Биылғы жылы Қаратау ауданы бойынша 41 ойын алаңшасы салынады деп жоспарлануда. Одан бөлек, 10 спорт алаңшасы бой көтеріп, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасалмақ, деп жазады «Оңтүстік» телеарнасына сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.
Қаратау ауданы бойынша 554 көпқабатты үй бар. Олар 192 аулаға біріктірілген. Биыл оның 41 ауласына ойын алаңшасын орнату көзделсе, бүгінде 80 пайызының құрылысы аяқталып, шетінен пайдалануға берілуде.
Құрылыс жұмысы аяқталған аулаларға балалар алаңшалары, демалуға арналған бастырма (беседка), орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері орнатылған. Сонымен қатар, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндіктерде қарастырылған. Алаңшалардағы ойын құрылғыларының бәрі де отандық өнім, деген мердігер компания басшы 2 жыл кепілдік мерзім беріп отыр.
Аудан аумағында биыл 41 ойын алаңшасы пайдалануға берілсе, 22 ойын алаңшасы келесі жылға қалауда. Сондай-ақ, ағымдағы жылы ауданда 10 спорт алаңшасы салынып қаратаулықтарға қолайлы жағдай жасалмақ.
Қаратау ауданы бойынша ойын алаңшаларын салуға бас-аяғы 1 млрд, 230 мил теңге қаралса, спорт алаңшаларын салу үшін мемлекеттен 242 миллион теңге сұралыпты. Осы орайда, құрылыс жұмыстарының басым дені шалғайдағы шағын аудандарда жүргізіледі деп жоспарланған.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдарға Қаратау ауданы әкімі аппаратының «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша бюджет ережесі мен сараптамалық кеңесінің құрамы қайта бекітілген. Жоба басталғаны жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары тұрақты атқарылуда.
Ал 2022 жылдың 16-30 сәуірі аралығында тұрғындар тарапынан 58 өтінім түсті. Оның 55-і мақұлданған. 3-13 мамыр аралығында дауыс беру нәтижесінде 37 жоба регламентке сәйкес оң қорытынды алды. Қазіргі таңда жобалаушы мекеме тарапынан сметалық құжаттамалары әзірленуде.