ШЫМКЕНТТІК ШАЙЫРДЫҢ МӘСКЕУДЕГІ МҮЙІСІ

1731
Биыл қазақтың айтулы ақын, әнші, сазгер қызы Тұрсынай ОРАЗБАЕВАНЫҢ туғанына жетпіс жыл толып отыр. Осыған орай жер-жерде мерейтойлық іс-шаралар өткізілуде. Ақын бақилыққа аттанғалы бергі бес жылдың ішінде Шымкенттейін шырайлы шаһарымызда, Мәскеудейін мегаполисте жерлес шайырды еске алу жиындары жиі өткізіліп жүргенінен жалпақ жұрт хабардар. Біз сондай ізгілікті де игілікті іс-шаралардың үнемі бас-қасында жүретін ақынның жан құрбыларының бірі, ұлағатты ұстаз, ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль иегері Гүлзина қажы Төлегенқызы ШЕРІМБЕТ ханыммен сұхбаттасқан болатынбыз. Енді соны оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Қазақтың ақын қызы Тұрсынай Оразбаева қайда жүрсе де жүрегі Қазақстан деп соғатын.
Шымкенттік шайырды еске алу кешінің қадірлі қонақтары.
— Гүлзина Төлегенқызы, алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.
—1956 жылы Шымкент (кейінгі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан) облысының Сарыағаш ауданындағы Дарбаза өңірінде дүниеге келдім. Келес ауданының орталығы — Абай ауылындағы «Ленин жолы» орта мектебінің (қазіргі Омар Есімов атындағы жалпы орта мектебі) түлегімін. 1979 жылы Әзербайжанның әйгілі ақыны Гәнжәуи Низами атындағы Ташкент мемлекетік педагогикалық институтының (қазіргі университет) филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіргенмін. Сөз орайы келгенде осы жоғары оқу орнынан түлеп ұшқандардың арасынан Төлеген Айбергенов, Зәкір Асабаев, Шәріпбай Медетбаев, Мекембай Омаров, Нұрбибі Омар, Қыздаркүл Омарова тәрізді ақын- жазушылар шыққанын бәріңіз жақсы білесіздер. Өзімнің де жазу-сызуға ептеп ебім бар. «Таң арайы», «Жауқазын», «Зәмзәм нәрі» секілді жыр жинақтарым жарық көрген. Ұзақ жылдар бедерінде Шымкентттегі Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінде шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, құрметті еңбек демалысқа шыққанмын. Бүгінде ұл-қыздарым мен балдай тәтті немерелерімнің қызығына батып жүрмін. Шығармашылық жұмыспен шұғылдануға да уақыт табудамын.
— Сіз Тұрсынай Оразбаева туралы «Толғаныс» деген өлең жазғансыз. «Мәскеу», «Мәскеудің қазақтары» деп аталатын өлеңдеріңіз де бар. Осы орайда Мәскеудегі қазақ диаспорасы жайлы не айтар едіңіз?
—Тұрсынай Оразбаева Саха – Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Ресейдің Александр Фадеев, Қырғызстанның Тенти Адышева атындағы, Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лаураты. «Құрмет» орденінің, «Қазақстан
Республикасының Тәуелсіздігіне –10 жыл» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Рспубликасының Құрмет грамотасымен марапатталған. 1997 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығында Орталық Азия мен Қазақстан бойынша кеңесші қызметін абыроймен атқарған болатын.
Мәскеу — тым үлкен қала. Онда 13 миллионға жуық халық тұрады. О шетінен бұ шетіне жетуің мұң. Шамамен алғанда Шымкент пен Жетісайдың арасындай аумақты алып жатыр. Мұнда Қазақтардың ұлттық мәдени автономиясы жұмыс істейді. Тұрсынай Оразбаева осы қоғамдық ұйымның тұңғыш президенті болатын. Наурыз мерекесін, Тәуелсіздік күнін ерекше тойлайтын. Басқа да басқосулар өткізуді жақсы үрдіске, дәстүрге айналдырған. Міне, осындай ізгілікті де игілікті іс-шаралардың бәрінде төрде Қазақстан Республиасның туы мен елтаңбасы тұрады. Барлық қандастарымыз кез келген басқосуда өздерінің оң қолын жүрек тұсына қойып, егемен еліміздің мемлекеттік әнұранын шырқайды. Айтпақшы, шымкенттік шайырдың Мәскеудейін мегаполистегі мүйісі іспеттес қызмет кабинеті мен өз үйінің төрінде де көк туымыз орын тепкенін ерекше бір ілтипатпн тілге тиек етуімізге болады. Қандай да бір шаруасымен Мәскеуге барған қандасымыз өзінің қаламгер, өнер адамына қатысы бар-жоқтығына қарамастан Тұрсынайға жолықпай кетпейтін. Бүгінде оның үйінде қызы Сардаана мен күйеу баласы Рустам тұрады.
— Мәскеуліктер де Тұрсынайды еске алу кештерін өткізіп тұратын шығар.
— Иә, сондай кештің біріне өзімнің де қатысқаным бар. Былтыр 17 мамыр күні Мәскеудегі Қазақ ұлттық мәдениет автономиясының вице-президенті Айшат Байғазиева алдымен қадірменді қонақтарды «Тойхана» мейрамханасында күткен. Концерттен кейін Оразгүл Әбілдаева өзінің үйіне шақырған. Онда «Қазақ тілі» қоғамының президенті Әбуислам Тұрсынбаев Шымкенттен арнайы әкелген қазақтың ұлттық тағамдары — қазы, қартадан жасалған бесбармақ пен қымыз ұсынған. Мәскеудегі К.А. Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры, Қазақ ұлттық мәдени автономиясының президенті Серік Тойғамбаев пен Гүлжан Жанайдарқызы Қожамжарова қонақтарға естелік кәде-сый ретінде кітаптар мен павлодарлық орамалдар тарту еткен.
Ал ертеңіне Рязань даңғылындағы Ресурстық орталық залында (Төртінші Вишняковский өткелі, №1 үйде) қазақ ақынын еске алу кеші өткен. Оған ақынның көзін көрген, жақыннан араласқан әріптес достары мен ағайын-туыстары қатысқан. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Мәскеудің төрінен көргенімізде көл-көсір қуаныштан жүрегіміз жарылып кете жаздады. Іс-шара екі елдің туын желбіретіп, екі елдің әнұранын шырқаумен басталған. Алдымен мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында тұратын ақын, сазгердің қызы Сардаананың әлеуметтік желі арқылы кешті ұйымдастырушылар мен оған қатысып отырған қонақтарға деген ыстық ықыласы мен ризашылық пейілін білдірген жүрекжарды ізгі тілегімен ашылған. Бірінші болып сөз алған Ресей халық жазушысы, 49 әдеби көркем дүние мен 38 жыр жинағының авторы Глан Арменович Онанян Тұрсынайдың қандай жұмысты қолға алса да тиянақты орындайтын қайсарлығы мен ақпейіл, адалдығын айрықша атап өтті. Мәскеу Үкіметінің атынан сөзге шыққан Асель Рауф Тұрсынай Оразбаева туралы ізгі тілекке толы хаттың мәтінін оқып берді. Онда қазақтың ақын қызының ұзақ жылдар бедерінде Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан сүбелі үлесі жайлы айтылған.
Ақын, сыншы, аудармашы, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Саха — Якутия Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, П.А.Ойунский атындағы, Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты Николай Егорович Винокуров – Урсунның сөзі тым әсерлі шыққан:
—Тұрсынайдың өлеңдері мен әндері өзіндік үнімен әрбір адамға қуаныш сыйлайтын. Саха – Якутия әдебиетінің патриархы, халық жазушысы Дмитрий Кононович Сивцев — Суорун Омоллоон Тұрсынайды өзіне өкіл қыз етіп тұтынған. Ол өзінің елін, халқын жан тәнімен сүйетін ақынның ұлттық киімін киіп, сыбызғыдай нәзік те таза табиғи даусымен ән салғанда тіпті көріктеніп кететінін сағыныш сезіммен еске алатын. Қазақтың ақын қызы мен үшін де шынайылық пен нәзіктіктің жарқын көрінісі болатын. Сөз орайы келгенде Таттинск ұлысында Тұрсынай деп аталатын адамдар бір сәт демалып, сұхбат құрып отыратын скамейкалы беседка бар екенін тілге тиек ете кетейін, — деп қимастықпен еске алды.
