Халық санағы: Қанша қаржы бөлінді және нәтижесі қашан жарияланады?

1510
  1. Халық санағы 1 қыркүйекте ресми басталды. Дәстүрлі және онлайн форматта өтіп жатыр. Қазіргі уақытта санақтың өту барысына қалай баға беруге болады, ел халқының шамамен қанша пайызын қамтып үлгердіңіздер?

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағы басталды. Қазіргі уақытта «www.sanaq.gov.kz» сайты арқылы онлайн-санақтан өту процесі жүріп жатыр. Санақтың бірінші күні
32 000-нан астам азамат санақтан сәтті өтті. 23 қыркүйектегі сағат 10:00-дегі жағдай бойынша онлайн-санақтан 5 166 920 (27.15%) респондент өткен. Олардың 4 464 920-і www.sanaq.gov.kz сайттында жауап берді. 500 725 — Еgov порталындағы сайт сілтемесін пайдалана отырып, тағы 201 275 адам санақ сұрақтарына Aitu қосымшасы арқылы жауап берген. Қазіргі таңдағы қорытынды бойынша санақтан өткен халық саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Санақ жүргізудің кезеңінде халыққа консультация беру мақсатында тәулік бойы мобильді және стационарлық нөмірлерден «1446» тегін бірыңғай телефон нөмірі бойынша Call–орталық жұмыс істеуде. Халықтан келіп түсетін қоңыраулар әдіснамалық және техникалық қолдау мәселелеріне бөлінеді.

Жалпы халық санағы бойынша жұмыс штаттық режимде жүргізілуде. Халықтан келіп түскен сұрақтарға ҚР СЖРА ҰСБ және Call-орталығының күшімен толық жауаптар беріледі. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде халық арасында жаппай түсіндіру жұмыстары белсенді жалғасуда.

 

  1. Халық санағына қанша қаржы бөлінді және ол қаржылар қалай жұмсалуда?

2018 жылдан бастап 2023 жылға дейін (бесжылдық кезеңге) халық санағын жүргізуге ел бюджетінен 9,1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта одан 3,6 млрд теңге (44%) игерілді (қажетті жабдықты, бағдарламалық қамтамасыз етуді және атрибуттарды сатып алу). Қаражат халық санағының мақсаттарына: жартысынан көбі 4,7 млрд. теңге, 32 мыңнан астам санақ персоналының еңбек ақысына, зарядтау құрылғылары мен қаптары бар 27 412 планшетке 1,1 млрд. теңге, 475,4 млн. теңге автопаркты жаңартуға (ұлттық статистика 10 жыл күтті), 410 млн. теңге жиналған деректерді өңдеуге және т.б. шығыстарға бағытталған.

Сондай-ақ, 2021 жылғы халық санағын жүргізу кезінде бір адамға жұмсалатын шығындар 1,1 АҚШ долларын құрайтынын атап өту қажет. Мысалы, 2009 жылғы халық санағы кезінде шығындар 2,9 АҚШ долларын құрады. Халық санағы шығындарының төмендеуі цифрлық технологияларды енгізумен және халық санағы бойынша деректерді жинау процесін автоматтандырумен байланысты.

 

  1. Дәстүрлі форматтағы санақты іске асыру үшін қанша адам тартылды?

Ұлттық халық санағын жүргізуге 33 395 адам жұмысқа тартылды, оның ішінде уақытша санақ персоналы (интервьюерлер мен нұсқаушы-бақылаушылар) 32 313 адам. Қазіргі уақытта олармен ақылы қызмет көрсету туралы шарттар жасалуда. Дәстүрлі жаппай сауал салу ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында интервьюерлер электрондық планшеттерді пайдалана отырып жүргізетін болады.

 

  1. Онлайн санаққа қатысу барысында ел халқының біраз бөлігі сұрақтардың тым көп екенін айтуда, ал екінші бір тарап сұрақтардың түсініксіз екенін жазып жатыр. Жалпы сұрақтарды жасауда қандай мамандар қатысты? Құрастыруға тіл мамандары қатысты ма?

Сұрақтарды құрастыруға тіл мамандары қатысқан жоқ бірақ, биылғы санақ парақтарын құрудың негізі 2009 жылғы санақ сауалнамалары болғанын атап өткен жөн. Бұдан басқа, мемлекеттік органдар мен 2020 жылғы халық және тұрғын үй қоры санақтарын өткізу бойынша статистика саласында мамандандырылған халықаралық ұйымдардың (Еуропалық статистиктер конференциясы, Вашингтон тобы және т.б.) ұсыныстары ескерілді.

Санақ парақталары арнайы тестілеуден өтіп, пилоттық санақ кезінде сынақтан өткізіліп, пысықталды.

Санақ парақтары бекітілгеннен кейін ағымдағы жылдың шілде айында сұрақтар саны 91-ді құрады. Санақ парақтары барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. Қолданыстағы қағидалар бойынша «Ашық НҚА» порталында орналастырылды. Сонымен қатар, олар «sanaq.gov.kz.» мамандандырылған сайтына орналастырылды. Сұрақтардың саны көп болып көрінеді. Бірақ осы бағытта басқа елдерден мысалдар келтіре кетсек. Мысалы, Болгарияда респонденттерге – 95, Польшада – 88 сұрақ қойылады.

Азаматтар барлық сұрақтарға жауап бермейтінін атап өтеміз. Санақ жүйесіне кіруді жандандырғаннан кейін тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, жынысы, жасы, туған күні бойынша деректер базадан автоматты түрде түсіріледі. Шетелдіктер үшін сауалсалу Қазақстан азаматтарына қатысты емес. Отбасы құрамы мен тұрғын үй жағдайлары жөніндегі сұрақтарға тек қана отбасы басшысы бір рет жауап береді, отбасының қалған мүшелері тек жеке сұрақтарға жауап береді. Тек әйелдерге қатысты арнайы сұрақтар бар. Жұмыспен қамту бойынша сұрақтар 14 жастан асқан адамдарға, неке жағдайы бойынша 15 жастан асқан адамдарға қойылады.

  1. Халық санағының алғашқы және соңғы нақты нәтижелері қай уақытта жарияланады деп күтілуде?

Ұлттық халық санағының қорытындылары бойынша 2021 жылғы желтоқсанда халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындау жоспарлануда, сондай-ақ 386 шығыс кестелерінде көрсетілген көрсеткіштерді қамтитын 10 тақырыптық жинақ (қысқаша қорытындылар, халық саны, ұлттық құрам, көші-қон, білім беру, неке және отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс пен өмір сүру қаражатының көздері және тұрғын үй сипаттамалары) дайындалатын болады. Санақтың алдын ала қорытындылары 2022 жылға белгіленген, түпкілікті қорытындыларды 2023 жылы электрондық жинақтар сериясы түрінде қалыптастыру және жариялау жоспарлануда. Бұл ретте, пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, негізгі көрсеткіштері бар жинақтардың бір бөлігі қағаз форматта жарияланатын болады.

Ardak.kz порталы adyrna.kz порталына сілтеме жасап