ТҮРКІСТАНДА «ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: ӨРКЕНДЕУ МЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

1014
Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Экономикалық қауіпсіздік: өркендеу мен тұрақтылық кепілі» акциясы өтті.
Профилактикалық бағыттағы акция облысқа қарасты барлық қала, аудандарда бір мезетте өткізілді. Онда Түркістан қаласындағы барлық 6 сектор тұрғындарына жалпы саны 10000-нан астам тұрғынның қаржылық сауаттылығын арттыру, олардың қаржылық қауіпсіздігін қорғау, қаржылық пирамидалармен, құмар, заңсыз ойын бизнестерінің, заңсыз есірткі айналымының алдын алу тақырыбында департамент мамандарымен бірге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Акцияға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, халыққа аталған құқық бұзушылықтардан аулақ болуға және осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады.
«Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін жергілікті жердегі әкімдіктермен жұмыс тобы құрылып, жұмыс тобына департамент өкілдері, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, екінші деңгейлі банк қызметкерлері, Жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, әділет органдарының қызметкерлері, оқытушы-профессорлар, ғалымдар, ақсақалдар алқасы, мәслихат депутаттары қатысып, өздеріңізге бүгін және алдағы уақытта да тұрақты түрде кеңес беретін болады», — деді Ерболат Балгабаев.
Одан бөлек, департамент өкілі Гүлзия Қарсыбай баяндама жасап, қаржылық пирамидаларының 10 белгісімен таныстырып, олардан қорғану жолдарын үйретті және осы бағыттағы анонимді сауалнама жүргізді. Сонымен қатар, бірқатар ұйым өкілдері де қаржылық сауаттылық туралы баяндама жасады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі