ЖЕТПІСІНДЕ ЖҮГІРГЕН ЖІГІТ

9411
Тамылжыған тамыз айының жетісінде асқар таудай ағамыз — Асқар Әлихан 70 жасқа толып отыр. Қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген ол жастайынан өнер, білімге айрықша құштар болып өскен. Сөйтіп, орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін екінің бірінің қолы жете бермейтін шалғайдағы Ресейдің солтүстік астанасына аттанған. Сондағы Ленинград мәдениет институтында (қазіргі Санкт-Петербург мәдениет және өнер университеті) тәлім-тәрбие алған. Бұған қоса-қабат композитор, педагог, дирижёр, қоғам қайраткері, музыкалық жазушы Николай Андреевич Римский-Корсаков атындағы консерваторияны бітіріп шығады. Театрландырлған мерекелер мен концерттік бағдарламалар режиссері атанады.
Жас маман 1986 жылдан Шымкент қалалық мәдениет бөлімінде қызмет істей бастайды. 1993-1998 жылдары қаладағы мәдениет сарайының директоры болады. 1998-1999 жылдары облыстық мәдениет басқармасына басшылық жасайды. 1999-2001 жылдары Түркістан қаласы әкімінің руханият мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Кейіннен облыстық опера және балет театрының тізгінін қолына алады. Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болашақ өнер иелеріне ұстаздық етуде.
Облыс пен Шымкентте өткен бірде-бір аса маңызды мәдени іс-шара Асекеңнің қатысуынсыз өткен емес десек, әсте жаңылыса қоймаспыз. Ақын-жазушылар мен өнер адамдарының шығармашылық кештерін ұтымды ұйымдастыруымен көзге түсіп жүрген жан. Кезінде «Наурыз» атты мәдени-этнографиялық орталық құрғаны бар. Туған халқымен қайта қауышқан Әз Наурыз мерекесін жаңғыртуға белсене атсалысқан. «Атамекен ән-жырлары», «Желсіз түнде жарық ай», тағы басқа концерттік бағдарламалар қойған. Тәбәрік Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын аса жоғары талап деңгейінде өткізуге ұйытқы болған. Ордабасы ауданындағы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биді еске алуға арналған салтанатты, Алматыдағы «Наурыз тойы — Тайбурыл», «Ордабасыға оралу», көршілес Өзбекстанның астанасы — Ташкентте өткен өнер мерекелерін, Қырғызстандағы Манас батырдың 1000 жылдық мерейтойын, Санкт-Петербургтің 300 жылдық мерейтойын , тағы басқа да көптеген ізгілікті де игілікті іс-шаралардың басы- қазында жүргенін жұрттың бәрі жақсы біледі.
Ресей Театр қайраткерлері, Қазақстан Музыка қайраткерлері одақтарының мүшесі. Халықаралық Психология ғылымдары академиясының академигі. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрліктерінің Құрмет грамоталарымен, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының грамотасымен, тағы басқа да көптеген марапаттардың иесі.
Кез келген мәселе жөнінде өзіндік ой-пікірі, көзқарасы қалыптасқан Асекеңді үлкен-кішінің бәрі ерекше құрмет тұтады. Жетпіске келсе де қазақ өнері деп жан күйдіріпп жүгіріп қызмет істеп жүрген жігіт ағасын өзгелер қатары біз де айтулы мерейтойымен шынйы құттықтап, шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз!
Әбдісаттар ӘЛІП.
Шымкент қаласы.