АЙМЕН АСУЛАРЫ

2121
Қыста да, жазда да Жігірген ауылына кіреберістегі жотаның басына тоқтап, жан-жаққа таңдана қарап, айнала-төңіректі тамашалап тұрған меймандарды жиі көресіз. Себебі, бұл ауыл түгін тартсаң майы шығатын құнарлы, сұлу табиғаттың төріне, тау бөктеріндегі кең шатқалға жайғасқан.
Былай қарасаң, мәңгілік қар жамылған Тәңіртаудың биік шыңдарын, былай қарасаң, қос өркеші жайылып, шөккен түйе секілді созылып жатқан киелі Қазығұрт тауын көресің. Ал төменде мырзатеректері көкке шаншылып, бау-дарағы иіліп, үй-жайы мен қора-қопсысын көмкеріп қалған Жігірген ауылының күнделікті күйбің-күйбің секілді көрінетін қызу тіршілігі көзге түседі.
Әне, бір үй нан жауып, бір үй бие сауып, тағы бір үйлер тезек илеп, там сылап, шөп жинап жатыр. Міне, осынау тіршілікке жоғарыдан, жотаның басынан қарап тұрғандықтан ба, ойымызға ең алдымен, ел тірегі, ауыл жастарының арқа сүйері атанған аптал ағаларымыз оралады.
Өз басым, бүгін Қазығұрт ауданының орталығында қызмет істейтін Аймен Жиенбайұлы Өсербаев ағамыз туралы ойлап тұрмын. Әдетте ер азаматты ел мақтағанда: «Ақыл-парасаты мол, жаны жомарт, қолынан іс келетін, өз ортамыздан шыққан жігіт қой,» деп бір көтеріліп қалмаушы ма еді. Міне, біздің Аймен көкеміз нағыз сондай азаматтың өзі.
Қайсыбір жылы осы көкемнің мектепте бірге оқыған кластастары ауылға жиналып, мектеп бітіргендерінің жиырма жылдығын атап өткенде, алыстан келген қонақ ретінде араларында мен де болып едім. Сонда Жігіргеннің көшелерін шаңдатып, кішкентайынан бірге өскен қатар-құрбы жігіттер ауыл шетіндегі биік төбенің басына шығып отырып, сол баяғы балалық шақтарын еске алған-ды.
Бір қызығы, біздің өлкедегі тау шатқалдарын жайлаған әрбір ауыл – ежелден келе жатқан бір-бір рудың мекені. Сондықтан да, ер балалар ес жиып, етек жапқаннан бастап көрші ауылдардың қыздарына көз салып, ол жақта той-томалақ бола қалса, құлақтары елеңдеп, көңілдері алып-ұшып тұрады.
Сөйтіп, қас қарая Жігіргендегі ағалы-інілі батыр, жайдақ руларының жігіттері қыр астындағы Көкібелге немесе Майбұлақ ауылдарына қарай асады. Себебі, ол жақта батыр, жайдақтармен қыз алысатын бағыс, оймауыт рулары тұрады. Бұл ауылдар ерте замандардан бері бір-бірімен құда, құдағи, нағашы, жиен болып, тонның ішкі бауындай біте қайнасып кеткен.
Бірақ, жастың аты қашанда жас. Қас қарая өз ауылдарындағы тойға топырлап келе қалған бір топ балаға бағыстың немесе оймауыттың балалары қарсы шығып, алғашқыда: «Неменеге келдіңдер?», «Біздің қарындастарға
қырыңдамақшысыңдар ғой, ә?!», «Жандарыңның барында келген жақтарыңа тез қайтыңдар!» деп доқ көрсетеді.
Міне, осындай кездерде: «Әй, балдар, ертең сендер де біздің ауылдағы тойға келесіңдер ғой!» деп араға түсіп, келіссөз жүргізетін де, келіспей қалса, жекпе-жек төбелеске шығатын да осы Аймен көкем екен.
«О-о, бұл әлі де шымыр ғой!» деп, кластастары оған қазір де қызыға қарайды.
Аймен көкем болса, оларға жауап қатпай, жымиып қоя салады. Жалпы, көп сөзге үйірсектігі жоқ кісі ғой. Одан да оны қызу жұмыс, қат-қабат қызмет үстінде көріңіз. Айтқанын шегелеп, нақтылап айтады. Өзіне тиесілі жұмысын тап-тұйнақтай етіп атқарады. Кейінгілерге жүк қалдырмай, бәрін рет-ретімен бітіреді.
Әскерден соң Аймен көкем Алматыдағы әйгілі Зооветке – малдәрігерлік институтқа түскен. Оқу-білім десе әрдайым ұмтылып тұратын талапты жігіт оны қызыл дипломмен үздік бітіріп шықты.
Баяғыда ауылдағы бозбалаларды Көкібелдегі, Майбұлақтағы, одан ары асып, Қызылата ауылындағы тойларға бастап барып жүретін батыл, ержүрек Аймен көкем кеңшар орталығындағы мектепте өзімен бірге оқыған орта бойлы, қараторы, сүп-сүйкімді, өзі де, сөзі де пысық Фатима деген қызға үйленді.
Фатима жыр-дастандары тек қазаққа ғана емес, көршілес жатқан өзбек, қырғыз жұртына да кең тараған Тасболат ақынның кенже қызы. Мамандығы – мұғалім. Бойында әкесінен дарыған ақындық қасиет бар. Реті келген жерде тартынбай, шумақ-шумақ өлеңді төгіп-төгіп тастайды. Жалпы, ауылға, абысын-ажындарына сол қасиетімен де сыйлы келін.
