Ауылдағы ағайынды мал дәрігері емдей ме?

1916

Денсаулық сақтау саласынан министр Елжан Біртанов кетіп, артынша билік «жағдайды қалыпқа келтіреді» деп сенім білдіріп, Алексей Цойды тағайындады. Келе салысымен карантинді  «локдаун» деп жұмсартып,  алдымен екі апта, одан кейін тағы екі аптаға шектеу шараларын енгізген Цойдың коронавирус туралы айтып жүрген мәліметтері «жағдай тұрақтала бастады» дегенге саяды.

                                       Цой не дейді, ел не дейді?

     Жағдайды барынша жақсартып көрсетуге тырысатын министр өткен аптада үкімет алдында есеп берді. «Ағымдағы айдың үш аптасында жалпы төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мың инфекциялық және провизорлық төсек-орынға дейін ұлғайтылды. Төсек-орын қорының өсуі 19,3 мың бірлікті құрады. Оның ішінде қосымша 5,3 мың инфекциялық төсек-орын қарастырылды. Осының арқасында мұқтаж пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артты», – дейді министр А.Цой. Сондай-ақ министр қазір провизорлық стационарларда қосымша ашылған 14 мың төсек-орын барын,  инфекциялық және провизорлық стационарларда 1958 ӨЖЖ  аппараты бар екенін,  әкімдіктермен бірлесіп, қосымша 4183 аппарат сатып алынғанын,  дәрі тапшылығы жойылғанын айтудай-ақ айтып жатыр. 

      Бірақ Цой осылай деп жатқанымен, елдегі жағдайдың әлі де ушығып тұрғанын дәлелдейтін фактілер жетіп-артылады. Халық іздеген дәрі-дәрмегін таппай, ауруханаға жатайын десе, орын тапшылығы  шешілмей, дәрігерлердің жетіспеушілігінен тіпті онлайн ақыл-кеңес алудың өзі мұң болып жатқаны жасырын емес. Әсіресе ауылдық жерлердегі халықтың уайымы қалыңдап тұр. Алыстағы ауылдарда тест тапсыруға мүмкіндіктің жоқтығы, ауылдық амбулаторияларда қажетті дәрілердің тапшылығы, аудан орталықтарындағы дәрігерлердің біліксіздігі, тіпті қайсыбір ауылдарда дәріхананың жоқтығынан, дәрі алу үшін халықтың жаяулап аудан орталығына барып жүргені, ірі қалалардың өзінде дәрі таппай не ПТР тест тапсыратын зертхана таппай жүрген елдің қарасы әлі көп екені ащы да болса ақиқат. Ал осы ақиқатты министрліктің мойындайтын түрі көрінбейді.  Министр Цой бұған қатысты: «Тәулігіне 32 мың тест өткізу қуаты бар 59 мемлекеттік және жеке зертхана іске қосылды. Бір рет пайдаланылатын медициналық үшқабатты масканың шекті бөлшек бағасы 28 пайызға төмендетілді. Үкімет резервінен осы мақсаттарға 7,2 млрд теңге бөлінді», –  дейді.

     Жалпы, осы уақытқа дейін елде коронавируспен күреске 6 трлн теңге бөлінгенін есептесек, бұл қаражаттың «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей, діттеген жеріне жеткеніне қазір де күмән көп. Күмәннің көптігінен елдегі антикоррупциялық агенттік тергеу, тексеру амалдарын бастап та кетті. Ал халық арасында атқарушы билікке деген сенімсіздік саябырсыған жоқ. Әсіресе ауыл халқының жаңа министр Алексей Цойға артар өкпесі қара қазандай.

                                 Ауыл халқы неге ашынады?

     Ауылдағы елді ашындырған Алексей Цойдың мәлімдемесі өткен аптада қызу талқыланды.  Үкіметке есеп беріп тұрып, елдегі ПТР тестілеу мәселесі естілеу шешіліп жатқанын айтқысы келген Цой былай деді: «Бүгінгі таңда тестілеудің нақты қуаты тәулігіне 32 мың зерттеуді құрайды. Алдағы уақытта мұны тәулігіне тағы 8000-ға өсіру қажет. Мәселені шешу үшін 1 тамыздан бастап ветеринарлық қызметтің 67 маманын тарта отырып, ветеринарлық қызметтің зертханаларын пайдалануды жоспарлап отырмыз. Осы мамандардың көмегімен күніне 5200 тест зерттеуін жасауға қол жетеді (26 ПТР жабдығы). Осылайша өңірлерде ПТР тестілеу тапшылығы ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық зертханалары есебінен теңестірілетін болады».

      Міне, министрдің айтуынша, коронавирусты анықтайтын тестілерді  енді мал-дәрігерлік зертханаларда жасауға болады.  Сол-ақ екен, ауылдағы ағайынның біразы базынасын айтып шыға келді. Редакциямызға хабарласып, «енді біздің тағдырымызды мал дәрігерлері арқылы шешуге көшті ме, бұл не мазақ» дегендердің шағымын БАҚ өкілі ретінде бізге де тыңдауға тура келді. «Жас Алашқа» хабарласқан  ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Ескелді Ерденбеков былай деп ашынды:

    – 2013-14 жылдары жергілікті атқарушы органдардың жанынан 2534 ветстанция мен ветпункт құрылған еді. Бүгінде олардың жартысынан көбінде өздеріне тиесілі ғимарат жоқ. 2534 ветстанция мен ветпункттің тек 834-і ғана өз ғимаратында орналасқан. Ал 1585-і әкімдіктердің, басқа да ұйымдардың ғимараттарын паналап отыр. 115 ветпунктте ғимарат атымен жоқ. 431 ветстанция мен ветпункт орналасқан ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді.  

