CАРЫСУ – СОЗАҚ ТАҒДЫРЫ ОРТАҚ

1889

Қазіргі Саудакент ауылы Байқадам аталып тұрған кеңестік дәуірде (өткен ғасырдың 50-60-жылдары) Бай­қадам орта мектебінің қызыл галстукті шә­кірттері ауыл тарихы жайындағы әңгі­мелерге заманына сай революцияшыл ал­бырт көңілмен құмарта құлақ тігетін еді. Сонау 30-жылдары осы жерде түрлі құры­лыс салуды ұйымдастырып жүрген ком­со­мол мүшесі Байқадам Қашқынбаевты Созақ жағынан «Аңқай! Аңқай!» деген ұранмен ат ойнатып келген бандылар Кеңес өкіметінің өкілі болғандықтан өлтіріп кетіпті, қызыл әскерлер олардың көзін жойғаннан кейін ел жиналып, ауылға Байқадам есімін беріп­ті делінетін. Басқа көп дерек сол кезгі жет­кіншектерге беймәлім еді. 60-жылдар ішін­де Сарысу аупарткомының бірінші хат­шы­сы Ұзақбай Сыздықбаев берген тапсырмаға сәйкес, аудандық газеттің басшылары, газет редакторы Төкен Мақашев пен редактор­дың орынбасары, ақын, жазушы Дулат Шал­қарбаев Байқадамның тағдырын анық­тауды, Сарысу ауданының ел аузындағы та­рихын жинастыруды қолға алып, өл­шеу­сіз көп іс тындырды. (Олар жинаған материалдар мен кейінгі өзге де естеліктер, зерттеулер негізінде жазушы Пернебай Дүйсенбин бертінде бірнеше танымды кітап шығарды).  Көрші Созақ ауданында да елеулі жұмыстар атқарылды. 90-  жылдары «Әділет» тарихи-ағарту ұйымының бөлім­шесін құрып, басқарған ақын Дулат Тұран­тегі  30-жылдарғы Созақ көтерілісінің деректерін жинастыруға кірісті. Ұзамай Қазақстандағы 30-жылдарда болған барлық  қарсылық ошақтары қатарында Созақ жайын да қарастырған тарихшы ғалым Та­лас Омарбековтің іргелі зерттеуі жарық көрді. Бұл көтеріліс жайын жазушы Өтеш Қырғызбаев та қаламына арқау етті. Басқа да зерттеу жұмыстары шығып жатты. Солар­мен таныс жұртшылық бүгінде жап­сарлас жатқан Сарысу мен Созақ аудан­дарында болған халық көтерілісінің себеп-салдарларын біршама жақсы біледі.

1928 жылдың  күзінде тек Сарысу ау­да­ны­ның өзінде атақты қобызшы-ком­по­зитор Ықыластың ұлы Түсіпбек, Өксік­бай Арғынбайұлы,  Қаһу Арғынбайұлы  баста­ған өңірдегі жұрт ауыздарына қараған бір топ беделді, ауқатты кісі (Қонақұлы Әлі, Кең­гөзұлы Ақберген, Отыншыұлы Сыздық, Жанбекұлы Төленбек, Темешбайұлы Әлі) ірі фео­дал-бай санатында тәркіленді. Науқан­ның соңына қарай, «тәркілеуге қарсылық жа­сауды ұйымдастырмақ болды» деген же­леумен «алашордашыларға»  қарсы бағыт­талған саяси репрессияның алғашқы тол­қыны басталды. 