Аймен көкем институтты бітіріп келгеннен кейін өзінің еңбек жолын сол кездегі ең ірі шаруашылықтардың бірі «Күйік» кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы болып бастады. Көптен бері ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан ағаларынан үлгі алып, шаруашылықтың қыр-сырын үйреніп, тәжірибелі мамандар мен еңбекке енді араласа бастаған жастардың арасында алтын көпір бола білді десек, артық айтқандық емес.
Бүгінде Пайғамбар жасы 63-ке келіп отырған Аймен Жиенбайұлы Өсербаев өзі жүріп өткен еңбек жолындағы ұстаздарын ыстық ілтипатпен, ерекше құрметпен еске алады.
— Сол бір жылдары «Күйік» кеңшарында партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеген Балтақара Оразов ағамыз көпшілікпен емен-жарқын араласатын ақ көңіл, жаны жомарт кісі еді, — дейді өткен күндерді көз алдына елестетіп отырып. – Алдына келген адамның ойындағы ісін айтқызбай-ақ түсінетін Балтекең сияқты азаматтар өмірде өте сирек кездеседі. Ол кісі сөзге шешен, ойға жүйрік болатын. Сол қасиетіне сүйсінген жұрт: «Балтекең сөйлегенде көктегі қалқып жүрген қыран да қалт тоқтап, ұйып тыңдап қалады,» деуші еді. Біз Балтекеңнен ел-жұртпен қалай араласып, қалай сөйлесуді үйрендік. «Ет жүрегің ел деп соқпаса, сені ешкім де түсінбейді,» деуші еді ағамыз.
«Күйік» кеңшарында жастық жалынымен көзге түскен тиянақты жігітті аудандық партия комитеті көп ұзамай-ақ «Қарабау» тұқым шаруашылығына бас зоотехник етіп жіберді. Ол жерде Аймен көкем кеңшар директоры болып істейтін ел ағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жолдас Әлхановтың қарамағында болды. Жөкең бұрын бірнеше ауданда бірінші хатшы болып істеген тәжірибелі, әділ, білімді де білікті басшы еді.
— Ол кісі бізді әділ болуға, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, тура жолдан бас тартпауға тәрбиеледі. «Ел алдында ар-ұяттарың таза болсын,» деуші еді үнемі, — деп еске алады Аймен көкем. – «Қарабауда» біраз игілікті істерді атқардық. Содан да шығар, еңбегімізді ел бағалап, күні бүгінге дейін ыстық ықыласпен еске алып отырады.
1988 жылдан бастап Аймен көкем, қызметтік этикаға сүйеніп айтсақ, Аймен Жиенбайұлы Өсербаев партия қызметінде болды. Нақтысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
— Сол жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы болған Молдабай Ілиясов ағамыздан көп үлгі алдық, — дейді Аймен көкем. – Молдекеңнің адамгершілік, қайраткерлік қасиеттері – үлкен мектеп қой. Ол кісі «Жеті рет өлшеп, бір рет кескенді» ұнататын өте ұқыпты, елге сыйлы, тәжірибелі басшы болды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Аймен Жиенбайұлы Өсербаев тәжірибелі маман ретінде аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі болып қызмет атқарды. Алыстағы шопан қыстауларын, таудағы жайлауларды аралап, қиын-қыстау кезеңдерде қарапайым еңбек адамдарына қол ұшын созып, көмегін аяған жоқ.
1998 жылы аудан әкімі аппаратының жетекшісі болып тағайындалды. Бұл енді, аудандағы құзыреті мол, қиын да күрделі жұмыс еді. Аймен Жиенбайұлы оны да абыроймен атқарды.
Сөйтіп, 2010 жылы аудандағы ең үлкен бөлімге, атап айтқанда, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне басшы болып келді. Негізінен ел ішіндегі тұрмысы төмен, материалдық көмекке зәру отбасыларына қолдау көрсетіп, жұмыспен қамтумен айналысатын бұл бөлімнің қызметі де, жауапкершілігі де мол екені анық.
Аймен Жиенбайұлы жетекшілік ететін Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі облыстағы аудандар арасында жыл сайын рейтингілік көрсеткіштері бойынша алдыңғы орындардан көрініп келеді.
Аудан орталығындағы Қ.Сәтпаев атындағы мектепте ұстаздық етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, дарынды ақын, бірнеше өлеңдер кітабының авторы Фатима жеңгей Тасболатқызы бұл күнде зейнеткерлік демалыста. Аймен көкем екеуі тәрбиелеп өсірген үш ұл, үш қыздың барлығы да жоғары оқу орындарын бітіріп, әр түрлі салада еңбек етіп жүр.
Өткен жылы Аймен Жиенбайұлы Өсербаевтың халық шаруашылығына сіңірген көп жылдық еңбегі ескеріліп, аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Телғараевтың ұсынысы бойынша аудандық мәслихаттың 11-қараша 2019-жылғы шешімімен «Қазығұрт ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Алпыс үш – Пайғамбар жасы. Өткенге шүкіршілік етіп, соңыңдағы қалған ізге көз салып, ойланатын шақ. Асылы, Аймен көкем жүріп өткен жолдағы асуларға қарасаң, көңілің сүйсінеді. Аяғын жерге, арқасын елге тіреп, аянбай қызмет еткен азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Нұрғали ОРАЗ,
жазушы, драматург,
Халықаралық «Алаш» және М.Қашқари атындағы сыйлықтардың лауреаты. Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы.