Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында пандемиядан бері мүлде өзгерген жаңа даму жағдайына қарай қазақстандықтар да бейімделіп, жаңаша белсенді өмір сүруге ұмтылуы керек. Оған мемлекет тарапынан толыққанды көмек жасалуы тиіс дей келіп, ол үшін билік пен халықтың түсіністігі орын алуы керектігін айтқан. Мемлекет халықтың үніне құлақ асып қана қоймай әділетті де құқықбұзушылыққа жол бермейтін, заңдылықтар қатаң сақталатын қоғам орнату арқылы оған қол жеткізуге болады, деген еді. Сол сияқты Жолдауда құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін, реформа керектігін де айтқан.
Еліміздегі тұрғындарының саны жағынан үшінші қала – Шымкентте құқық бұзушылықтың жолын кесіп, заңдылықты қалпына келтіру, қылмыстың алдын алу, жас ұрпақты жаман әдеттерден қорғау бағыттарында үлкен жұмыстар атқарылуда. Соның бірі азаматтарды нашақорлықтан қорғау, жас ұрпақтың есірткіге тәуелді болмай, дені сау болып өсуін қамтамасыз ету бағытындағы шараның бірі – «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы.
Шымкент қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан бес күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Күдіктілер жалға пәтер алып, онда есірткі заттарын алдын ала бөлшектеу арқылы сатуға даярлап, түнгі уақытта қала аумағындағы жасырын орындарға тығып жүрген. Есірткіні қалдырған орындар туралы олар әлеуметтік желідегі есірткі саудасына арналған парақшада ақпарат беріп, ақшалай қаражат алып отырған.
Осындай болашағымызға балта шабушыларды тұтқындау арқылы құқық қорғаушылар қаншама азаматтарымызды, оның ішінде желкілдеген жастарымызды теріс жолдан құтқарып қалуда.