1928 жылғы желтоқ­санда екі қарулы жасақ Шу бойына келді де, пат­­шаның тақтан құлауы айрықша жан­дандырған қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қаты­сып, Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкі­метін орнатуға атсалысқан, алғашқы ҚазЦИК-тің (Қазақ АКСР Орталық Атқару ко­митетінің) мүшесі болған ағайынды Әділовтердің соңына түсті. Революцияға дейін-ақ елге сіңірген еңбегімен, әділдігімен, әсіресе жастарды оқуға тарту істерімен халық сүйіспеншілігіне бөленіп, «Ақ Бай­сейіт» атанған, Кеңес өкіметінің әділетсіз саясатына наразы қырық бір жастағы Байсейіт Әділов әскери жасақ жатқан үйін қор­шап, сырттан мылтықпен атқылағанда қа­за тапты. Ал інісі – қызуқанды, револю­ция­шыл албырт жас. Ол Омбыдағы «Бірлік» ұйымының мүшелері қатарында 1917 жылы қазақ съезін өткізуге атсалысқан, жаз­ғытұрым, он жеті жасында Ақмола об­лыстық Қазақ атқару комитетінің комис­сары болып, Ақмола уезінде Сәкен Сейфул­лин­мен бірге қазақ комитетін, «Жас қазақ» ұйымын құруға қатысқан, күзде Омбыдағы қазақтардың Әлихан Бөкейхановтың қа­тысуымен Алаш партиясын құрған жина­лысында Ақмола облыстық комитетінің мү­ше­сі болып сайланған. 1918 жылы жаз­ғы­­тұрым қызыл партизан жасағымен  Қиыр Шығысқа барып, ақтармен шай­қас­қан, сол жылғы қыста Омбыда большевик­тер­дің Колчак билігіне қарсы көтерілісіне қа­тысқан. Одан жасырын Түркістан Респуб­ликасы аумағына өтіп, Ташкентте мұға­лім­дер училищесінде сабақ берген, Түр­кат­комның тапсырмасымен Алматыда Жетісу об­лыстық оқу бөлімінің меңгеруші қыз­ме­тін атқарған. Орынборда Қазақ Респуб­ли­касы Ішкі істер халкоматының алқа мүшесі, халкомның орынбасары, комиссар міндетін ат­қарушы болған. Қызылордада Ұлт театры­ның шаңырағын 1925 жылы алғаш көтерген Дінмұхамед Әділов қонған үйін әскери жасақ қоршап, атқылай бастағанда, қарсылықсыз берілді. Сонымен бірге үй иесі, жолдасы  Ағабек Байдуллаев тұтқын­дал­ды. Олар Қызылордаға жеткізіліп, тер­геуге алынғаннан кейін елдегі Әбуәлі, Әбу­бәкір, Жолдасбай, Асқар Әділовтер, Нұр­лан Кәрібаев, Әкпар Ыбыраев, Мұха­медия Ар­ғынбаев, Артықбай Әлин, Мәдібек Кен­шімов т.б. ел ішінде белгілі азаматтар, бар­лығы 16 адам ұсталды. (Асан Жұмаділдин «Жаңарқа. Дерекнама» кітабында оларды «сол кездегі бес болыс Тамада милиция бас­тығы болған Мұсин Мұқатай ұстап, Арқа­дан Әулиеатаға дейін тұтқындарды қыс ішінде жайдақ түйеге екі-екіден мінгестіріп алып жүрген»  дейді. Олар «Алаш ісіне» тар­тылған Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Дінмұхамет Әділов, Мағжан Жұмабаевтар қатарында Қызылорда, Алматы түрмелеріне, одан Мәскеуге апарып тергелді. Кеңес өкіметінің іс-шараларына бұрыннан кедергі келтіріп келе жатқан, «1923 жылы Шу бойында ми­лиционерлерді өлтіруге қатысқан», алашордашылардың басқарушы тобы үлкен міндеттер артқан «Әділовтің алыс Сарысу ау­данындағы бандасы» деп танылып, 1930 жылғы 4 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен жазалаудың жоғарғы шарасынан бастап түрлі мерзімге сотталды.

