Отшашулар сөнген кезде, аспанда нағыз жұлдыздар ғана қалады

1012
Б А Һ А Д Ү Р
«С Е Р І П П Е» әдісі
Алланың пешенеге жазған лаухул мақпузынан пенде шіркін қашып құтылмақ емес. Ал, дәл мынадай сұрапыл соғыстың қара дауылындағы бораған оқтан аман қалам деу таза дәлдүріштік. Жаныңнан, құлағыңның түбінен ысылдап өтіп жатқан мыңдаған оқтың біреуі өміріңді жалмауға жетеді. Сәт сайын жан алып, жан беріскен ғарасатта ақылы асқан небір бейкүнә азаматтар өлім құшып жатыр. Ақылың кенен, қабілетің кемел болса да, түйір қорғасынның алдында қауқарсыз!..
Ажал құрығы Бауыржанның батальонын шыр айналдырып, қоршаудан шыға алмай сенделіп жүргендеріне мінеки бесінші сөтке. Оқ таусылуға жақын, ал азық-түліктің тақыр ада болғанына бүгін үшінші күнге айналып барады.
Қос тараптан оралған барлаушылардың мәліметі көңіл жұбантарлық емес. Медеу тұтатын жалғыз жаңалық – немістердің негізгі күші бүкіл артиллериялық жегіндерімен Пашково деревнясын тастап, шығыс тұстағы Матренино селосына қарай бет түзепті. Бұлар жасырынып отырған орманның іші немістердің орталық штабы орналасқан Горюно селосынан бар болғаны жеті-сегіз шақырым. Ал, штаб орын тепкен деревняның сол қапталында Матренино, шығысында Горюно, түстік жағында Шибаново селолары…
Доғалы қоршау — таза қыспақта қалды деген осы.
-Жолдас командир, Карпов пен Соловевтың роталарындағы солдаттар аштықтан өлуге айналды. Не істейміз?
Бауыржан саяси жетекшінің сұрағын естімегендей, безірейген күйі алдындағы картаға үңіліп отыр. Қарайып, түтіккен түріне көз салудың өзі қорқынышты.
Үшінші ротаның командирі Бозжанов келіп, өз солдаттарының мүшкіл халін екі ауыз сөзбен жеткізді де:
-Ақсақал, бір амалын таппасақ болмайды. Мүмкін Горюноға түнделетіп шабуылдап, сәтін салса жарып өтіп, өзімізге қосылып қалармыз…
-Жоқ! Оқ дәрі де таусылу алдында, оның үстіне үш күннен бері тамақ ішпей әлсіреген ашөзек солдаттарды аранға айдап салу бұл. Тез арада барлық командирлерді шақырыңдар!
Арада шай қайнатым уақытқа жетпей жиналған командирлерден әр ротаның шығынын сұрап, сарбаздарды түгендеді де, жігерлі дауыспен былай деді:
-Жолдас, сарбаздар! Басымызға қандай күн туса да біз неміспен ақырғы оғымыз таусылғанша айқасып өлеміз!
-Жолдас командир, айқасып өлеміз деп аштан қырылатын түріміз бар ғой…
-Соғыстағы бораған оқтан өлгеннен, аштан өлу азап екен…
Бауыржан көзі шатынап екінші ротаның командирін жеп жіберердей оқты көзімен атып, ашу буып қалшылдап кетті де:
-Аштан қатайын деп жатсаңдар, онда мені сойып жеңдер!-деп ақырып жіберді.
Бауыржан кабурын сарт еткізіп ашты да, пистолетін суырып алды. Командирінің мұндай ашуқойлы сәтін бұрын-соңды көрмеген командирлерді үрей буып, демдерін ішіне тарта тынши қалды.
