Шымкент қаласындағы Политехникалық колледжінде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу» атты студенттермен кездесу өтті. Іс-шара барысында Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ Ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары кәмелетке толмаған жасөспірімдерге заң бұзушылықтар мен қылмыстың ахуалы жайлы және көшеде ата-анасының немесе заңды өкілінің еруінсіз жүруге тыйым салынатынын айтып, баяндама оқыды.
«Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Сіздер – елдің болашағысыздар. Сондықтан тек жақсы әрі жағымды қасиеттер бойларыңыздан табылуы керек», — деді полиция майоры Х.Юсупов.
Басқосуда жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтар мен қылмыс жасағаны үшін жауапкершіліктердің түрлері түсіндіріліп, қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады.
Кездесуге қатысқан студенттер мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.