Осылай сарысулықтардың басына түскен қасірет өзіндік түрмен бар­лық жер­де орын алды. Ел ішіндегі ірі бай­ларды кәм­­пескелеу, одан кейін орташа дәулет­тілер­дің мал-мүлкін сыпырып алу, сонымен қатар жасалған қуғын-сүргін жұртты шошытты. Салық ауыртпалығын сезінбеген шаңырақ қалмады. Шолақ белсенділік үдеді. Осы жәйттер ел тұр­мысын қиында­тып, кеңестік биліктің солақай реформа­сына наразылық сезімін күшейтті. БК(б)П Қа­зақ өлкелік комитеті­нің бірінші хат­шысы Ф.Голощекин 1930 жылғы наурызда бас хатшы И.Сталинге жолдаған құпия ақпарат-хатында Сарысу ауданымен іргелес жатқан Созақ ауданын­дағы (екеуі де Сыр­дария округінде) нара­зылықты ірі бұқара­лық қарулы көтеріліс ретінде көрсетті. Сол хатында ол коммунис­тік отрядтармен, яғни жазалаушылармен шайқаста 400-ден аса көтерілісшінің (бандиттің) өлгенін хабар­лаған. 200-ге тарта адам тұтқынға алынып­ты. Көтеріліс­шілерден қолға түскен қару-жа­рақ саны 70-тей мылтық, 50 шақты темір сүң­гі, балта, айыр, найза, қылыш, т.б. қара­байыр қару екен. Бұлар 600 көтерілісшінің 120-сында ғана болған. Демек, жазалау­шы­лар іс жү­зінде Кеңес өкіметінің бұрма­лау­ларына өкпелі қарусыз, бейбіт халықты аяусыз қырып тастаған. Осы шығыны мол кө­терілістің басты ошағы – Сарысу ауданы болды (ауданның №1 ауылында ұйысқан). ОГПУ ақпараттарына қарағанда, «өзін хан деп атайтын бай Сұлтанбек Шолақтың бан­дасы Сырдария округінің Сарысу ауданын­да, Әулиеатаның солтүстік-шығысындағы 160 шақырым жерде ұйымдасқан». Көтері­лісшілердің 1930 жылғы 5 ақпанда Шолақ­қорғанға беттегенін, одан Сарысу ауданы­ның Түркістаннан 225 шақырым қашық­тағы орталығы Кентарал қыстағын басып ал­мақ ниетте екенін ГПУ органдары біліп оты­рыпты. Тарлан шатқалында қолға  түскен «Банатаев Қарынбай деген бандит… банданың белсенді әрекет етіп жатқанын растады». «Сарысу аудандық ГПУ өкілі Тыныштықбаевты атыс кезінде бандиттер өлтірген». Осыған байланысты «Кентаралда нашар қаруланған 200 адамнан тұратын өзін-өзі қорғау отряды ұйымдастырылды», Сарысу ауданын қорғауды күшейту, сонымен бірге шешуші Созақ операциясын өткізу шаралары қолға алынған. Одан Созақ операциясын «табысты» аяқтаған жазалаушылар Сарысу, Талас аудандарына екі-екіден коммунистік отряд жіберіп, көтерілісшілерді іздестіреді. Сарысулық «банда» алғашқы қақтығыста-ақ талқан­далып, жетекшілері қолға түсірілген екен. «Сарысу ханы Серік» пен Сарысу кө­тері­лісін ұйымдастырған Жантіреш­манов, Сараев «қашып кететін болғандықтан» деген же­леумен атып тасталыпты. Жүздеген адам түрмеге қамалған.