-Естеріңде болсын Кеңес Одағы үлкен мұхит, ал біздің қоршауда қалған 350 шаршы метр жеріміз кішкентай ғана арал… Аралдағы Бас қолбасшы мен — Бауыржан Момышұлы! Қазірден бастап Совет Одағы Қарулы Күштерінің барлық түрлерінің Бас қолбасшысы да – «Мен» деп біліңдер! Сылбырлық танытқан екінші, төртінші рота командирлері Сергеев пен Трифоновқа қатаң сөгіс жариялаймын, қорқақтық танытқандары үшін алтыншы, сегізінші рота командирлері Асланов, Примаковтардың шендерін қатардағы жауынгерге төмендетемін. Орынбасарлары командирлік қызметке тағайындалсын! Опасыздыққа жол берген кез келгеніңді атақтарыңнан айырмақ түгілі, атып тастауға да құқылымын! Бұдан былай қорқақтық танытып, ротаңды басқара алмайды екенсің жақсылық күтпеңдер! Мен сендерді аштыққа да, немістерге де бермеймін! Егерде алда-жалда Қызыл Армияға қосыла алмасақ, барлығыңды мына пулеметпен жусатып салам да, соңынан өзімді атамын! Осындай қатаң талапты өзіме де қоя отырып, бәріңнен де соны талап етемін!
Бауыржанның ашуға беріліп, қаһарланып кеткені сонша отыз алты командирдің барлығы аштығын да, шаршағанын да ұмытып енді болмаса атылып кететіндей демдерін әрең алып, қорыққандарынан қалш-қалш етіп дірілдеп кетті. Көп тәуекел етпей, жалғыз адам ештеңе істей алмайды, ал кей жағдайда көреген жалғыздың тәуекел қайығы тығырықтан алып шығады.
«Қажет кезінде қаталдық та басты қару…»
Алмағайып сәтте командирлерін осылай қайраттандырып алмаса, аштыққа шыдай алмаған сарбаздар арасында күңкіл көбейіп, рухсыздыққа бой алдырып бара жатыр еді. Офицерлерін әрі тәртіпке шақырып, әрі жігерлендіріп алды да алдағы жоспарын баяндады.
-Құрамадағы 800-дей солдаттың жүз шақтысынан айырылыппыз. Бізде бір ғана мақсат — ол жау қоршауынан сытылып, өзімізге қосылу. Пашкованың айналасындағы үш деревняда орналасқан немістердің ұзын саны үш мыңнан асады. Мұқият тыңдап алыңдар, фрицтер бізді шығыс жақтағы орман ішінде деп ойлап отыр, ал біз «алдамшы маневр» жасап, бос қалған неміс штабының іргесіндегі Пашковаға барамыз.
-Бұл деревняның жан-жағы анталаған фашистер…
-Қолға тірідей түсу ғой бұл!?
-Прекратить безобразие! Немістер біздің қайда тұрғанымыздан хабарсыз. Оның үстіне шаңқай түсте бес шақырым жердегі селоға келеді деп мүлде ойламайды. Ал, деревнядағы жерлестер аштан қалдырмас. Ауқаттанып, әл жиып аламыз да, түнделетіп батысқа тартамыз.
-Ойбай-ау, Батька, батысыңыз не?
-Кері жүреміз деп тұп-тура неміске жем болмаймыз ба?..
-Мольчать! Бас Қолбасшының бұйрығы талқылауға жатпайды! Батыста неміс әскері жоқ, барлығы дерлік алғы шепте. Арғы жағын карта бойынша сызып қойдым, оны алдағы уақытта айтамын. Әзірге барлығың взвод, роталарыңды ретке келтіріңдер, Пашкованы бетке аламыз. Тағы да ескертемін: бұйрықты орындамаған командирді, сужүрек солдатты сол жерде атып тастаймын! Пощады не будет! Понятно!
Алған бетінен қайтпайтын, тік мінез Батькаларының сұсты жүзінен сескенген командирлер, нажағайдай от шашқан қап-қара көзінен айтқанын орындатып, дегеніне жүргізетін бұйрықты оқып:
-Так точно!-деп саңқ ете қалды да, қайсар командирдің өзгертуге, талқылауға жатпайтын шешімімен бірауыздан келісті.
-Он бес минутта жолға дайындалыңдар! Құдай ісімізді оңғарсын! Іске сәт, қырандарым!
…Пашкова деревнясындағылар бұларды аң-таң күйде қарсы алды. Үрей буған жүздерінде жалғыз сауал: «Жан-жағы мұздай қаруланған фашистермен қоршалған аймақта қалай аман жүрсіңдер?»
-Кеше ғана немістер осында болған… Арандап қаласыңдар ғой,..-деген егде жастағы колхоз председателіне Бауыржан өз жағдайларын қысқаша түсіндіріп өтті де:
-Біз барлық ситуациядан хабардармыз. Солдаттарды тез арада тамақтандырып, үш-төрт сағаттың ішінде азықпен қамтамасыз етіп, шығарып салуға қам жасаңыз,-деді.
Жасы алпыстан әлдеқашан асып кетсе де, председатель ширақ адам екен. Әп-сәтте еркек кіндік қалмаған ауылдағы еті тірі қатындарды жиып, іске кірісіп кетті. Өздерінің халі мүшкіл бола тұрса да:
-Қызыл жауынгерге қалай жәрдем бермеске!-деп бейшаралар жан аямай жанталасып жүр. Тездетіп өрістен үш сиыр алдырып сойды, жерасты кепелеріндегі қысқа сақтаған азық түліктерін аштықтан әлсіреп, қуат-дірмәні қалмаған солдаттардың аузына тосты.
Арадан ет пісірім уақыт өтер-өтпесте сарбаздардың ашыққан қарны тоғайып, қамыққан көңілдері марқайып, көкнәрдің тұнбасын ішкендей жүздеріне қан жүгіріп шыға келді.
Бауыржан жағдайдың әлдеқалай күрт өзгеріп кетуінен секем алып, деревня сыртына қойылған күзетшілерінен сәт сайын хабар алып тұр. Бұларды дәл түбіндегі селоға қоныс тебеді деп ойламаса керек, немістер жағы тым-тырыс. Көп ұзамай командирлердің басын қайта қосты.
-Жағдайымыз мәз емес, алайда беріле салатын да біз емес — шабуылдап та, кері жүріп те, бетпе-бет те ұрыс саламыз. Сақ бабамыз бұл соғысу тәсілін – «серіппе» әдісі деп атаған. Бүгін кешкісін батысқа қарай жүреміз. Председательдің айтуына қарағанда біз бетке алатын жақта жау жоқ. Оңтүстік бағыттағы Шибаново деревнясында неміс күші аздау — шамамен алты жүз қаралы; біздің түнгі бағытымыз осы қыстақ болады. Егер фрицтер байқап қалған жағдайда шегініп те, қолма-қол да ұрысқа дайын болыңдар! Ал, сәтін салып Алла жақтасса, «серіппе» әдісінің арқасында Шибанованы қиялай өтіп, соқпақ жолға түсеміз де, таяқ тастам жердегі Кеңес Армиясына қосыламыз… Ескертіп қоямын, барлық сарбаз жөппелдемеде болатын түнгі сайысқа сақадай сай болсын!
Зеңбірек сүйреген жегіндер мен жаралыларды артқан пәуескелер шиқылдап, қиқылдап намазшам кезінде батысты бетке алып, қозғалып кетті.
…Не дегенде де Тәңір алғады – немістер күндізгі ұрыстан сілесі қатып шаршаған болса керек, Бауыржанның полкы таң сыз бере Шибанованы айналып өтіп, шығыс жағындағы сайрақ жолға түсті. Көп ұзамай бұларды әлдеқашан өлдіге санап, жаназасын шығарып қойған өз дивизиясына қосылды.
-Айлалы батыр алдырмас! Отызында орда бұзған ақберенім менің!-деген генерал Панфилов Бауыржанды баласындай мейірін төге, еркелете құшағына алды. Мауқын басайын деді ме, құшырлана қысқан қолын жібермей ұзақ тұрды…
…Алдағы болар ұрыстың маңыздылығы болса керек, көп ұзамай 16-Армия қолбасшысы генерал Рокоссовскийдің өзі майдан шебін аралауға шықты. Әсіресе, генерал Панфиловтың қарауындағы аңызға айналған батальонға баруға көңілі ауып, солай қарай бармаққа бекіді. Армия командашысы генерал Панфиловқа:
-Апта басындағы қоршаудан аман оралған батальонмен хабарластыңыз ба?-деді.
-Иә, жолдас Армия генералы! Кеше штаб бастығымен бірге аралап қайттым.
-Ержүрек сарбаздар батальонына бастаңыз онда.
-Құп болады, жолдас Армия генералы!
-Командирі капитан Момышұлы ғой?
-Дәл солай…
-Иван Васильевич, менің сүйенерім де, сенерім де осындай тапқыр командирлер. Жау құрсауынан сытыла отырып, неміс офицерлерінен қолға түсірген құпия құжаттары өте маңызды болып шықты. Жоғарғы Ставкадағылар құнды ақпараттар бар деп отыр.
-Момышұлы құпия құжаттармен бірге 18 танкінің көзін жойып, қару жарақтар мен әскери техникаларды да олжалады.
-Бәрекелде! Ерліктеріне сай Момышұлымен келісе отырып, офицерлері мен сарбаздарын марапаттауға ұсыныңыздар!
-Құп болады, жолдас Армия генералы!-деген Панфилов қолбасшынының алдына түсті.
…Ұзын бойлы, қыр мұрынды, түр-тұлғасы келіскен, келбетті Армия қолбасшысын Бауыржан блиндаждың алдында күтіп алды. Амандасу дағдысынан соң, жағдайды қысқаша баяндап өтті. Рокоссовский қашанғы әдетінше мұқият тыңдаумен болды.
Рокоссовский де соғысқа дейін талай өткелектен өткен әскербасы болатын.
…1937 жылы Ежовтың адамдары мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысы бар «саяси сенімсіз адам» ретінде түрмеге қамайды. Бесенеден белгілі, НКВД-нің құрдым-тамұғында тозақтың отынан әрмен азапты үш жылды басынан өткереді. Қандауырдай жалаңдаған жендеттер қолын сындырады, тістерін қағады, арын таптап, намысын қорлайды… Қанды қасапханадағы бопсаның неше атасын басынан өткізсе де, ерік-жігері мұқалмаған бұл ғажайып адам мына тұрысында тауқымет тартқан жанға мүлдем ұқсамады, керісінше өзіне өте сенімді көрінді. Мейірім шуағын шашып тұратын жанары мен жайдары да, ашық мінезі өте мәдениетті, текті адам екендігін паш етіп тұр.
-Жолдас капитан, қоршаудан аман шығу кез келген әскербасының қолынан келе бермейтін тапқырлық. Әйтседе, Қызыл Армияға қарай жүрудің орнына, Батысқа — фашистердің ішіне дендеп ену тактикаңыз мені таңқалдырып отырғаны…
-Айнала дұшпан әскерлерімен қоршалған аймақта, шолғыншылар ақпарын жіті пайдалана отырып, ежелгі скиф тайпаларының «серіппе» әдісін басшылыққа алдым, жолдас қолбасшы.
-Бабаларыңыздың шегіне отырып тұтқиылдан шабуылдау мен сытылып кету тәсілін тарихи кітаптардан менің де оқығаным бар.
Армия басшысының әскери саладағы қайраткерлігінен тыс, өзге ұлттардың да соғысу мәнері мен тарихын терең білетін зеректігі Бауыржанды таң қалдырды да:
-«Жауың күшті болса бетпе-бет келме» деген шығыс даналығы да бар, жолдас қолбасшы!-деді батылданып.
