Басты Шымкент АЗАМАТТАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ЖЕКЕ БАҚЫЛАУЫНДА БОЛАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бүгін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Әкім қабылдауына келген қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді.
Қабылдауға келгендердің дені жұмыссыздық мәселесін алға тартса, бірқатары коммуналдық қызметтердің сапасы мен қоғамдық көлік мәселесін жолға қою, тұрғын үй және мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау туралы мәселесімен жүгінді. Ал, бірқатары мегаполисті дамыту бағытында өз ұсыныстарын айтты.
Қала басшысы тұрғындарды толғандыратын мәселелер мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, азаматтардың өтініштері қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатынын түсіндірді.
Жұмыссыздық мәселесін шешу бойынша жауапты тұлғаларға халықты нәтижелі жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, шаһар басшысы тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмектің жай-жапсарын түсіндірді.
Ерлан Қуанышұлы бүгінгі қабылдау кезінде айтылған азаматтардың мәселелерін шешу оның жеке бақылауында болатындығын және олардың әрқайсысы үшін елдің заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес нақты шаралар қабылданатынын айтты.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі