АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ҒАЛЫМ

1380
Ауыл-ел бесігі, мемлекетіміздің негізгі тіректерінің бірі. Қарап отырсақ, небір атақтылар ауылдан шығады екен. Дегенмен, солардың арасында «мен мынаны бітірдім» деп дабырайтпай-ақ қарапайым ғана күн кешкендері қаншама. Солардың бірі- Ордабасы ауданындағы Бірлік ауылының тумасы Жамбыл Еркебайұлы еді.
Ол институтты бітіріп келгеннен соң Қосжан Мүсірепов атындағы орта мектепте математика, физика, химия пәндерінен сабақ берді. Иә, сіз дұрыс оқып отырсыз. Бала кезімізде «алгебра, химия, кірмейді менің миыма» деуші едік қой. Сол миымызға кірмейтін пәндердің ішінде жоғарыда аталған физика мен математика да болды. Жамбыл осы пәндердің барлығын жақсы меңгерді. Жан-жақты ұстазды білім бөліміндегілер де жоғары бағалады. Оны мектепке директор етіп тағайындады. Басшылық қызметі бар, сабағы бар, ауданның қоғамдық жұмыстары бар, Жамбыл осылардың ортасында жүріп ғылыммен айналысуға да уақыт тапты.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Жамбылдың даңқы жер жарып тұрды. Кешегі кеңес өкіметі тұсында жоғары сынып оқушылары үшін алгебра пәнінің «тригонометрия» деген бөлімі болды. Осы пән оқушыларға ауыр тиетін. Сондықтан қиын есептерді қарапайым да оңай жолмен шешудің жолдарын қарастыру керек болды. Жәкең тригонометриялық есептерді тез шешуге арналған кешенді оқу-әдістемелік құрал жасап шығарды. Олардың аты «Тригономер», «Әмбебаб тригономер», «Ойдаграф» деп аталды. Жаңалық жерде жатпайды. Осы жаңалықты естіген облыстық, республикалық білім саласының басшылары арнайы мамандар жібертіп, Жамбыл ойлап тапқан құралдың тиімділігін жан-жақты зерттеп көрді. Нәтижесі тым жақсы еді. Содан 1985 және 1987 жылдары екі дүркін республикалық телеарналар арқылы жаңалық дүйім жұртқа жария етілді. ҚР Білім және ғылым министрлігі Жамбыл Еркебайұлының еңбектерін арнайы плакат, кітап етіп шығарды.
Семей қаласында білім қызметкерлерінің республикалық ғылыми-практикалық конференциясында «Еркебайұлының «Әмбебаб тригономер» құралы ХҮІІІ ғасырда даниялық Джон Непер ойлап тапқан «логарифмдік лейнейкадан» әлдеқайда артық, қарапайым және өте көрнекті әмбебаб құрал» дегенді ауызы дуалы ғалымдардың бірі айтқан еді. Кейін біз осындай оқу
құралының алғашқы түрі бұрын АҚШ пен Ұлыбританияда пайда болғанын білдік. Осы құралды ауылдың қарапайым мұғалімі ойлап тапқаны үлкен жетістік еді. Мұны сол тұстағы республикалық газеттер жабыла жазды.
КСРО кезінде ойлап тапқан жаңалығыңа патент алу оңай емес еді. Жамбыл да осы жолда біраз тер төкті. 1987 жылы Шымкент қаласында одақтық деңгейде ғылыми-практикалық конференция өтеді. Оған КСРО Білім министрлігінің бөлім басшылары қатысып отырады. Солардың бірі Жамбылға «Сіздің құралыңызды қалайда өндіріске енгізуге әрекет жасаймыз. Бірақ, алдыңызда үлкен кедергі бар. Бұза алмасақ, өкпелемеңіз» дегенін бірге болған ғалымдар айтып отырушы еді. Жамбыл сол кедергіні бұзу үшін бақандай он жылын сарп етті. Табанынан таусылып жүріп 1996 жылы ғана Ресейдің «Патент және тауар белгісі» комитетінен, 1977 жылы және 2001 жылдары Қазақстан Ұлттық патент ведомствосынан авторлық патентке қол жеткізді. Жамбыл Мәскеу, Алматыны айтпағанның өзінде мына тұрған Шымкенттен 100 шақырым қашықтықтағы ауылда өмір сүрді ғой. Одақтық, республикалық ведомстволармен күнделікті байланыс оған оңай соққан жоқ. Дегенмен, төзімін ту етіп, қиындықтарға төзе білді.
Жамбыл бірсыдырғы, таза киініп жүретін сырбаз жан еді. Оның жүріс-тұрысының өзі көпшілікті тәнті ететін. Біздің түсімізге де енбеген КСРО және Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі атанды. Омырауына бірнеше медаль тақты. Республикалық шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің 1 сезіне, КСРО халық ағарту қызметкерлерінің ҮІ сьезіне делегат болып қатысты. Облыс әкімінің степендиясын алды. Сонда да «мен мынадаймын» деп асып-тасығанын көрмеппіз.
Жалпы, Жамбыл жасын ғұмырының 47 жылын жастар тәрбиесіне арнады. Осы және жоғарыдағы еңбектері бағаланып, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің музейі оған арнап «Әмбебаб тригономер» атты бұрыш ашты. Өзі талай жыл басқарған мектептегі математика класына Жамбыл Еркебайұлының есімі берілді.
Міне, осындй арда азамат есімізден шықпауы тиіс. Әкім де, министр де ұстаз тәрбиесімен жетіледі. Сондықтан, біз қашан да ұстаз алдында қарыздармыз. Көпшілік осыны ұмытпаса екен.
Төреш БОРАНБАЙҰЛЫ,
Бөржар ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ордабасы ауданының құрметті азаматы.