-Әр командирдің жадында жүретін түйінді фраза екен! Соғыстың алғашқы айларында миллиондап тұтқынға түскен кеңес сарбаздарына осындай тәжірибе жетіспеді, оны мойындауымыз керек…
Жүрегіне күдік ұялатқан сұрақтарына тиянақты жауап алып, көңілі жайланған Рокоссовский алдағы шабуылға тойтарыс беруге дайындық жағдайымен қысқаша танысқан соң, солдаттардың тамақтанатын орындары мен жатақ жайын аралап көрді. Тіпті, асүйдегі Жанекенің қанттай ұсынықты тірлігін көріп, риза болғаны соншалықты басын шайқап, көңілі көтеріліп:
-Бәрекелді! Солдатқа барынша жақсы жағдай жасалынған екен. Қарны аш солдат қару көтере алушы ма еді?! Рахмет, жолдас Момышұлы!-деді мейлінше разы болып. Кенет шыны ыдыстарға шүпілдей толып тұрған аппақ қымызды көрді де:
-Мыналарыңыз сүт пе?-деді.
-Жоқ, жолдас Армия генералы, бұл — қымыз…
-Ол не? Ішімдік пе?
-Жылқы сүтінен дайындалатын қазақтың ұлттық сусыны, жолдас Армия генералы.
-Солай деңіз… Жылқы сүтінен жасалатын сусынды естіп тұрғаным осы…
Осы кезде Бауыржанның оң қапталында тұрған Мәлік сөзге араласты:
-Жолдас Армия генералы, әйгілі Геродоттың өзі қымыздың қазақ даласына тән, екі мың жылдық тарихы бар ішімдік екенін өз жазбаларында айтқан. Шөл қандырып, азық болумен қатар адамға қуат беріп, түрлі ауруларға шипа да бола алады. Жаңа сауылған жылқы сүтін ішіп, туберкулезден құлан таза айығып кеткен адамдар өте көп,-деді қымыздың тарихынан қысқаша хабардар етіп.
-Бұл өзі біз күтпеген қызық жаңалық болды-ау…
Рокоссовскийді бұрын атын естімеген сусын қызықтырды ма, әлде майдан шебін күнұзақ аралап жүргендіктен шөл қысты ма:
-Сілекейімізді ағыза қаталатып жібердіңіз ғой тегі… Ұрыс даласындағы қазақтың қымызынан дәм татуға бола ма?-деді.
Бауыржан «қымыз ішіңіздер» деп айтуға іштерін айдап жіберер деп жүрексініп тұрған, генералдың өзі өтініш жасағасын:
-Әрине, жолдас қолбасшы!-деп қуанып кетті де, Жанекеге ым қақты.
Бір-бір саптыаяқ ашымал дөненнен сіміріп алған Рокоссовский мен Панфилов қымыздың тіл үйірер қышқылтым дәмін шамырқана тұшынып, бастарын шайқады.
-Шынымды айтайын, мынадай сусынды ішпегелі қай заман?! Ұнады ма, жолдас генерал?-деді Панфиловқа қарап.
-Жолдас Армия генералы, менің екінші Отанымдай болып кеткен Қазақстанда қымыздың дәмін талай татқанмын.
-Айраннан өзгешелеу қышқылтым дәмі керемет екен.
-Егерде бабына келтіріп ашытып ішсе, ептеп қызу да береді,-деді Панфилов көп нәрседен хабары барын білдіріп.
-Оһо, ондай да қасиеті бар ма? Немістің сырасы мен болғардың шарабына конкурент десеңші!-деген Рокоссовскийдің әзіл сөзіне айнала тұрғандар күлкіден қыран-топан болды.
-Дұрыс айтасыз, қолбасшы! Немістің сырасы қымыздай сусынның жанында жіп есе алмайды…-деді Панфилов та қолындағы босаған ыдысты ұсынып жатып.
-Иван Васильевич, ендігі жерде капитан Момышұлынан жиі-жиі хабар алып тұратын болдық қой,-деген генералдар ашық-жарқын мінездерімен блиндаждың ішін жылы шуаққа толтырып жіберді. Қазақтың қымызының әскербасыға ұнағанына жадырай қуанып Бауыржан мен Мәлік тұр.
Әдетте штабтан келгендердің көпшілігі мұндай майда-шүйдеге аса назар аудара бермейтін. Ал, Рокоссовскийдің «әр солдат менің бауырым» деген принципінің рас екендігіне Бауыржанның көзі осы жолы анық жетті. Қоштасар сәтте:
-Жолдас Момышұлы! Мен сіз секілді қиын сәтте жол тауып кететін алғыр командирге, батыл сарбаздарыңызға саулық тілеймін! Көзсіз ерліктеріңіз ескерусіз қалмайды. Армия командашысы ретінде, Момышұлы мен оның батальонына «Алғыс» жариялаймын!-деді.
-Совет Одағына қызмет етемін!
Генерал сөзін аяқтай бере, жалт бұрылып дивизия басшысына қарады.
-Түсіндім, жолдас Армия генералы!-деді Панфилов та командашының наградаға ұсыну туралы ойын қабағынан жазбай танып.
Көп ұзамай генералдар жылы қоштасып, жанына ерткен адьютанттарымен келесі шепті аралауға кетті. Бауыржан Рокоссовский туралы бұрын да жақсы пікірде болатын, ал бұл кездесу оған деген ыстық ықыласын одан бетер арттыра түсті.
…41 жылғы 18-қараша күні Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысымен Панфилов басшылық ететін 316-атқыштар дивизиясы – «8-гвардиялық атқыштар дивизиясы» деп аталсын деген Жоғарғы Ставканың бұйрығы шықты. «Гвардиялық дивизия» болуымен құттықтаған шифрограммалар мен хат-хабарлар Иван Васильевичке қарша борап кетті. Қуанышта шек жоқ! Алайда құш хабарды тойлап жатуға уақыт жоқ еді — немістер көптен ойға алған жаңа шабуылын бастаған.
Генерал Панфиловтың бір қасиеті командирлерді жинап ұзақ сонар жиналыс өткізуді суқаны сүймейтін. Шұғыл тапсырмаларды тиесілі рубеждерді аралап жүріп, әр командирге жеке-жеке түсіндіріп шығатын. Және одан ерінбейтін. Тіпті саяси жетекшілер мен комиссарларға: «Сендер бос мылжың уағыздарыңмен командирлер мен сарбаздардың миын ашыта бермеңдер. Олар ұтымды позицияны сендерден жақсы біледі, сондықтан командирге кедергі келтірмеңдер!»-дейтін.
Фашистер Панфиловтың командалық пункті орналасқан Гусеново селосын үстін-үстін атқылап, өршелене алға ұмтылды. Аптыға жүгіріп келген штаб бастығы:
-Жолдас генерал, орманның қауіпсіз жеріне командалық пунктті көшіріп қойдық. Стереотруба мен телефонды да орнатып қойдық, ендігі ұрыс барысын сол жерден қадағалап, басқарып отырасыз,-деді.
Окоптан басын қылтитып, бинокльмен ұрыс барысын қалт жібермей қадағалап тұрған генерал:
-Жолдас штаб бастығы, гвардеецтік атағымызбен фрицтердің өзі ынты-шынтысымен құттықтап жатқанда, майдан даласын тастап кеткенім ұят болмай ма?-деп әзілмен жауап беріп, алдыңғы шептерді аралауға кетті.
Дүние ғапыл — ызғырығы бет қарыған қарашаның дәл сол 18-жұлдызында блиндаждың түбіне түскен зеңбірек оғының жарықшағынан генерал ауыр жарақат алып, қайғылы қазаға ұшырады.
Аяулы ұстаз, көреген қолбасшы генерал Панфилов осылай кенеттен майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Ащщы өкініш өзегін қарып, тәні жараланған Бауыржан өмірдегі пір тұтқан ең жақын адамынан қапыда айырылып, қан жұтып қала берді…
…Көп өтпей Батыс майданы советінің ұсынысымен 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына «Генерал-майор Панфиловтың есімі берілсін» деген арнайы шифрохат келді.
Ал, бір аптадан соң 25-қарашада майор Г.Елиннің орнына 1073-атқыштар полкінің командирі болып Бауыржан Момышұлының тағайындалғаны жөнінде Армия қолбасшысы Рокоссовскийдің бұйрығы шықты.
НҰРҒАЛИ РАХАЕВ
Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.
ҚР Білім беру ісінің үздігі