Тәуелсіздік таңынан кейінгі жылдардың бедерінде Жамбыл облысын сегіз әкім басқарып, тоғызыншы болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Бердібек Мәшбекұлына дейін өңір тізгінін ұстаған әкімдер арасында Асқар Мырзахметовтің еңбегі ел есінде ерекше қалғаны даусыз. Әсіресе, көне шаһарды көркейтуге қосқан үлесін бүгінгі жұрт таңды-таңға жалғап айтуда. Әрине, әлеуметтің әлеуеті үшін жасалған жақсылықтар жұрт жадында жатталып қалары анық. Десе де, облысты 2 жыл 1 ай басқарған Асқар Исабекұлының артында қарт Тараздағы құрылыстан басқа не қалды? Әкім неден ұтты, неден ұтылды? Қай салаға көп көңіл бөліп, қай тұстар ұмыт қалды?
Әкімдерге үнемдеуді үйретті
Асқар Мырзахметов қаңтар айында алғаш қызметіне кіріскенде ең әуелі бүтіннен «бүлінген» жері көп қазына қаржысын қайта қарады. Әр саланың бөлінісіндегі бюджеттік өтінімдерді сүзгіден өткізіп, әрбір тиынды үнемдеуге кірісті. Бюджеттің тиімділігін арттыру үшін арнайы регламент қабылдады. Онда салынатын нысандардың құнын оңтайландыру үшін құрылыстың параметрлеріне қатысты талаптар бекітілді. Нәтижесінде, 134 жобаның құны оңтайландырылып, 11 миллиард теңге үнемделді. Оның ішінде Мойынқұм ауданындағы көпір құрылысына қаралған 1 миллиардқа жуық сома жарты бағасына дейін төмендетілді. Сондай-ақ Жуалы ауданындағы 80 орынды мектептің құрылысының алғашқы құны 620 миллион теңге болса, ол 290 миллион теңгеге дейін қысқартылды. Осы тектес Қордай ауданындағы 150 орынды мектептің құрылысына 962 миллион теңгеге өтінім берілсе, жіті тексерістен кейін аталған нысанды 465 миллион теңгеге тұрғызуға болатыны анықталды. Осылайша, бюджеттің бір тиынына дейін түгендеп, үнемдеуге көшкен әкім мердігерге мақсатсыз берілмек болған барлық қаржыны кері қайтарды. Соның салдарынан жүгенсіз кеткендер жөнге келіп, әкім қаралар етек-жеңін жия бастады.
Артынша Асқар Исабекұлы қала және аудан әкімдерінің жұмысын арнайы алгоритммен бағалау жүйесін енгізді. Бірнеше тармақ пен талаптан тұратын бұл бағалауға бастапқыда көпшілік бой үйрете алмағанымен, кейіннен әкімдер ұпай жинау үшін жан салды. Бұл жүйе шенділердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, әр салаға серпін әкелді. Екі жылдың ішінде бұған елдің де, ел тізгінін ұстаған азаматтардың да еті үйренді. Әрі нәтижесін бұқара көріп, бас бармақпен бағалады.
Бес жылда бағынбаған белес
Осындай жіті қадағалаудан кейін экономикалық өсім 105,7 пайызды құрады. Оның ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға, құрылыс 9,2 пайызға, көлік 3,6 пайызға, сауда 4,5 пайызға және байланыс 6,4 пайызға артты. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция да 15 пайызға көбейді.
Әкім бюджеттік кірістің де көлемін ұлғайтудың тетігін тапты. Мәселен, бюджеттік кіріс 458,7 миллиард теңгені құраса, меншікті кіріс 51,8 миллиард теңгеге жетті.
