Енесінің айтуынша, Жанар дуа жасап, ине-жіппен дұға оқытқан. Мұны Жанардың өзі де мойындайды.
Шымкент тұрғыны Жанар Абдраимова бір баланың анасы. Асылжан есімді ұлы бар. Күйеуімен ажырасқан. Бұрынғы енесі Жанардың ұры болғанын айтып, тіпті өзін дуалап өлтірмек болғанын мойындады.
Бұл туралы Stan.kz «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жанар Абдраимова қазір пәтер жалдап, әжесі мен баласы үшеуі тұрып жатыр. Күнделікті қара жұмыс істеп, баласын асырап отыр. Бұрынғы жолдасы ұлына алимент төлемейді. Жанардың өзі де алимент сұрап, сотқа жүгінбеген екен.
Ал Жанардың бұрынғы енесі келінінің ұры болғанын, өзін дуалап өлтірмек болғанын айтты.
«Жанар маған келін болып түсті. Бұл менің ең кіші келінім ғой деп бәрін жасадым. Құдалығын өткіздім. Алтын сырға салдым. Алтын алқа алып бердім. Тойдан кейін алтыннын бәрі жоқ болып кетті. Қайда десем, білмеймін дейді. Кейін екінші келінімнің сырғасы жоғалып кетті. Оны да Жанардың ұрлап алғаны белгілі болды. Үйде көп заттар жоғалатын болды. Оны Жанардың алатынын білдім. Қолыммен ұстап алмаған соң, ештеңе демедім. Кейін бәрі анық болды. Қолының сұғанағы бар. Көп өтірік айтады. Әжесі де өтірік айтады. Бұлардан шаршап кеттім. Отбасымен өтірікші адамдар», — деп өкпесін айтты Тұйғынай Зиябекова.
Бұрынғы енесінің айтуынша, Жанар дуа жасап, ине-жіппен дұға оқытқан. Мұны Жанардың өзі де мойындайды.
«Келінім мені өлтірмек болды. Күнделікті үйдің айналасынан ине мен жіп тауып алатын болдық. Оны Жанар өзі тауып әкеп береді. Мен бастапқыда түсінбедім. Кейін өзі істеп жүргенін білдім», — деді енесі.
Жанар дуа жасағанын мойындағанымен, ешкімді өлтіретін ойым болған жоқ деп ақталды.
«Менің дуалағаным рас. Бір кісіге барып оқыттым. Бірақ ешкімді өлтірейін деген жоқпын. Керісінше осы үйде ұзақ тұрайын. Некеміз ұзақ болсын деп оқыттым», — деді Жанар.
Бағдарлама қонақтары Жанардың кінәсін бетіне басып, ұрлық пен өтіріктің соңы жақсылық емес екенін түсіндірді.
«Өзің заңгер болуды қалайсың. Өзің өтірік айтып тұрсаң, ұрлық жасап тұрсаң, біреуге зияның тиіп тұрса, қалай заңгер болмақсың? Біреудің құқығын таптап тұрып, қалай құқығын қорғайсың?», — деп ренжіді заңгерлер.