Ғалым, тарих ғылымының кандидаты, медицина ғылымының докторы, Торонто университетінің профессоры, Халықаралық «Юрта мира» ұйымының президенті Григорьева Александра Михайловна Григорьева (Тұрсынайша айтқанда, Шура апай) кешке қиырдағы Канададан арнайы келіп қатысты. Өзі алғаш танысқан күннен бастап оның адамгершілік қасиетін жоғары бағалайтынын, қызы Сардананың кіндік шешесі болғанын ерекше сезіммен жеткізді. «Жаны жаздай ерекше қабілет иесін жоғалтып алу өкінішті. Тым алыста жүргендіктен Мәскеуге барсам, алдымнан шығып қалатындай болады. Тұрсынайдың туған ауылында, үйіне бас сұққанмын. Оны көрсем айтармын деген ойларымды жеткізгенмен оған жауап ала алмасым жаныма батады», — деді ол көз жасын тыя алмастан.
Иә, туған жердің қадірін елден жырақ жүрген адам ғана ерекше сезініп, жақсы біледі. Өзі жұмаққа теңеген, Сансыз баптар мекені — Сайрам ауданынан еске алу кешіне барған аудан әкімінің орынбасары әрі Жастар ресурстық орталығының директоры Жаңабек Хамраев аудан, қала берді облыс халқының ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді. Тұрсынайдың Мәскеудегі еткен еңбегін елеп, бүгінде көзден кетсе де көңілден кетпеген рухын сыйлап, еске алып отырған көпшілікке осы басқосуға келе алмаған сыйлас ағасы Өсетіллә Жабағиевтің атынан да алғысын айтып, ризашылық сезімін білдірді. Ауданның тоқсан жылдық торқалы тойына орай қазақ, орыс, өзбек тілдерінде жарық көрген кітапты кешті ұйымдастырған ҚҰМА-ның президенті Серік Тойғамбаев мырзаға табыс етті.
Бұл кешке Тұрсынайдың бала күннен бірге өскен досы, жастық шағында еліктің лағындай керемет көркімен «Гүлсезім» әнінің тууына себепкер болған Қализа Сағымбекова қатысты. Ол бір сәт балалық шақтан көңіл толқытар естеліктер айтты.Тұрсынайдың жалғыз тал қызы Сардааның енесі Гүлшара құдағи, ақынның сыралғы досы, Бауыржан Момышұлы жайлы «Легендарный Батыр» кітабын бірге шығарған Гульзифа Смирнова да өзінің ізгі тілегін жеткізді. Ақынның рухын сыйлаған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері: алыстағы Бали елінен келген қытай қызы доктор Лили, Қырғыз Республикасының Ресеймен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас мәселелері жөніндегі кеңесшісі Бюбюйра Сайымбековна Абдыжаппарова, өзбек, тәжік халықтарының өкілдері — Жамилахан Бегиева, Хуршеда Хамрақулова, Ярославл диаспорасының жетекшісі Махаббат Қожабекова, тағы басқалар қатысты. Осындай тағылымы мол әсерлі керемет кешке арнайы шақырумен барып, Мәскеу төрінде екі елдің елшісіндей болып қызмет еткен, халқымыздың аяулы қызы Тұрсынайға деген елдің құрметін көру бақыты маған да нәсіп еткеніне бек ризамын. Дана халқымыз «Достықта шекара жоқ» деп бекер айтпаса керек. Өздерін туыс санайтын, бізден тым шалғайдағы Саха — Якутия елінің халқы да Тұрсынайды өз қызындай жақсы көрген. Тіпті, қимастай бауыр басып қалған деуге болады. Зиялы қауым, сол елдегі сыйласқан дос-жарандары өздерінің естелігін маған орыс тілінде жіберген болатын. Оны қазақ тіліне аударып, «Аққу арман» атты естеліктер жинағын Мәскеуге алып бардым.