Қырық жылдай архив саласында қыз­мет атқарып келе жатқан ғалым, «Әділет» тарихи ағарту қоғамы басқармасы­ның байыр­ғы мүшесі Елена Грибанова өзінің әріп­тестерімен бірге 30-жылдарғы көте­рілістерге қатысты көптеген мұрағат­тық құжат пен материалдарды ғылыми айна­лымға қосқан болатын. Солардың ішінде біздің қарастырған тақырыбымызға бай­ла­нысты маңызды деректер кездеседі. Мә­селен, Созақ ауданынан коммунист Әбдіқа­дыр Омаров бастаған бірқатар қыз­меткер Қызыл Армия штабының бастығына: «Созақта  1930 жылғы 7 ақпанда таңғы сағат 4-5-терде ауылда бір топ салт атты қазақ пайда болды. Шамамен 300-400 қаралы», – деп хабарлаған. Олар қыстақ тұрғындарын тез жинастырып, бәрінің «қасиетті соғысқа – ғазауатқа» шығатынын жария етіпті. Сол сәттен-ақ партия мү­шелерін, еуропалықтарды өлтіруге кіріскен көрінеді.  Сол күні аупарткомның жауапты хат­шысын, ауатком төрағасын, халық со­тын өлтірген. Күн сайын жұртқа құдды «Шым­кент, Түркістан алынды» деген сияқ­ты жалған ақпарат таратады екен. Осы­ларды айта келе, басқа да өлтірілгендер мен жараланғандар жайында дәл мәлімет бере алатындарын жазыпты. «Естуімізше, бан­диттер Шу-Қоңыр, Алшын-Тама аймағынан келген. Шайканың басшысын хан сайлап ал­ған және оның ауғандық орынбасары бар. Ханның аты – Сұлтанбек, орынбасары – Асадулла». Көтерілісшілер азаматтардың ханға сөзсіз бағынуын, баршасының мұ­сыл­­ман дінін мойындауын талап етіпті. Пар­билеттерді жыртып тастаған, іс-қағаз­дардың бәрін өртеп жіберген. Ауатком кассасынан шамамен 40 мың сомды сы­пырып алған. Бүгін осы бандиттер аттарды жинауға бұйырды, сосын қарулы бандиттер біз­дің қызыл жасақтардың (коммунар­лар­дың) соңынан, шығысқа қарай кетті. Жаныс ауылында болар деп шамалаймыз» деген. Ары қарай «Жақында олар бір дін ада­мын, аты-жөні – Мұсәлі Дамулла, Түр­кістанға жіберді. Милиция бастығы Бейсенбаев жолдастан сұраңыз, ол барлық жағдайды растап бере алады» дейді. Омаровтың көтеріліс жайын хабарлаған осы мәліметін Созақ аудандық аурухананың дәрі­гері А.Довгалевскийдің хатындағы де­рек­тер толықтыра түседі. «Созақ сыр­тындағы алаңда қарулы-қарусыз 300-400 қаралы атты және жаяу қазақтар дөң­ге­леніп тұр екен», – деп баяндайды ол әйелі екеуін көтерілісшілер алып келе жатқанда көргендерін. – Әлдене деп айқайлап, ақ туларын бұлғап қояды. 40-45-тердегі ер кісі, тонының сыртынан ақ жамылғы киген хан  ортада отыр. Жанында сырып тігілген мақталы қара шапан киіп, қызыл белбеу буынған құлақшынды ер адам – көмекшісі тұр. Олардан былайырақ Әден Көкішев пен бірқатар басқалары отыр. Ханның алдын­дағы сақал-мұрты қырылған, қызыл тақия­лы жас қазаққа  ханның көмекшісі бірдеңе­ні айтып жазғызуда. Бізді ханнан он шақты қа­дам жерге, киізге отырғызды, екі жағы­мыз­дан Рүстем, оның ұлы Төлеш, тағы үш-төрт маған беймәлім қазақ орналасты. Бір са­ғаттан кейін маған  басмашылар соққыға жыққан қаржы бөлімінің қызметкері Алау жолдас пен комсомол ұясының хатшысы Тарпықбаевтың жараларын таңып беруге бұйрық берілді. Рүстемнің күзетшілігімен әуелі дәріханаға соғып, йод, мақта, дәке ал­дым да, жаралыларға бардым. …Бір сағат­тан кейін бізді қайтадан ханға апарды. Жолшы­бай біз Созақ шаштаразы Абдулла Әшірбаевты кезіктірдік, ол орысша білетін, бізге тәржімеші болды. Бізді ханның алдына киізге отырғызды. Абдулла Әшірбаев ханға дәрігерлердің бар мүлкі, аурухана мен дәрі­хана тоналғанын айтты. Хан «дәрігерлерге ешкім тиіспесін, қалаған жерінде тұрсын»  деді, бізге азық-түлік берілсін, дәріханада жөн­деу жүргізілсін, емхана жұмысын бас­тасын деп бұйырды».

