Коронавирустан қайтыс болғандардың саны 2440 адамнан асты

926
Бүкіл дүниежүзін дүрліктірген коронавирустан соңғы деректерге сәйкес, 2442 адам көз жұмды. Қытайдың мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті аталған дерт туралы тың мәліметтермен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Соңғы мәліметтер бойынша, қауіпті дертті жұқтырғандардың саны жобамен 77 мың адамға жеткен. Ал 2442 науқас қаза тапты, деп жазады РИА Новости.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта 10 мыңнан астам пациент медициналық мекемелерде ауыр халде емделіп жатыр. Осы уақытқа дейін 22,8 мыңнан астам адамның ауруханалардан шыққаны анықталды.
Басылымның мәліметінше, Хубэй провинциясынан басқа аймақтарда коронавирусты жұқтырғандар азайып келеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың 22 ақпанында Қытай Халық Республикасының 21 провинциясында бірде-бір инфекция тіркелген жоқ.
Сонымен қатар, Оңтүстік Кореяда короновирусты жұқтырғандардың саны өсуде. Қазіргі уақытта қауіпті дертке шалдыққандардың саны 556-ға жетті. Соңғы 24 сағат ішінде 120 астам науқас жаңа вирусты жұқтырған.
Жалпы, Кореяда коронавирус Тэгу (93) және Кенсан-Пукто (20) аймақтарында тіркелді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қытай түрмелерінде де коронавирус жұқтырғандар саны артып жатқаны хабарланды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қауіпті індет 500-ден астам сотталушыдан анықталған.
Қытайдың Әділет министрі Хэ Пиннің айтуынша, індет жұқтыру дерегі Хубэй, Шаньдун және Чженцзяндағы бес түзеу мекемесінде тіркелген.
Вирус анықталған сотталушылар емделу үстінде. Қазіргі уақытта түзеу мекемелерінде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар жоқ.