Басты Қазақстан Ермек Тұрсынов «кино түсіргіштер» жайлы: Олардың таратып жүргені – у

Ермек Тұрсынов «кино түсіргіштер» жайлы: Олардың таратып жүргені – у

1122
«Тапсырыстан ешқашан шедевр шықпайды».
Informburo.kz кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың Жетісу телеарнасына берген сұхбатында айтқан өзекті ойларын ұсынып отыр.
Ермек Тұрсынов – кинорежиссер, сценарист, жазушы. «Келін», «Шал», «Шырақшы», «Кемпір», «Киномеханик», «Кенже», «Жат» , «Мамырдың жеті күні» фильмдерінің режиссері. «Жили-были», «Қарашаңырақ», Tamga: stikhi i poėmy, «Мелочи жизни», «Мәмлүк» кітаптарының авторы.
Адамзат қателігі
Адамзаттың тарихы – таусылмайтын, жаңартыла беретін соғыстың тақырыбы секілді. Екінші дүние жүзілік соғыс біткеннен кейін бүкіл әлемде адамзат 26 күн ғана бейбіт өмір сүрген дегенді оқыдым. Қалғанының бәрі – соғыс. Үлкен мемлекеттер тыныш отырса да, әйтеуір бір жерде елдер бірімен-бірі ылғи қырылысып жатады. Мен мұны үлкен қателік деп есептеймін.
Ал екінші жағынан қарасаң, кез келген соғыс мәдениетті алға жылжытады. Мәселен, кезінде Шыңғыс хан Қытайды тізе бүктіргеннен кейін Еуропаға бет бұрғанда, өздерінің мәдениетін Еуропаға апарып, Еуропаның мәдениетін өздеріне сіңірген. Осындай қызықтар да бар. Сондықтан, мұның бәрі бір-бірімен байланысып жатады. Соғыс негізі қате ғой, үлкен қате – адам қырылып жатады. Дегенмен, кейбір ұтымды жерлері де бар.
Ұлт қателігі
Үш жылдай араб елдерін араладым. Мәмлүктеріміздің ізімен бардым. Бейбарыстың тарихын зерттедім. Сонда Қазақстандағы деректердің бәрін оқығанан кейін бітіп қалды. Көбіне арабтардың қолжазбасына сілтеме берген. Каирге бардым. Елшіліктегі Бағдат Әміреев деген өте бір жақсы адаммен кейін дос болып кеттік. Елші болып істеген адам болатын. Ол мені жақсы қабылдап, сол жердегі арабтанушылармен, мәмлүктанушылармен, бейбарыстанушылармен, зерттеушілермен таныстырды.
Сонда зерттегенімде бір қызық оқиғаға көзім жетті. Іздерімен зерттеп, жүре-жүре Иорданияның бер жағында, Иордания мен Палестинаның ортасында кішкентай бір Айн-Жалут деген ауыл бар. Сол ауылдың маңында ХІІ-ХІІІ ғасыр арасында бір үлкен соғыс болған. Көп қан төгілген. Сонда моңғолдардың қолын Құбылай бастаған. Құбылай келіп, мәмлүктерден Бейбарыс шығады да, бір-бірімен қырылысады. Сол соғыста моңғолдардың әскерінің 90 пайызы түркі тектес елдердің өкілі болатын. Көбіне қыпшақтар. Ал мына жақ Бейбарыстың қол астындағылардың көбісі (95 пайыз) түріктер болды. Кезіндегі қыпшақтар, Қыпшақияда шыққан кішкене балалар бірігіп, әскер болып, бір-бірімен қырылысқан.
Былай қарасаң, бұлардың бәрі қандастар. Сол қандастар, ағайындар бір-бірімен қырылысып, Иерусалимді қорғамақшы. Мына жақтан моңғолдар Иерусалимді алмақшы болып, қан төгіседі. Осы деректер қазақтың тарихында болған жоқ. Мен тапқан жоқпын.

Сонда мен кәдімгідей таң қалдым. Соғыс болған жазық жердің ар жағында Израиль, бер жағында Иордания, мына жағында Сирия жатыр. Осы айдала ит өлген жерде қазақ бір-бірін қырып, үлкен қантөгіс болған. Осы жөнінде мен кино түсірейін деген ойға келдім. Бұл да бір тарихтың үлкен қателігі емес пе?