Тағы бір маңызды құжат. Орта Азия бойын­ша ОГПУ өкілдері Созақта қаза тап­қан 400-дей көтерілісшінің мәйіт­терін тек­серсе керек. Тексерудің нәтижесі жайын­да: «Хаттама. 1930 жылғы 17 ақпан, Созақ қыстағы. Біз, төменде қол қойып отыр­ған ОГПУ Сырдария округтік бөлімінің бас­тығы Журавлев, Орта Азия бойынша ОГПУ Шы­ғыс бөлімінің уәкілі Мартыненко, 1930 жыл­ғы 16 ақпанда Созақ қыстағын алу ке­зін­де болған шайқаста өлтірілген бас­­м­а­шылардың өліктерін қарап шықтық», – деп жазыпты. Қараудың басты мақсаты – кө­теріліс басшыларының жойылғанына көз жеткізу болғанға ұқсайды, сол үшін қас­тарына оларды танитындарды қосып алған. «Сұлтан-Бек Шолах ханның жеке хат­шысы болған Лисихан Оңғарбаевтың және ханды бірнеше рет көрген, тұқым себу науқаны бойынша екпінді бригаданың мүшесі, БК(б)П кандидаты Гончаров Ни­кита мен БЛКЖО Өлкеком уәкілі Шуран­баев Аржанның қатысуымен» қаза тапқан көтерілісшілерді қарай келіп, «өлтіріл­гендердің ішінде көтеріліс жетекшісі,  өзін хан деп жарияла­ған, бұрынғы болыс басқарушысы Шолақов Сұлтанбекті» тауып­ты. Оны: «бір қарағанға 50 жаста, қал­мақ тұрпатты, бет сүйегі шығыңқы, тал­пақ мұрын, қасы сына тәрізді қара, алдыңғы екі тісі жоқ, бойы ортадан жоғары, дене бітімі дұрыс» деп суреттеген. Одан басқа «ханның соғыс министрі Мырза Ахмет Баскиевті, хан­ның кеңесшісі Жаманқара Достман­баев­ты, азық-түлік министрі Мұстафа Ахмедовті, ханның жеке күзетінің командирі Досжан Атамышевті, ханның ағасы, оның  өте жақын кеңесшісі Арнотамбек Оңдабаевты (бұрынғы болыс басқарушысы), ханның немере бауыры Мозанда Тынышбаевты, ханның аса жақын кеңесшісі Хознақ Джемолтдиновты» тауып, солар жайында аталмыш хаттаманы тол­тыр­ған. Байқалып тұрғандай, солақай ре­фор­маға наразылық білдірген, іс жүзінде жет­кілікті қару-жарағы да жоқ көтеріліс­ші­лерді (яғни советтік терминмен – «бандит­терді») бес қаруы сай қызыл әскерлер кө­теріліс басталғаннан тоғыз күн өткенде, 1930 жылғы 16 ақпанда, басшыларымен қо­са түгелдей қырып тастаған.

