«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫ – ҒАСЫРЛЫҚ ТУЫНДЫ»

104
«Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс».
Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы.
Ұлы Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Ақпараттық білім беру орталығы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы – ғасырлық туынды» атты оқырмандар конференциясын өткізді. Аталмыш жоғары оқу орнының №5 оқу залы кітапханасының ұйымдастыруымен өткен бұл ізгілікті де игілікті іс-шараға ғалым, филология ғылымының кандидаты, доцент Тұрдыбай Қалдыбаев, жалпы педагогика және спорт факультеті театралдық және эстрадалық шығармашылық кафедрасының меңгерушісі Шолпан Тұрдалиева, сондай-ақ Бақтыгүл Отарбаева, Қалдыгүл Серікбаева, Ләйла Жұмабай, Айна Емқұлова секілді аға оқытушылар және МС 19-153к1, МС 19-15-3к2.ФИ 19-к1,ФИ19-15-3к б топтарының студенттері қатысты.
Алдымен сөз алған Тұрдыбай Қалдыбаев халық қамын ойлаған ақын өз өлеңдерінде қараңғылық, надандық, кертартпалықпен күрескенін, жастарды ілім-білімге, еңбекке, өнерге шақырғанын айрықша атап өтті. Абайдың өмірінен сан түрлі деректер келтіріп, студент жастарға сәттілік тіледі.
Педагогика және мәдениет факультетінің бір топ жалынды студент жастары Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып, өздерінің ақын жайлы ойларымен бөлісті. Абай — ұлы ақын, хакім, ойшыл ғана емес, сонымен қатар сазгер, философ, аудармашы да. Ол ел-жұртының болашағын ойлап, халықты қиын-қыстау тұрмыстан, азаптан құтылудың жолын меңзеп, оқу-білімге шақырған. Жаман әдеттен арылып, өн бойына жақсылықты жинауға үндеген. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаған ағартушы. Қазақ халқының мәңгілік мұрасы, алтын қазынасына айналған 170 өлең, 56 аударма, поэма, 45 қара сөзі мен 200-ге жуық ән-күйі қалған.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы арқылы адамгершілікке тәрбиелеу, асыл мұраларын насихаттау – басты маңызға ие. Ұлы ақынның өнегелі өмірі мен өлеңдерін, қара сөздерін мәнерлеп айтқызу, көріністер қою дәстүрге айналуы тиіс.
Кезінде Ахмет Байтұрсынов: «Қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», — деп жазған екен. Ақынның кіршіксіз ақ жүрегін тербеткен сансыз
ойларын тамаша әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жарқын леп еседі. Абай лебі, Абай үні — заман тынысы, халық үні. Ақынның жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді. Абай поэзиясының көркемдік әлеміне үңілген сайын адам жаны тебіреніп, сезім көкжиегі кеңейіп, бар болмысы сөзбен айтып жеткізе алмайтындай күй кешеді. Ол — кестелі сұлу сөздің иесі, көркем әдебиеттің темірқазығы, өшпейтін жарық жұлдызы. Ақын шығармаларын қазақ балалары кімнің алдында болса да, ұялмай мақтанышпен айта алады.
Гүлмарал мен Бекзат секілді студент жастар жүргізген әсерлі басқосуда ФИ 19-3р тобының студенті Екатерина Литвинова Абайдың 31-қара сөзін,ФИ 19-8р тобының студенті Анастасия Шевченко Анастасия ақынның «Пока не узнаешь, молчи», ФИ 19-3р1 тобының студенті Диана Семенова ақынның «Жигиты, дорог смех, не шутовство» өлеңін, ФИ 19-6к тобының студенті Мафтуна Ахматқулова ақынның өзбек тіліне аударылған өлеңін оқыды. Сондай-ақ Арайлым, Әйгерім, Ералы есімді студенттер де ақын өлеңдерін жарыса оқыды.
Академик Зәки Ахметов Абай ақындығының теңдесі жоқ екенін, сонымен бірге оның аса дарынды сазгер болғанын, көптеген әдемі, әсерлі әндер шығарғанын айтқан.
Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй ,—
деп Абай атамыздың өзі айтқандай, ақын-сазгердің « Көзімнің қарасы» әнін Есімхан Дәулетулы Бүркіт орындады. ФИ 19-3р1тобының студенті Арман Сәруар,өзге студент жастар «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» әндерін орындалады.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма, —
деп ақынның өзі айтқандай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», тар жол, тайғақ кешіп өмір кешкен, өкініш пен өксігі көп, қайғысы мен қасіреті мол қараңғы қапас өлкеде де ел мұңын «асау жүрегінен» ағыта, шабытты жыр етіп төккен дана Абай атамыз туралы төрт мыңнан аса шығарма жазылды. Барша қазақ баласы Абайды танып-білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген,өскен, еркін халық ретінде көруді арман еткен. Сол Абай аңсаған арманына біз жетіп отырмыз. Абай мұрасы — қазақтың ең қасиетті қазынасы. Ақын өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.Олай болса, жүрегі қазақ деп соққан қазақ жұрты Абайдың
өлеңдерін бойтұмарындай сақтап жүруі тиіс. Артына өлмейтін мұра қалдырған ұлы Абайдың даңқы арта берсін дейміз.
Жанат ЕРЕЖЕПОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Ақпараттық білім беру орталығы №5 оқу залы кітапханасының меңгерушісі.
Шымкент қаласы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз