Жеке тұлғаларға 2021 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«2021 жылға көлік құралдары салығын төлеу мерзімі жеке тұлғалар үшін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін екенін еске саламыз. Салық сомасын e-Salyk-Azamat мобильді қосымшасындағы калькулятор көмегімен және kgd.kz сайтында өз бетіңізше есептеуге болады немесе 1414/3-орталығының бірыңғай байланысы арқылы білуге болады», — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, мерзімі өтіп кеткеннен кейін салық заңнамасы нормаларына сәйкес салық төлемеген тұлғалар банк қызметтерін ала алмайды, оның ішінде банк шоттарын ашу, аударымдарды жүзеге асыру, несие алу және т.б.
«Кешіктірілген әрбір күнге Ұлттық банк белгілеген ресми қайта қаржыландыру ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, салық органдары мәжбүрлеп орындату мақсатында борышкерлерге, оның ішінде мүлкіне және банк шоттарына тыйым салу, сондай-ақ елден тыс жерлерге шығуға шектеу қою шараларын қолданатын сот орындаушыларына салық тапсырмаларын жібереді. Бұл ретте қарыз сомасының 25 пайызын құрайтын сот шығындары ұсталады», — деп толықтырды баспасөз қызметі өкілдері.