Головкин мен Мунгия жекпе-жек өткізу туралы келіссөзді бастады

1305

Golden Boy Promotions компаниясының басшысы Эрик Гомес орта салмақтағы IBF және IBO чемпионы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен мексикалық Хайме Мунгия (38-0, 30 КО) арасындағы жекпе-жек өтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Мунгияның басты мақсаты – Головкинмен кездесу. Алдын ала келіссөз жүргіздік, бұл кездесуді ұйымдастыра аламыз деп ойлаймын. Барлығы Головкинге байланысты, ол бұл жекпе-жекті өткізуді қалай ма, қаламай ма соған қараймыз», деп келтіреді Гоместің сөзін EverythingBoxing твиттер-арнасы.

Головкинге келетін болсақ, 39 жастағы қазақстандық орта салмақтағы WBA Super чемпионы жапониялық Риота Муратамен көктемде жекпе-жек өткізбекші. Бұл кездесу былтыр 29 желтоқсанында Сайтамада (Жапония) өтуі керек еді, бірақ жапон билігі жаңа коронавирус індетінің өршуіне жол бермеу үшін шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салды. Сол үшін кездесу кейінге қалды.