     Елімізде 27 миллионнан астам мал басы тіркелген.  Оның 6,5 миллионы – ірі қара. Осы ірі қараның 30 пайызы жыл сайын түрлі індет жұқтырып, эпизотикалық ошақтарға апарып көміледі, өртеледі. Тіпті ауру малды сатылымға шығарып жатқандар да бар. Мал індетіне қатысты сібір жарасы, күйдіргі, аусыл, бруцеллез, нодурярлы дерматит тәрізді аурулар әрбір көктем  сайын өршіп кетеді. 2019 жылы аса қауіпті ауруларға қатысты 149 миллион екпе жасалыпты. Мұның өзі елімізде мал індетінің инфекциясы өршіп тұрғанын аңғартады.  Сонда осы мәселелерді шеше алмай отырып, енді адамдарды ажал құштырып жатқан коронавирусты зертханалық зерттеуді мал дәрігерлеріне табыстау мүлдем қисынсыз тірлік.

            Дімкәс ветеринарияның дертті емдеуге шамасы жоқ

      Маманның пайымдауынша, бізде ветеринария саласында мәселе жетіп-артылады. Ауру малды өртеу де, оны көму де сауатты жүргізіліп отырған жоқ. Мұндай сауатсыз жүргізілген істің соңы аурудың малдан адамға жұғуына апарып соқтырады. «Ал қазіргідей қиыншылықта қанша жерден қаржы бөлінсе де, бұл саланың кем-кетігін түзеу қиын» деседі мамандар.

Жалпы,  мамандардың дені ветеринария саласына бөлініп жатқан қомақты қаржыны бақылау үшін әрбір аймақтан коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындар құру қажеттігін баса айтып отыр.  «Егер қаржыны бақылайтын мұндай кәсіпорын ашылса, бөлінген қаржының, қордаланған мәселенің де сұрауы болады. Бәлкім, сонда дімкәс ветеринариямыз сауығар. Ал қазір мәселесі көп бұл саланың дертті емдеуге шамасы жоқ. Мұны көзбен көріп, біліп отырған ауыл халқы сондықтан арнайы ведомоствоға тісін қайрап отыр» дейді мамандар.

Тақырыпқа тұздық

            «Аспаннан шұға жауса да, ауылға неге бұйырмайды?»

   Осы мәселеге орай, «Жас Алашқа» пікір білдірген мал шаруашылығы ғылымының кандидаты Жанқабыл АҚАЕВ былай деді:

  – Бізде кейбір аудандардағы ветеринарлық жағдай мүлдем нашарлап кеткен. «Ветеринария туралы» заңындағы өзгерістерге сәйкес, «жергілікті атқарушы органдарда ветеринариялық қызметтер құрылады, соған байланысты әр облысқа 150-дей штат беріледі. Мәселен, бұрын ауыл шаруашылығы басқармасында ветеринариялық қызмет жоқ еді, енді бөлек бөлім ашылады» делінген. Заң бойынша аудандық әкімшілікте ауыл шаруашылығы бөлімінен бөлек, мал-дәрігерлік бөлім жұмыс жасамақ. Облыс және аудандардағы бөлімдерде үш адамнан, селолық округтерде бір-бір маман жұмыс істейтін болады. Бұлар жұмыс жоспарын жасап, әр елді мекенге қаржы бөледі, тендер өткізеді, жұмыс жүргізуді талап етеді, малды сырғалап, идентификация жүргізеді. Ал өзіңіз ойлаңызшы, осы жерде мамандарды міндеттеп жасақтаймыз ба, қайтеміз? Ауылға сауатты ветеринарларды апару үшін не істелінуі керек? Сол туралы ештеңе айтылмайды. Ауылдық округ бойынша бір ғана ветеринар маманның жұмыс істеуі ақылға сыймайтын нәрсе. Ертең төтенше жағдай орын алса, бір ветеринардың неге шамасы келеді?!Ауылда бір ғана ветеринар барын, тіпті кейбірінде оның өзі жоқ екенін министрдің білмейтіні осыдан-ақ байқалып отырСондықтан осы жердегі шикілікті қайта қарап, алдымен ауылға сауатты, білікті маман жасақтау бағытына өзгерістер енгізген жөн. Дәрігерлердің сауатсыздығынан ажал құшып жатқаны аздай, енді ветеринарлардың сауатсыздығынан халық опық жемесіне кім кепіл?! Республика халқының 46 пайызы ауылдық аймақтарда тұратынын ескерсек, ауылға деген көзқарасты өзгерту керек. Қаншама қаражат бөлінеді, бірақ  аспаннан шұға жауса да, ауылға  неге бұйырмайды?! Ауылдағы халықтың тұрмысы нашар, тауқыметі қиын. Ауыл медицинасының жағдайы мүшкіл екені белгілі. Сондықтан билік ауылдағы ағайынды алаңдатпай, сауатты шешімдер қабылдауы тиіс. Ауылда ел барын естен шығармағанымыз жөн. Сауатты әрі сауапты істерден ауыл да құр қалмауы тиіс.  

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