«Компенсация»: Сапарбаев кетті, Нәлібаев келді…

1044

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін облыс әкімдері арасында бірқатар ауыс-түйістер болды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қызметінен кетті. Оның орнына Нұржан Нұржігітов облыс әкімі болып тағайындалды.

Сондай-ақ бүгін Қызылорда облысына жаңадан әкім тағайындалды. Ол – Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаев. Н.Нәлібаев – Б.Сапарбаевтың туған бауыры.

Естеріңізге салайық, Н.Нәлібаев Қызылорда қаласының әкімі болып тұрған кезде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен сыйыса алмағаны, кейіннен Н.Нәлібаев ағасының ақылымен Үкіметке ауысқаны сөз болған.

Б.Сапарбаев. Фото: ғаламтордан

Тіпті облыс әкімі Г.Әбдіқалықоваға «Ханның қызысың ба?!» деп дүрсе қоя қоя берген «батыр келіншекті» де Нұрлыбек Мәшбекұлымен байланыстырғандар болған.

Қызылорда облысы – көптеген түйткілді мәселесі бар проблемалық аймақ. Содан да болар Н.Нәлібаевтың осы облысқа әкім болып тағайындалуын оның іскерлік қабілетімен емес, «қызметтен кеткен ағасының компенсациясымен» байланыстыратындардың бір білгені болса керек. 

Н.Нәлібаев 2008 жылдан Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі болды. 2013 жылдан 2021 жылға дейін Қызылорда қаласының әкімі лауазымын атқарды. 2021 жылдың сәуірінен бүгінге дейін Премьер-министрдің кеңсесінде бөлім басқарды.

Н.Нәлібаев. Фото: ғаламтордан

Nege.kz порталында Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласының сол кездегі әкімі Н.Нәлібаев туралы сериялы мақалалар жарияланды. Оған себеп бар еді. Сол тұста Әбдіқалықова мен Нәлібаевтың арасындағы дүрдараздық туралы Сыр елінде екінің бірі айтып жүрді. Редакцияға өңірден келген екі арыздың бірі осы мәселе туралы болатын. Міне, ақыры Әбдіқалықова кетіп, оның орнына Нәлібаев келді.

Г.Әбдіқалықова. Фото: ғаламтордан

Қызылордадан «ханның қызы» деген «атақ» арқалап кеткен Гүлшара Әбдіқалықованың қандай қызметке баратыны әзірге белгісіз. Бара ма, бармай ма, ол жағы да беймәлім. Қалай десек те, «билікте әйел заты аз» деп шулатып жүретін феминистерге тағы бір тақырып табылғандай болды…