Ал енді бүгінгі күнге көз жүгіртсек, қантөгіс соғыс басқа форманы алып, жалғасып жатыр. Біз қазақ ылғи сырттан жау іздейміз. Оны іздеудің қажеті жоқ. Байқағаным, қазақ өз-өзіне жау болып отыр. Әсіресе, Израильде жүргенде, Америкада тұрғанда мұны жақсы байқадым. Кішкентай бала мектепте талантымен көзге түсіп, артықшылығын біреуге көрсетсе, оған бәрі көмектеседі. Мұғалімдер, үйдегі ата-ана болсын, оның талантын бірден байқап, өсіре бастайды. Бізде менің байқағаным, біреу суырылып шыға келсе, қалғандары жабысып, артқа тартады. Тоқтатуға күш салады.
Мен мұны неге айтып отырмын? Кезінде «Келін» деген киноны түсіргенде үлкен бір дау болған. Мен 12 жыл Америкада тұрып, елге келгеннен кейін бірден кино түсірдім де, аяқ астынан үлкен дау шықты. Шетелге барғанда осы киноны барлық ел – Италия, Жапония, Қытай, Америка жақсы қабылдады. Алайда өз елім киноны дұрыс қабылдамады. Тіпті, депутаттар бәрі бас қосып, прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хат жазып, тергеу басталды.

«Келін» фильмі «Оскарға» барып, тоғыздыққа енді. Ақтық сынға дейін барды. Енді-енді алайын деп тұрғанда «Оскар» комиссиясына Қазақстаннан хат түседі. Депутаттар хат жазған екен. «Қазақстан бұл конкурстан бас тартады, біз келіспейміз. Бірдеңе болып жатса, киноны мойындамаймыз» деп алып қалған.

Қазір Димаш деп қуанып жатырмыз. Ал Димашты қазаққа мойындатқан – Қытай. Қытай болмаса, Димашты біз бәріміз баяғыда «жеп қояр едік». Сол ауру бүгін де жалғасып жатыр. ХІІ ғасырдан ХХІ ғасырға дейін соғыс болмаса да, арамызда бір жаман дәстүрлер жалғасып жатады.

Үш жыл Америкада, үш жыл Еуропада, төрт жыл Мәскеуде тұрдым. Араб елдерін араладым. Сол елдерде әртүрлі мәдениет пен дәстүрді көресің. Қайтып келгенде қарасам, қазақ өзгермеген. Қазақ сол бұрынғы қалпы. Талқылап жүрген тақырыптары сол баяғы «қотырды қасу» – «әліппені ауыстырайық, қазақтың тілін көтерейік, бәрі қирап жатыр, қытайлар қаптап кетті»…

Мен кетерде, он екі жыл бұрын сол тақырыптар талқыланып жататын. Қайтып келсем, сол баяғы жерде отыр екенбіз. Бірақ, сыртта жүрген мына киіміміз өзгерді. Мініп жүрген мәшинелеріміз өзгерді. Пайдаланып жүрген ұялы телефондарымыз бен гаджеттеріміз, компьютерлеріміз өзгерді. Бағдарламалардың бәрі өзгеріп жатыр да, біз өзіміз өзгеріп жатқан жоқпыз. Біз басқалар ойлап шығарған дайын нәрселерді ғана пайдаланамыз. Басқалардың бәрі өзгеріп, жаңарып жатыр, тек қана біз әлемге «анау онша емес, мыналардыкі онша емес» деп сын көзбен қараймыз. Ал өзіміздің жетістігіміз жоқ. Бізді құтқаратын тарих. Қазіргі уақытта мақтанатын ештеңеміз жоқ. «Біз кезінде жоңғарларды қырғанбыз. Қытайларды сөйтіп едік» дейміз.
Тек қана технология емес, дүниетаным, көзқарасымыз баяғы ХІХ ғасырдың қасында жүр. Себебін білмеймін. Ол мен үшін үлкен құпия. Біз бөлек планетада өмір сүріп жатқандаймыз. Алматыда, елордада болсын, үлкен кабинеттерге кіріп, үлкен адамдармен араласамын. Солардың да талқылап жатқандары сол баяғы тақырыптар. Мен соған таң қаламын. Егер жаңа бір нәрсені айтып жатсаң, қарап қалады. Сонан кейін өзің туралы неше түрлі мақала оқисың. Іштен шыққан жау десем, «қазаққа тіл тигізесің» дейді. Дос жылатып айтады.

