ЖОЛДАУ БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК, ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕДІ

829

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады.

Рәшкүл ОСПАНАЛИЕВА, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты:

– Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарын атап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңадан кәсіп бастаушыларға қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаты берілуде. Мемлекет басшысы еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылатынын атап өтті. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілмек. Бұл – үлкен қолдау. Жеңілдетілген несие – жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері.
Сондай-ақ, болашақ ұрпақтың игілігі үшін «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қолға алынбақ. Елімізде әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көретін жағдай жасалмақ. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл – адам капиталын дамытуға өз септігін тигізетіні анық. Ең бастысы, біз ынтымақпен, бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы табыстарға жетеміз.
Шалатай Мырзахметов, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:
— Ел Президентінің Жолдауы жан-жақты, барлық саланы қамтыған. Бүгін маусым айында өткен жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер шын мәнінде Әділетті мемлекеттің символына айналғанының куәсі болып отырмыз.
Мемлекет басшысы «Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы» деп нақты атап өткеніндей бұдан былай Қазақстанның әрбір азаматына ұлттық байлықтың игілігін көруге мүмкіндік жасалады. Бұл – бұрын-соңды қабылданбаған тың шешім болып тұр. Мұндай тәжірибе БАӘ-де кеңінен қолданылып келеді.
Биылғы «Балалар жылы» аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етеді. Енді 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысы балалардың есепшотына аударылады. Әр бала кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспаналы болуына немесе білім алуға жұмсалады. Бұл өз кезегінде болашақта қазақстандықтардың тұрғын үй мен әлеуметтік мәселесін шешуге жағдай жасап қана қоймай, демографияның өсуіне оң ықпал етеді.