Саха — Якутия елінен келген әйгілі әнші, мәдениет саласының майталманы, көптеген вокальдық конкурстардың лауреаты Елена Старостина — Хотун Арылы Тұрсынайдың «Мин кэллим таатааба» («Мен келдім тайгаға») атты өлеңін якут және қазақ тілінде орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Татьяна Полтавская А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасындағы «Татьянаның хатын» (Абай Құнанбайұлы аударған «Татьянаның қырдағы әнін») қазақ тілінде төгілтті. Мәскеулік әйгілі ерлі-зайыпты әншілер — Гульчачак Гулямова, Талгат Хасенов Тұрсынайдың өзінің қызы Сардаанаға арнаған «Күнім, айым, жұлдызым» әнімен кештің ажарын аша түсті. Ресей астанасында қазақ өнерін насихаттауға өзіндік үлесін қосып жүрген әйгілі әнші, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Әміре Қашаубаев атындағы сыйлықтың лауреаты Абылайхан Оспанов Тұрсынайдың «Қырғыз әні», «Оралмадың сен», «Қазағым қайда жүрсе елді ойлаған» әндерін шырқағанда толқымаған жан қалмады. Өз кезегінде әнші Мейірхат Қалиев «Есіңе мені алғайсың» әнін әуелетті. «Яксарт» ансамблінің биі де ешкімді бейжай қалдырмады.
Қадірменді қонақтар Тұрсынай Оразбаеваның құрметіне жайылған дастарқаннан дәм татып, Мәскеудегі қазақ автономиясының қонақжай пейіліне ризашылық сезімін білдірді. Кешті ұйымдастыруға белсене атсалысқан Мәскеудегі ҚҰМА-ның президенті Серік Тойғамбаев, вице-президенті Гүлнара Бекарыстанова, Айшат Байғазиева, Оразгул Абильдаева, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев, Гүлжан Жанайдарқызы Қожамжарова, Алена және Гүлшат Алимовалар Тұрсынайға деген ыстық ықыластарын жарыса жеткізді. Ғалым, филология ғылымының докторы, Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серікқали Ердіғалиұлы Бәйменше де осы еске алу кешінің басы-қасында жүргенін де тілге тиек ете кетейік. Олардың бәрі және РМАУ-дың студент жастары қадірменді қонақтарды әуежайдан күтіп алудан бастап, қаланы аралатып, еске алу кешін жоғары дәрежеде өткізуге етене араласты. Шымкент қаласы мен Сайрам ауданынан барған мәртебелі меймандарды Мәскеу өзенін аралатып, Қызыл алаңды, Кремльдің маңайын тамашалатқан. Мәскеу төрінде ҚҰМА қазақтың ақын қызына деген құрмет тағзымын осылай білдірді. Елге еткен еңбек еленбей қалмайды екен деген оймен біз де елге оралдық.
Осылайша талай тағылым аларлық бұл кеш өте әсерлі өткен. Алыста жүрген ағайындар бір-бірімен қимай қоштасқан. Әрине, тәлім тәрбиелік мұндай кештердің қалың көпшілікке, әсіресе жастарға берер үлгі өнегесі мол деп ойлаймызү Туған елді сүю, оның мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге септігі тигені шүбәсіз. Айтпақшы, егер Сіз жол түсіп Ресей астанасына бара қалсаңыз, шымкенттік шырайлы шайырдың Мәскеудейін мегаполистегі мүйісіне аялдамай өтпеңіз. Өйткені, оны қазақтың ақын қызы Тұрсынай Оразбаеваның асқақ рухы қашанда тербеп тұрады.
—Әсерлі де мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!
Сұбхаттасқан
Әбдісаттар ӘЛІП, журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент қаласы.