Асыраушы сала алшаң басты
Асқар Мырзахметовтің оң жамбасына келетін сала ауыл шаруашылығы екені белгілі. Үкіметтегі соңғы қызметі де осы бағытта болғандықтан, Мемлекет басшысы оны аграрлық аймаққа әкім қылып жолдағаны да тегін емес еді. Бұл сенім ақталған сынды. Олай дейтініміз, екі жылдың ішінде Асқар Исабекұлының көзі де, өзі де аграрлық салада болды. Ең әуелі әкім егістік алқабын 18 мың гектарға ұлғайтып, озық технологияларды енгізу арқылы үдемелі бақтардың үлесін 40 пайызға көбейтті. Суармалы жерлерді арттыру үшін механикалық жасақ құрып, 93 шақырым арна тазартылып, 6,2 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді. Қант қызылшасының көлемі 135 мың тоннаға жетті. Соңғы 2 жылда 25 кооператив құрылып, олардың жалпы саны 55-ке жетті. Онда 13,3 мың тонна сүт, 4,5 мың тонна ет өндірілді. Ет экспортының 43 пайызы былтыр облыс еншісіне жазылды. Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі бойынша республикада бірінші орынға шықты. Алайда Асқар Мырзахметов бұған да тоқмейілсіген жоқ. Жамбылдық тұрғындардың тұрмысын жақсарту жобасын Үкіметте қорғап шығып, өңірге 7,2 миллиард теңге қаржы әкелді. Бүгінде ел арасында «Мырзахметовтің жобасы» атанып кеткен пилоттық бастамаға 10 ауданнан 11 ауылдық округ таңдалып, егін мен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған тиімді несиеге тұрғындардың дені қол жеткізіп үлгерген.
Көпбалалы аналардың алғысы
Тұрғын үй саласына келсек, өткен жылы 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ Президент тапсырмасына орай аз қамтылған және көпбалалы аналарға арналған 11 жатақхананың құрылысы жоспарланса, қазір 4 жатақхана Тараз қаласынан және Жаңатас, Қаратау, Шу қаласынан бір-бір жатақхана ел игілігіне тапсырылды. Міне, осы еңбегі үшін күні кеше қызметінен кеткен Мырзахметовпен көпбалалы аналар жылап қоштасты.
Бұдан бөлек Асқар Исабекұлы жол сапасына да барынша көңіл бөлді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 45 жобаға жан бітірсе, қазір жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 85 пайызды құрап отыр. Бұл республика көлеміндегі үшінші орын.
Көпшілікті көгілдір отынмен қамтуда да көш түзелгені байқалды. Атап айтсақ, бүгінде өңірдегі 377 елді мекеннің 48 пайызы газдандырылған. Ал ерекше айта кетерлігі, Мырзахметов жұмысына алғаш кіріскенде 841 мың халықтың 53 мыңы ауылішілік газ құбыры бола тұра, көгілдір отынның қызығын көре алмай отырған болатын. Экс-әкім компаниялардың тілін тауып, осы мәселені түбегейлі шешті. Дәл сондай 377 ауылдағы 81,5 мың халық су құбыры бола тұра, тіршілік нәріне қол жеткізе алмай жатқан жағдайды да Мырзахметов біржақты етті.
Асқар Мырзахметов екі жылдың ішінде үшауысымды мектеп мәселесін де толықтай шешіп, 95 елді мекенде медициналық нысан салдырып, бұл түйткілдің де нүктесін қойды.
Экс-әкім неден жаңылды?