Біз талқылап жүрген тақырыптарымыздың салмағы өте кішкентай. Біз мына әлемдегі қортықпыз. Қазақтардың бәрін бір жерге жинаса, он екі ақ миллион шығады. Он екі миллион дегеніміз – Мәскеудің жартысы. Бәріміз Шанхайдың бір көшесіне сыйып кетеміз. Менің таң қалатыным – біз артта келе жатып, өзгелерді сынаймыз ғой.

Біздің қателік
Бұл жерде халықты кінәлаудың қажеті жоқ. Элитамыздан айырылып қалдық. Қазір элита кім? Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі… Халық көбіне соларды тыңдайтын болды. Оларға қой дейтін адам жоқ. Қазір ондай заң жоқ. Сен оған «өлең айтпа», «сен мына кітапты жазба» немесе «мына киноны түсірме» деп бұйрық беріп, оны тоқтата алмайсың.

Бостандықты дұрыс түсінбейміз. Бостандық деген – үлкен жауапкершілік. Өз-өзіңнен «менің айтарым бар ма, мен өстім бе?» деп сұрауың керек. Қазір микрофонның алдында кезек жоқ. Интернет деген не? Ол – кезексіз микрофон. Бәрі келіп, жабылып айта береді. Ал кезінде біреу саған сөз беріп жатса, сөз беруге жарайтын дәрежеге алдымен жетіп алу керек қой. Ал қазір бәрі бірдеңе айтып жатыр. Тыңдап жатқан ешкім жоқ. Әркім бірдеңені айтқысы келеді.

Бір мақала жаздың ба, сосын пікірлерін оқышы. Басың айналып кетеді, бәрі білгіш. Содан кейін кез келген тақырыпты бәрі біледі. Саясат болсын, футбол болсын, Головкин біреудің мұрнын бұзып, біреуді жеңіп тастаса, астанада Тоқаев біреуді ауыстырып жатса да…
Бәріміз жабылып талқылап жатамыз. Кеңес береміз. Ақылдымыз ба? Егер ақылды болсақ, сонша сөз болмайтын еді ғой. Ақылды адам үндемей отырады.
Кез келген қой шопанды құдай деп ойлайды. Сөйтеді де, соның жанында жүрген ешкіні оның генералы деп ойлайды. Сол, қорытындысын келтіріп айтқанда.
Біз адасып кеттік. Мен «Шал» деген киноны түсіргенде сол ойды айтып, жеткізгім келіп еді. Мені көрермен түсінбеді. Бүгіннің өзінде де жұрт сыртта қалған сюжетті айтады, ар жағында қандай ой жатқанын ешкім түсінген жоқ. Айтайын дегенім қасқырларды сойып, қылқындырып өлтіріп жеңіп шыққан шал емес. Анығында ол шал жеңіліп қалды. Неге десеңіз, шал, сол баяғы ауылдың ақсақалы, өз жерінде өзі адасып жүр ғой. Өз жерінде қалай адасады? Далаға шығып қойын бағып жүргенде тұманға түседі де, адасып қалады. Адасқаннан кейін адамды іздейді. Адамдарға қалай шығамын деп жол іздейді. Таба алмай жатады ит боп. Содан кейін Құдайға жалбарынады. Біз өзі құдайымызды сатып, басқа құдайдың тілімен намаз оқып жүрміз. Кинодағы шал: «жарайды, мен жеңілдім, өз жерімде адасып қалдым» дейді. Ендігі бар үміті – немересі. Немереге не қалдырмақ? Сол қазіргі біздің жағдайымыз.

Шалдарымыз өз жерінде адасып жүрсе, бізден не сұрайсыз? «Бізде шалдар көп те, ақсақалдар аз» деп айтқаным бар. Ақсақал дегеніміз көп жасаған адам емес қой, оның ар жағында үлкен ұғым бар. Солардан айырылып қалдық. Кезінде мен ауылда тұрғанда, тіпті мектептің бас директоры тойларда, үлкен жиындарда болсын, тіпті көрші ауылдың, совхоздың төрағасы, ауданнан лауазымды адам келсе, сөзді ауылдың ақсақалдары бастайды. Араша түскенде ақсақал сөз айтады. Ақсақалдың сөзін тыңдайды. Қазір ондай ақсақалдар жоқ. Ешкім қалмады. Солардың орны бос боп қала бермейді ғой. Ол бос орынға басқалар келіп отырып алады.

