. Онысына рақмет. Нақақтан нақақ күйіп, шартты түрде сотталғандықтан үйде диванның үстінде амалдың жоқтығынан дөңбекшіп жатамын да қоямын, қайтемін», — дейді Жаманқұлов.
Өзін сатқан шәкіртіне қатысты да актер пікірін білдіруді ұмытпапты. Оның пікірінше, бұл шәкіртінің емес, мына айтақ қоғамның кінәсі.
«Шәкірттің ұстазын сатқанын көрдік. Менің басымнан сондай өтті. Мақсаты – жоғарыдағы бастығына жағыну ғой. Шәкіртім не сезінгенін қайдан білейін, бірақ бұл маған ауыр болды. Оған өкпелегеннен, ренжігеннен емес, осындай заманның туғаны ауыр болды маған. Оның мені сатуға итермелеген осындай қоғамның, айтақтаушы бишікіштерге тап болғанына қапаландым. «Ол менің ұстазым ғой» деп қарсы тұруға батырлығы жетпегеніне де өкінемін», — дейді ол.
Айта кетсек, Тұңғышбай Жаманқұловтың үстінен 2017 жылы қылмыстық іс қозғалып, ол «Феникс» фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты деп айыпталған. Бұл іс бойынша сотқа тартылған тоғыз адам да айыпты деп танылып, бәріне шартты жаза кесілген болатын. Қазақстан Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан істі болған Тұңғышбай Жаманқұлов бірнеше рет көмек сұраған.