Өмірзақ Шөкеев Түркістандағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысты

1372
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласында биыл пайдалануға берілетін тұрғын үй құрылысы нысандарын аралап, сапасын тексерді. Сондай-ақ сала басшылары мен мердігер компаниялардың қожайындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде облыс орталығындағы әкімшілік-іскерлік орталық аумағында 7 қабатты 14 тұрғын үйдің және 12 қабатты 40 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнымен қатар Батыс Қытай – Батыс Еуропа тасжолының бойында 7 қабатты 10 тұрғын үй бой көтерді. Жаңа баспаналарды салу жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде. Бұған қоса, қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағынан жеке құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен 12 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысын жүргізсе, жыл соңына дейін 12 тұрғын үй тапсырылады деп жоспарланып отыр. Жалпы құрылысқа 600-ден астам жұмысшы жұмылдырылған.

Нысандардың сапасын көріп шыққан Өмірзақ Шөкеев мұндағы жұмыстардың баяу жүріп жатқанын айтып өтті. Мердігерлерге нысандарды белгіленген мерзімінде салуды тапсырды. Бұл ретте, сала мамандары техникалық қадағалаушы мекемеге ескерту хаттар жолданып, өндірістік кестеден артта қалып қойған бірқатар мердігер мекемелерге айыппұлдар салынғанын жеткізді. Жауаптылар жұмыс қолының тапшылығы мен қағазбастылықтың қолбайлау болатынын алға тартты. Бүгінде мердігер мекемелер тарапынан тұрғын үй қабаттарының колонналарын көтеру мен қабатаралық жабындарының арматурасын тоқу, бетонын құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа пәтерлерді өз көзімен көріп, жұмыстарды пысықтаған облыс әкімі құрылыс компанияларының басшыларына жұмысшылар санын арттыруды және инфрақұрылымдық жүйенің тұтынуға сақадай сай болу керегін қадап айтты.