Былтыр біз, киногерлер одағы қорытынды жасадық. Қазақстанда 76 толық метрлі кино түсірілген. Биыл – 44. Саны көбеймеген. Мен тоқсаныншы жылы Мәскеуден оқу бітіріп келгенде бір ғана толық метрлі кино түсірілді. Ал бүгін қарасаң, саны көбейді де, сапасы қалып қойды? Аттарына көз жүгіртейікші. Қандай кинолар түсіріліпті. «Не египте мне мозги» деген кино шықты. «Гламур для дур», «Аташка на хайпе». Соны түсіретіндер кеше КВН-де жүріп, той бизнеске айналған шоу бизнестің өкілдері.
Кезінде бір ақылды адам «қисық аяққа қызыл кебіс не керек?» деп айтушы еді. Мен, мәселен, өлең айтуды жақсы көремін. Бірақ, дауысым жаман. Сонан соң көпшіліктің алдына сахнаға шығып өлең айтпаймын. Ал бұлар ештеңеден қорықпайды. Кино түсіреді. Анығында мұны ауыз толтырып кино деп айта алмайсың.

Бұл кино емес, бұл – басқа нәрсе. Оған өзге ат табу керек. Бұл мазақ. Олардың таратып жүргені – у. Бірақ олар өз-өздеріне баға бере алмайды. Оларға «қойыңдар, бұлай болмайды» деп біреу айту керек. Олардың таратып жатқандары кәдімгідей күлкі. Көбінесе комедия дейді. 90% – комедия. Бірақ бұл күлкі емес, бұл жай ғана ыржың-тыржың, мағынасыз арзан бір күлкі.

Күлкі де әртүрлі болады. Қазақ әзілге өте жақын халық болатын. Қазақтың күлкісі, қалжыңы, әсіресе, құрдастардың қалжыңы – өте терең ой. Күлкі жай ғана ыржың емес, оның астарында ой жатады. Бірдеңе айтқың келсе, терең ой болып жатса, тек қана сыртта қалған «ыржыңбайский» нәрселерге күлі емес, жылау керек қой. Біз кезінде киноға барғанда бір жарым сағат миымызды қосуға баратынбыз. Қазір бір жарым сағатқа миыңды өшіріп тастайды. Ол не деген нәрсе? Мұны кино деп те айта алмайсың. Бәрі кино түсіргіш болып алды.

Кітап сататын дүкендерге барсаң, осы кино түсіргіштердің жартысы кітап жазғыш болды. Кітап жазғыштардың бәрі әдебиет емес қой. Бәрі араласып кетті.

Бостандықты көбісі дұрыс түсінбей қалды. Бостандықтың арғы жағында жауапкершілік жатыр. Егер өзіңе жауапкершілікпен қарасаң, не істеп жатқаныңды өзің де біле алмайсың. Оларда көбінесе еліктеушілік бар. Білім жоқ.
Кино – үлкен өнер. Қанша оқу керек, білу керек. Мәселен, дәрігерді алайық. Дәрігер бес-алты жыл оқиды, содан кейін тәжірибеден өтеді. Оны бірден хирургияға бөліп, операция жасатпайды. Мастерлердің қасында жүреді. Қарайды. Содан өтіп, сіңіріп алғаннан кейін бірінші операциясынжасайды. Жеңіл, оңайынан бастайды. Мұғалімдерді алайық. Кез келген кәсіп болсын, дайындалып барып, сабақ өтеді. Ал киноға келсек, кез келген адам камера сатып алып, киносын түсіре береді. Сосын оны кино деп бүкіл адамзатқа таратады. Бұл қате емес пе? Хирургтың қатесінен адам мүгедек боп қалады не қайтыс болады.

Ал мына кино түсіргіштердің қателерін біз бірден сезе алмаймыз. Ол кейін болады. Олар қазіргі көрерменнің надандығын, қараңғылығын пайдаланып, көрерменнің қалтасын ақтарып отыр. Олардың мақсаты жалғыз. Өнер адамының ар жағында не жатады? Мұңы болады. Бірдеңе айтқым, бөліскім келеді. Сонымен шығады ғой. Ол көрермен қай көзбен қарайды? Менің досым, менің серіктесім. Ол ішінен ақшаны суырып алатын қалта не қапшық емес. Жалғыз мақсат осы болса, оны қолдауға бола ма екен? Бұл –үлкен қателік.

Көрермен кім? Қазіргі көрермен – надан. Қазіргі киноға кімдер барады? 12-18 арасындағы жастар барады. Кассаны солар жасайды. Бұлар бұрынғылардың киносын көрген жоқ. Абдулла Қарсақбаевтардың киносын көрмеді. Олар кітап оқымаған. Мұқағали, Әуезов, Оралхан Бөкейлерді білмейді. Олар қандай ертегіні қарап өсті? Ер Төстікті естімеген, Гарри Поттерді оқыған.

