Қаланың тазалығына әр тұрғын жауапты

769

Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек жеті айда атқарылған жұмыстарын және бірқатар мәселелерді баяндап берді, деп жазады қалалық «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.

– Қала – өз үйіміз. Қаланың тазалығына әрбір тұрғын жауапты. Ауданда әр апта сайын сенбілік ұйымдастырылуда. Көпқабатты үй аулаларында, жеке секторларда қоқыстар уақтылы тазаланып жатыр. Жауапты мердігерлер бұл жұмыстардың маңызын түсінеді.

Ауданда 117 қоқыс контейнері алаңшасы бар. Қоқыс контейнерлері жыл сайын жаңарып, қатары толығып келеді. Ендігі ретте экологиялық мақсатта арнайы сұрыптап тастайтын қоқыс контейнерлерін орнату жоспары бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Біз жалпы тазалыққа деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Тұрғындар өздері тұрып жатқан үйінің алдына құрылыс қалдықтары мен қоқыс үйінділерін шығарып, қала көркіне нұқсанын келтіріп жатқан жағдайлар да бар. Көптеген кәсіпкерлік нысандарының алдынан осы көріністі байқауға болады. Осыған байланысты қазір талап та күшеюде. Аталған фактілердің алдын алуда әкімшілік және полиция қызметкерлері рейд жұмыстарын күнделікті жүргізіп жатыр. Заң талаптарын орындамағандарға әкімшілік айыппұл салу көзделген. Жалпы қала тұрғындары санитарлық тазалыққа немқұрайды қарамаса екен деймін. Әрбір адам тазалыққа, ауласын күл-қоқыстан арылтуға жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.

– Ауданда жалпы 630 көпқабатты тұрғын үй 435 аулаға біріктірілген. 2011-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңмен 565 үйдің 373 ауласы абаттандырылды. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүргізілуде. Қазір тұрғындар да бұл жобаның тиімділігін түсінді. Аулаларды абаттандыру бағытында «Халық қатысатын бюджет» жобасы өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артты. 2021 жылы 41 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, ойын алаңшалары тұрғындар игілігіне тапсырылды. 2022 жылы бұл жоба 2-кезең бойынша іске асады. Жалпы 79 үйдің ауласы абаттанады. І кезеңде 37 жоба бойынша 52 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату, одан бөлек жеке секторда 6 дана балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. ІІ-кезең бойынша 12 жоба, 21 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру назарда тұр. 2023 жылы 21 жобаны іске асыру үшін ЖСҚ әзірленді.

Ауданда бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа баулу мақсатында 2011-2020 жылдар 85 ашық спорт алаңшасы орнатылды. 2021 жылы 18 спорт алаңшасы орнатылса, 2022 жылы 4 спорт алаңша және 5 спорт алаңшаны қайта құру жұмыстары жоспарланған.