Жалпыға бірдей декларация: қазақстандықтар тойдан түскен ақшаның да есебін тапсырады

1069
Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары табыс пен мүлік декларациясын тапсырады
Мамандар қазақстандықтарды табыс декларациясын тезірек өткізуге шақырып жатыр. Өйткені ел азаматтары қазірден қимылдамаса, құжатты өткізуде белгілі бір қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий Казанцев мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның 13 миллионға жуық тұрғыны табыс пен мүлік бойынша жыл сайын декларация өткізетін болады. Бұл есепті ел азаматтары қағаз түрінде 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін, ал электронды түрде 15 қыркүйекке дейін өткізу керек.
«Ойлаңызшы, 13 миллион (!) адам декларация өткізеді. Бұл — өте көп көлем. Маман ретінде бұл декларацияны қағаз түрінде өткізбеуге кеңес берер едім. Өйткені ол қауіпсіз. Ал күзде соңғы сәтте 13 миллион адам электронды базаға лап қойса, не болады? Әрине, база кібіртіктейді. Салдарынан қаншама адам өзінің табыс декларациясын дер уақытында өткізіп үлгермей қалады. Сондықтан біз халықты бұл жайт туралы алдын ала ескертіп, хабарлап жатырмыз», — деді Казанцев.
Ал декларация дер уақытында өткізілмей қалса, Казанцевтің айтуынша, адам әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
«Үлгермесе немесе толтырған құжатта шынайы ақпарат көрсетілмесе, онда ол адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 75 750 теңге айыппұл салынады», — деді ол.
Қазақтың тойы да декларациялауға жататын боп шықты. Әрине, тойдан түскен ақша мен сыйлықтың құны 500 мың теңгеден асқан жағдайда.
«Декларацияда құны 500 мың теңгеден асатын, болашақта сатуға болатын нәрселерді көрсетуге кеңес беремін. Бұл бағалы бұйымдар, тондар, картиналар болуы мүмкін. Ал, мәселен тойдан түскен ақшалай сыйлықты декларациядағы «тағы басқа» деген графаға толтыруға болады. Өте бағалы сыйлық алсаңыз, онда сыйлаушыдан мүмкіндік болса, чегін сұрап алуға кеңес берер едім», — дейді Казанцев.
Оған қоса, енді қазақстандықтар банк картасы арқылы жөн-жосықсыз ақша аударымын жасай алмайды.
«Мысалы, досыңыз «картаны берші, ақша аудартып ала қояйын» дейді. Егер ол үлкен сома болса жағдай қиын. Өйткені салықшыға сіз оның қандай ақша екенін дәлелдей алмайсыз. Біреу картаңызды пайдаланып, 1 миллион теңге жөнелтті делік. Сол 1 миллион теңгенің салығы сізден алынатын болады, себебі ол декларацияланбаған», — дейді ол.