Көтерілістің мән-жайы сол кездегі әс­кери-саяси қызметкер Л.Иде­льсон­­ның кө­зі­мен қалай түсіндірілгені­не көз жүгіртейік. Ол 1915-1919 жылдары еврейлердің ұлт­шыл ұйымы Бундтың мүше­сі болған, 1919 жыл­дан компартия мүшесі, сол жылдан әуелі Украинадағы Қызыл Армияның саяси жұмысында, ал 1925 жылдан Қазақстанда істеп келе жатқан, 30-жылдарғы халық көтерілістері уақы­тында – ҚазАССР Әскери комиссариаты саяси секретариатының бастығы болған қыз­метші. Міне, осы қыз­меткер 1930 жылғы 15 наурызда БК(б)П Қа­зөлкекомы­ның жауапты хатшысына, яғни Ф.Голоще­кинге «Сырдария округіндегі бай-ишан көтерілісі» тақырыбымен хабар-мәлімет берген. Онда «Ақпанның басында Сарысу­дың байлары мен ишандары Совет өкіметі­не қарсы  көтеріліс ұйымдастырды» деген тұжырыммен бастап, «Сарысуда ұйым­дасқан банда 7 ақпанда Созақ ауда­ны­ның орталығы Созақ қыстағын басып алды, осы кезде Созақ ауданының байлары бандаға қосылып кетті» деген нақты хабар айт­қан да, соған байланысты атқарылған істерді баяндаған. «Банданы жою үшін» әскери бөлімдер Ташкенттен (Орта Азия Ленин мектебінің жасағы) және Алматыдан (Жеке қазақ ұлттық атты әскер дивизионы) жұ­мыл­дырылған көрінеді. Осыны баяндай келіп, Сарысу ауданын сипаттайды. Оның округке 1928 жылы ғана қосылған, Сарысу және Шу өзендері бассейнінде аса зор аумақты алып жатқан көшпенді мал шаруа­шылығын кәсіп ететін аудан екенін, онда бай мен ишан ықпалы өте күшті боп тұр­ға­нын хабарлайды. «Ауданның халқы  – 40 мың­­дай қазақ. Кеңес аппараты мүлдем жа­­қында ғана рәсімделген,  сапасы нашар, ауданның партия ұйымы да сондай». Сон­дықтан шығар, 1928 жылғы күзде жар­тылай феодал-байлардың мал-мүлкін тәр­кілеу шарасын  «арнайы жасақталған экспедиция жүргізген». Дегенмен тұңғыш рет 1928 жылы өткен Жұмысшы-шаруа Қы­зыл Армиясына (РККА) шақыру, яғни жі­гіттерді әскер қатарына алу кезінде еш­қандай эксцесс, ұстамсыздық белгісі кө­рінбеген екен. Округтік ұйымдардың прак­тикалық жұмысына аудан тек 1929 жылы тар­тыла бастапты. Оған дейін округ қыз­мет­керлері ол жаққа мүлдем бармаған, көп­­­шілігі баруға қорқыпты да. Баян-хат беруші мұндай жағдайдың бір себебі аудан­ның округ орталығынан алыстығында «және аудан халқының көктемгі, жазғы кезеңдерде Қазақстанның тереңіне, Ақмола округі шегіне (бұрынғы Атбасар үйезіне дейін) жаппай көшіп-қонып жүретінінде жат­қан болатын» деп түйеді. Содан кейін оған көрші, жапсарлас жатқан Созақ ауда­нына көшеді. Ал «Созақ ауданы – жартылай көш­пенді аудан. Сарысудан айырмашылы-ғы – отырықшы қыстақтары мен ауылдары бар», сондықтан да ондағы жұрт кеңестік-пар­тиялық жұмыспен көбірек қамтылған дейді. Сосын екеуінің ортақ сипатын ай­тады. «Екі ауданда да қылмысты бан­ди­тизм үнемі орын алып келеді. Осындай ахуалда… Сырдария партия ұйымының таптық шабуыл жасау жөніндегі практикалық іс-ша­ралары, әсіресе 1929 жылдың күзінен бері (астық-мақта, жүн дайындау) қыстақ пен ауылдағы тап жауының аласұрған қар­сылығын туғызды. Бұл тікелей антисоветтік көтеріліске дайындық түріне енді» дей келіп, соған ұқсайтын басқа оқиғаны еске салады. «Бұрынырақта, астық дайындау мен ауылшаруашылық салықтарын жинау кезінде Бостандық ауданының байлары мен ишандары басмашылардан қолдау тауып, Совет өкіметіне қарсы ашық бас көтерген» (Сырдария округінің Бостандық ауданын­дағы көтеріліс 1929 жылғы 29 қыркүйекте басталған). Бұған «жекелеген асыра сіл­теу­лер және кедейлер мен батрақтар ара­сын­дағы жұмыстың әлсіздігі себеп болғаны мә­лім. 1930 жылдың ақпанындағы Созақ оқи­ғаларын да дәл осылай түсіндіруге бола­ды» дейді.  Қозғалысқа дайындық жасаудың екі айдай уақытқа созылғаны енді ғана анық­талып отырғанын хабарлайды.  Ұжым­дастыру (коллективизация) және байларды тап ретінде жою жөніндегі іс-шараларды со­вет-партия органдары тарапынан іс­кер­лікпен түсіндіру жұмысы тым төменгі дәрежеде болғандықтан, бай мен ишан ық­палы басымдық көрсеткен деп санайды. Олар «Совет өкіметі жеке шаруашылық­тар­ды жойып жатыр,  Совет өкіметі Құранды аяққа таптауда» деген байбаламмен, жұртты билікке шешімді түрде қарсылық көрсетуге шақырыпты. Сол орайда кең көлемде үгіт жүргізіпті. Сонымен бірге «Совет өкіметіне қар­сы ауқымды көтеріліс» басталғаны, Шым­кент, Ташкент, Түркістан қалалары кө­­терілісшілердің қолына алынғаны жайын­­да жалған мағлұмат таратқан. Шаруа­­шылықтардың 85 пайызы кәмпес­ке­ленетіні, ұжымшарларда ортақтандырыл­ған қоғамдық мүліктің бәрі мемлекет мен­шігіне өтетіні, ораза ұстағандарға ауыр айып­пұл салынатыны жайлы және т.с.с. өсек жайған, солар жөнінде құдды арнайы шық­қан шешім бар деп дуылдатып, аран­датушылық тәсіл қолданылған. Осыларды ай­та келе, баянхат беруші «Негізінен  бан­дит­тік қозғалыс Советтерге қарсы күресу, «хан­дықты қалпына келтіру», «дін жолын­дағы қасиетті күреске – ғазауатқа шығу», «кә­­­пірлерге, кәуірлергеқарсы күресу» ұра­нымен ұйымдастырылды» деп қорытады.

«Бандитизмнің бағдарламасы» ханның алғашқы бұйрығында айқын көрсетілген көрінеді. Бас көтергендердің ақ тулары бол­ған. Әр «бандит» қарына байлап, бас киіміне таң­ған маталарға Құраннан: «Алла атымен бас­таймын. Алладан басқа Құдай жоқ. Мұ­хамед оның елшісі» деген үзінділерді  және «Өзімді дін жолына құрбан етемін» деген сөздерді жазып қойған. Осыларды баяндай келе, Идельсон «антисоветтік көтерілістің бас­тамашылары – Сарысу мен оған жап­сарлас Созақ аудандарының Тама және Алшын руларындағы байлар мен молдалар» деп көрсеткен. (Еске сала кеткен жөн, аудан халқының құрамында Тама көп болған­дықтан, саны шағын Жағалбайлыны да Тама дей берген, Арғынның Тарақты, Алтай тар­мақтарының өкілдері де аз болған­дық­тан, жеке бөліп аталмаған. Ал Алшын де­лінетін, құрамына Байұлы мен Әлімұлы тай­палары кіретін жалпы атаумен Арқа мен оңтүстік қазақтары алыс жылдарда ара­ла­ры­на батыстан келген Байұлының Шер­кеш руын атап кеткен). «Олар ұйымдастырған, алғашқы кезде байлардың өздерінен басқа, олармен туыстық дәнекерлермен тығыз байланысты руластарын біріктірген  банда қатарында 400-500 адам болатын», – дейді ол. «Олар өздерінің жетекшісі, ханы мәр­те­бесіне Созақ ауданындағы бұрынғы болыс басқарушысының ұлы Сұлтанбек Шонанов (дұрысы – Шолақов) дегенді сайлап алды».  Содан соң «банда» 7 ақпанда Созақ ауда­ны­ның орталығы, 4 мың шамасында тұрғыны бар Созақ қыстағын алды. Аудан қызметкер­лері­нің басшы құрамын өлтіріп, дайындау бекеті мен өзге мекемелерді де тонаған «банда Созақты алғаннан кейін өз ықпалын көрші жатқан Түркістан, Шаян және Жаңа­қорған аудандарына таратуға тырыс­ты. Созақтың қазақ, өзбек тұрғындары түгелге жуық бандаға қосылып кетті, олар жаппай одан кейінгі шайқастарға қатысты». Көте­рілісшілер шағын жасақтармен ұсақ қақты­ғыстарда жеңіске жетіп, ұзын саны 2 мың салт аттыға дейін жеткен. Сонда «жан-жақ­тан апарылған әскери жасақтарды басқару, операцияға жалпы басшылық жасау Малы­шев жолдасқа тапсырылды. 16 ақпан­да негізгі жасақ Созақ қыстағына жетті, банда­ның үстінен түсті де, ұзаққа созылған ұрыс нә­ти­жесінде  оның көзін жойды. 400 ша­ма­сында бандит өлтірілді, шағын топтар тығы­лып қалды. Олардың көпшілігі артын­ша-ақ қолға түсті».

Сосын бәрі ұмыттырылған стан­дартты өмір сүру дәуірі болды. Одан Қайта құру сая­саты өрістеген жылдары тарихтағы «ақ­таңдақтардың» бірі сана­тын­да отызыншы жылдарғы Сарысу – Созақ көтерілісін зерт­теуде қолға алынған. Басталғанына биыл тоқ­сан жыл толып отырған сол халық кө­те­рілісінің тууына Алаш қайраткерлеріне қар­сы жүргізілген алғашқы саяси репрессия да түрткі болғаны түсінікті. Репрессияның тұңғыш құрбаны Байсейіт Әділов 1928 жылғы желтоқсанда Сарысу ауданының сол кезгі орталығы Кентарал қыстауына тақау маңға әскерилердің бақылауымен жер­лен­ген де, 1930 жылғы көтеріліс салдарынан жойылған Кентаралмен бірге ұмыт қалған болатын. Қаза тапқанына тоқсан жыл болғанда, жерлестері оның сүйегін қаралы-салтанатты жағдайда Саудакентке әкеліп қойды.  Елге еңбегі сіңген азаматтар есімі де, озбыр билікке қарсы ел азаттығы үшін жасалған көтеріліс пен оған қатысушылар да ұмытылмауы тиіс.Тәуелсіз еліміздің тиіс­ті органдары кеңестік терминмен 30-жыл­дар­ғы «бандиттік қозғалыс» атанған халық көтерілістеріне әділ бағасын беретін уақыт әлдеқашан жеткенін еске алғаны жөн. Азат­тық сарбаздары, саяси қуғын-сүргінге ұшы­раған көтерілісшілер мен сан мың жазық­сыз құрбан ақталуы керек. Олардың жанын пида еткен жағдайды айқын ажыратып, қанды оқиғаның себеп-салдарын әділдік­пен талдау және баршасын ұлт-азаттық қоз­ғалысқа қатысқандар ретінде ардақ- тау – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