Мырзахметов әкімдік міндетіне кіріскен тұста өңірдегі жағдай тұрақты болатын. Аракідік ауыс-түйістерге қара халықтың шағымданғаны болмаса, анау айтарлықтай бүлік пен былық болмаған еді. Алайда былтыр Мырзахметовтен маза қашты. Ең алдымен сәуір айында Талас ауданы, Қаратау қаласында 8 жасар қыз зорланып, қатыгездікпен өлтірілгені дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Жоғалған қызды бір тәулік бойы іздеген құқық саласының қызметкерлері оның өртелген денесін қала сыртынан тапты. Бұл оқиға ел ішінде дүрбелең туғызғанымен, қылмысқа жауапты адам құрықталып, жағдай облыс шеңберінде саябырсыған. Кейіннен Шу мен Т.Рысқұлов ауданында да педофилдік фактілер тіркелгенімен, жергілікті билік бұл қылмыстарға да жауаптыларды жазаға тартып, көпшілікті баса білген. Алайда өткен жылдың соңында Тараз қаласындағы мектеп дәретханасында 7-сынып оқушысының зорлануы шектен шығу болды. Оқиға болған күннің ертесіне мектепке жиналған ата-аналар балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған жауаптыларды жазаға тартуды талап етті. Сол күні мектеп директорынан бастап, бірқатар маман қызметінен босатылғанымен бұл бұқараның көңілін орнықтыра алмады. Артынша облыстық білім басқармасының басшысы да өз еркімен жұмыстан кетті. Бірақ халық тыныштала қоймады. Осыны бағамдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласының әкімін де қызметтен алуды тапсырды. Бұл жазаның артынан құқық саласы мен білім беру бөлімінің де басшылары қызметінен кетті. Әрі жергілікті билік облыстағы барлық мектептерге дәретхананы ішінен орнатып беруге уәде етіп, жағдайды қайта қалыпқа түсіргендей болды.
Жалпы, бұл облыстағы кадр мәселесіне қатысты. Президенттің тікелей тапсырмасы болғаннан кейін Асқар Мырзахметовтің жұмысындағы олқылық екені айқын еді. Бұдан кейін Мырзахметов Мемлекет басшысының сеніміне қайта кіру үшін жанын сала жұмыс істеп, халықтың ойын басқа арнаға бұруға тырысқанымен, кадрларынан тағы қадір қашты. Алдымен Меркі ауданы әкімінің орнын 50 мың долларға сатып алмақ болған орынбасардың әрекеті әшкере болса, артынша облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы қазына қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл жағдайды да реттеуге билік барын салғанымен, Қордай ауданындағы қақтығыс «қазанның» қақпағын ашып тастады. Қарапайым текетірестен басталып, соңы ұлтаралық араздыққа ұласқан жағдайға Президенттің тағы араласуына тура келіп, облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасарынан бастап, облыстық Полиция департаментінің басшысы, Қордай ауданының әкімі және аудандық полиция бөлімінің басшыларын бір күнде қызметінен босатты. Сол күні кешкілік Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов те өз еркімен жұмыстан кетті. Жалпы, Асқар Исабекұлының бұлай етпеуден басқа амалы да болмаған шығар. Себебі қасықтап жинаған абыройдың бір сәтте төгілуі кімге оңай соқсын?
Негізі Асқар Мырзахметовтің өңір әкімі кезінде Қордай ауданында тағы бір шулы оқиға болған-ды. Белгісіз азаматтар тұрғындардың үйіне басып кіріп, тонау фактілері жиілеп кеткен еді. Сондай-ақ бір адам ауыр жарақаттан көз жұмған. Бұған еліміздің Ішкі істер министрлігі араласып, арнайы құрылған тергеу тобының күшімен қылмыскерлерді құрықтаған. Одан бөлек былтыр жергілікті құрылыс компаниялары тендер мәселесіне қатысты еліміздің Бас прокуратурасына шағым жолдап, бұл жайт та Мырзахметовтің мазасын қашырған. Осы қырынан келгенде экс-әкім қала құрылысы мен ауыл шаруашылығы саласына баса көңіл бөлемін деп, құқық саласы мен тұрғындар қауіпсіздігі сынды бағыттарды назардан тыс қалдырып қойған секілді. Себебі жоғарыда аталған барлық жайтта тәртіп сақшылары жұмысының салғырттығы анық аңғарылатындай.
Әрине, жақсы кадр жерде қалмайтыны белгілі. Алайда «баға дұрыс болмаса, нарықты бұзады» демекші, басшының қосшылары дұрыс болмаса, тірнектеп жинаған абыройды бір сәтте төгетіні осы жолы анық аңғарылғандай. Осыны Мырзахметов ой елегінен өткізіп, бір байлам жасайтын шығар…
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
Дереккөз:aikyn.kz