Алматыда Дінмұхамед Қонаевты еске алу жиыны өтті

402
Бүгін, қаңтардың 12-сі Алматыда совет заманында Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед Қонаевты еске алу шарасы өтті. Оның туған күніне орай Қонаев музейі ұйымдастырған шараға жүзден астам адам қатысып, Серікболсын Әбділдин, Шәңгерей Жәнібеков секілді Қазақстанды Қонаев басқарған кезде жоғары қызметтерде болғандар келді.
Азаттық тілшісіне Алматы қаласы музейлер бірлестігі директорының орынбасары Қайрат Тарбаев Алматы әкімдігінің өкілі ретінде жиынға қатысып тұрғанын айтты.
Шарадан түсірілген видеоны да қараңыз:

Қонаевтың туған күніне арналған шара

Опубликовано Асылханом Мамашұлы Пятница, 11 января 2019 г.

ҰҚК шекара қызметі академиясының курсанттары салтанатты сап түзеп, Қонаев ескерткішінің жанында құрметті қарауыл болды. Жиналғандар арасынан бірнеше адам естелік айтқан соң, Қонаев ескерткішіне көпшілік гүл қойды.
Қонаев музейінің жетекшісі Елена Құбашеваның айтуынша, Қонаевты еске алуға арналған салтанатты шара жылына екі рет, туған күні – қаңтардың 12-сі және қайтыс болған күні — тамыздың 22-сі өтеді.
— Бүгінгі жиынға келгендердің бір шоғыры алдымен Кеңсай зиратындағы Қонаев қабіріне барған. Гүл қою рәсімінен кейін Қонаев тұрған пәтерде естелік фильм көрсетіледі, — деді Елена Құбашева Азаттық тілшісіне.
Дінмұхамед Қонаев советтік Қазақстан билігінде ширек ғасыр қызмет етті. 1960-1986 жылдар аралығында Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болды. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін қысымға алынып, көпшілікпен араласуына біршама шектеу қойылды.
1987 жылы маусым айында «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген айыппен Қазақстан компартиясының орталық комитетіне мүшеліктен шығарылды.
Дінмұхамед Қонаев өмірінің соңына қарай халықпен еркін араласты, «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп аталатын естелік жинақтар қалдырды.
Дереккөз:Azzatyq.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз