Алматыда ең үздік атанған мұғалім автокөлік ұтып алды

3098
Алматыдағы Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназияда тағы бір тамаша жиын өтіп, ұлттың ұрпақтарын тәрбиелеп жүрген ұстаздар қауымының мерейлерін үстем етті. Қасыл Қатықбаева атындағы қалалық байқау жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты жиынға шаһар басшысы Бауыржан Байбек қатысып, бас жүлде иегеріне жеңіл автокөлік кілтін табыс етті.
Қашаннан-ақ білім саласы мен ұстаз­дар қауымының мәртебесін көтеруге ерекше үлес қосып келе жатқан атым­тай жомарттардың бірі, ел азаматы «Koktem Group LTD» компаниясы­ның директоры, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділханұлының тікелей демеушілігімен «Ұстаз мәрте­бесі – ұлт мерейі» деп аталатын қала­лық байқау басталып, оған 204 мектептің мұғалімдері қатысқан еді.
Үш айға созылған дүбірлі додаға қатысқан 23 үміткер өздерін сан қы­ры­­нан танытты. Алғашқы кезеңде «Ұстаздық мерей биігіне» деп атала­тын өз тұжырымдамаларын қорғаса, екінші кезеңде «Функционалдық сауат­тылық – заманауи қоғам тала­бы» тақыры­бында ашық сабақтар өткізді. «Өз жеріңді танып біл» деп аталатын шешу­ші кезеңде өткізілген тәрбие сағаты да үміткерлердің шебер­ліктерін тағы бір қырынан танытқан еді.

Бас жүлдеге ие болған Медеу ауданындағы Ы.Алтынсарин атын­дағы №159 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Ахметоваға шаһар басшысы Бауыр­жан Байбек темір тұлпардың кілтін табыс етті.
Байқаудың 1-орнын жеңіп алған Бостандық ауданындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның инфор­матика пәнінің мұғалімі Нұрғали Тұрымбетовке І дәрежелі диплом мен Карловы Вары шипажайына тиесілі жолдаманы Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова табыс етті.
Байқаудың екінші орнына ие болған Әуезов ауданындағы №141 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсел Қамзаеваға екінші дәрежелі диплом мен 500 мың теңгені мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева табыстады.
Байқаудың 3-орнына ие болған Әуезов ауданындағы №133 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Жұмабаеваға арнаулы диплом мен 300 мың теңге қаржылай сыйлықты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университетінің Информатика және білімді ақпараттандыру кафед­расының профессоры Айнұр Сағым­баева табыс етті.
Рая ЕСКЕНДІР