Сондықтан бәрінің басын қосқанда жалпы қарасаң, олар – адасып кеткен ұрпақ. Олар – нағыз мәдениеттің жетістіктерін білмей өскен жастар. Олар алданып отырған соң, бұлар пайдаланып, басқа көзбен қарап отыр. Олар өздерінің көрермендерін сыйламайды. Мал деп ойлайды.

Мысал келтірейін. 1976 жылы Федерико Феллини тірі кезінде Америкадан Римге достары келеді. Ол достарын мәшинесіне отырғызып қыдыртады, Рим әдемі қала ғой. Америкадағы мүйізі қарағайдай режиссерлер мен әртістер Феллиниді мазақтайды. «Бақандай Феллинисің ғой, кинотеатрдағы афишаларда бәрі Американың фильмдері, сенің киноң қайда?» деп сұрайды. Сонда Феллини оларға «сендер ғой менің көрерменімді өлтірген» деп айтады. Соған айналды бәрі. Америкада жүргенде бір отырыста үлкен режиссер қонаққа шақырды. Адам көп. Досым келеді де «әйелі үлкен кісімен танысқысы келеді» дейді. Ол кім десем, кезінде «Санта Барбараның» продюсері болған. Қызық қой. Барсам, арбада отырған, жасы тоқсаннан асқан бір шал отыр. «Сіздің киноларыңызды сүйсініп қараймын» деп қошеметтеп жатыр. Мені несіне мақтайсыз, сіз ғой менің көрерменімді өлтірген дедім. Ол «артық ештеңесі жоқ, тек бизнес» дейді. Бәрі тек қана пайданы, ақшаны ойлап жүрсе, солай қала береді. Тапсырыстан ешқашан шедевр шықпайды.
«Томирис» фильмі

Біріншіден, бұл кино емес, бұл – плакат. Бұл – бір датаға, мерекеге арналған ашықхат. Киноның табиғаты басқа. Кино ол – «Алдар көсе», «Тақиялы періште», «Мәншүк», «Менің атым – Қожа». Ал мынау кино емес. Кешегі Елбасы жөнінде түсірген фильмдер де кино емес. Оның бәрі саясат. Мұны ажырату керек. Абылай хан туралы «Қазақ хандығы», «Алтын тақ» деген фильмдер де кино емес. Бұл – саясат. Оны ажырату керек. Театр деп те, цирк деп те айтуға болады. Ол жерден тарихи шындықтың іздеудің қажеті жоқ. Жасанды нәрсе.

Менің қателігім
Шындық керек. Ақиқат керек. Көпшілік қателеседі, шындықты іздейтіндер – жалғыздар. Кезінде Қорқыт баба шындықты жалғыз іздеді. Шындықтың жолы қиын. Көпшілікпен бірге адасқым келмейді, өз жолымды іздеп жүрмін. Қателерім көп. Көпшілікпен қосылып әләулайға берілгенімде мені ешкім байқамайтын еді. Тып-тыныш жүретін едім. Ал енді халық жауына айналдым, ондай рөлге үйреніп алдым.
Тағы бір қателігім – кезінде мені біреу сынап жаста, соған мен мән беретінмін, көңіліме келеді. Ол бір үлкен қателік екен. Бұл үлкен ойын ғой. Айтып жатқан адам кім өзі, тек қана ауаны әрі бері қимылдатады. Ал оның сөздері желмен келеді де, желмен кетеді. Кәдімгі тыңдайтын адамдардың саны өте аз. Қазір екі-үш адам ғана қалды. Солардың сөзіне құлақ түрем, қалғандарының айтып жатқанарын жәй ғана тыңдаймын да кете беремін. Бәрін естимін де, бәрін тыңдаймын. Бірақ қорытындысын өзім шығарып отырамын. Әйтпесе бәрінің көңілінен шығу үшін, жасап жатқан өнерің де жазып жатқан мақалаң мен кітабың да әдейі біреудің айтқанына електеп, соған жағымды боп жазам деп ойласаң, қателесесің. Өз жолың болуы керек. Соған жақында ғана көзім жетті. Өмір бойы қателесіп келе жатыр екенмін.
Қателік – Ермек Тұрсынов. «Қытай болмаса, Димашты баяғыда жеп қоятын едік»

Дереккөз:informburo.kz