АТА ЗАҢ ЕЛ ТЕҢДІГІНЕ КЕПІЛДІК БЕРЕДІ

828
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Қоғамдық келісім мекемесінде «Ата Заңым – айбыным» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған Шымкент қалалық этномәдени орталықтарының жетекшілері мен өкілдері, ҚХА құрылымдарының жетекшілері қатысты.
Мәжілісті қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Икрамжан Хашимжанов ашып беріп, жүргізіп отырды. Жиынды құттықтау сөзімен бастаған ол еліміздің басты құжатында қазақстандықтардың нәсіліне, ұлтына, шығу тегіне қарамастан құқықтары мен еркіндіктерінің теңдігіне кепілдік берілгенін атап өтті.
–Еліміздің қолданыстағы Контитуциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Конституцияның бірінші бабында Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, оның өмірі мен бастандықтарын ең қымбат қазынасы деп көрсетілген. Ата Заңымыз – Қазақстанның ашық, демократиялық, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет болып қалыптасуы, даму жолындағы ең жоғары заңдық күші бар негізгі заң. Маңызды құжат әлемдегі ең үздік құқықтық тәжірибелерге негізделіп, жоғары заңдылықты сақтай отырып жасалғандықтан, оны оқыған сайын әрбір әрпінен заңның үстемдігі мен ашықтық, теңдік қағидаттары байқалып тұрады, –деді Икрамжан Хашимжанов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар аталған тақырып аясында сөз сөйлеп, өзара пікір алмасты.
Айта кетсек, қазіргі кезде Шымкент қаласында 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың жанында 3 жексенбілік мектеп, 12 жастар қанаты жұмыс жүргізуде.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы аумағындағы 23 тұрғын алапта этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Осы аумақтағы тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік саясат пен қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру, жағымсыз жағдайлардың алдын алу бағытында жыл басынан бері 54 мақсатты кездесу өткізіліп, этносаралық қарым-қатынасқа ықпал ететін ықтимал жағдайларға талдау жасалды.