“Мемлекеттік қызмет атқарғаныма ұялмаймын“. Ел аузында болған шенеуніктер қазір қайда?

113

Massaget.kz кезінде сөзімен, іс-әрекетімен қызу талқыға түскен немесе атқарған қызметіне байланысты ел есінде қалған кейбір шенеуніктерді іздеп көрді.

Астанадан Эстонияға дейін: Көлгінов қайда жүр?

Алтай Көлгінов жұрт есінде Астана әкімі ретінде қалды. Ол бұл қызметке 2019 жылы тағайындалды. Үш жылдан кейін, яғни 2022 жылы Алтай Көлгінов Астана әкімі қызметінен босатылды да, сол жылы 9 желтоқсанда премьер-министрдің орынбасары болып Үкіметке барды. 1 жылдан соң премьер-министрдің орынбасары лауазымынан да босатылды.

Алтай Көлгіновтің кезінде Астанада су тапшылығы секілді мәселелер күшейе түсті. Үкімет дәлізінде Көлгінов осы сауалға жауап берген еді.

«…Менің үйімде су бар. Бірақ Астананың кейбір аудандарында су мәселесі бар. Біз оны білеміз», — деген бұрынғы вице-премьер.

Көлгінов қазір қайда?

2024 жылы 27 наурызда Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.

Tengrinews.kz

Көлгіновтің әлеуметтік желілердегі парақшаларына да шолу жасап көрдік. 2023 жылдан бері жаңармаған.

Шымкенттен Лондонға дейін: Ғабидолла Әбдірахымов қайда?

Ғабидолла Әбдірахымов та Шымкенттің экс-әкімі ретінде танымал. Ол 2015-2017 жылдары және 2018-2019 жылдары Шымкент әкімі қызметін атқарды.

2019 жылы Ғабидолла Әбдірахымовтың Лондонда жүріп түсірген видеосы қызу талқыға түскен болатын.

 

Кейінірек өзі осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Лондон — әлем астанасы, оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Бірақ мен Қазақстанды көбірек жақсы көремін. Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп, әлемге саяхат жасау керек. …Мен Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) шақыруымен Лондонға үш күндік қызметтік іссапарға ұштым. Сапардың мақсаты: Шымкентте екі кәріз тазарту құрылысын (КОС) салу үшін ЕҚДБ-мен инвестициялар тартуға арналған меморандумға қол қою болды. Өйткені қалада жұмыс істеп тұрған кәріздік тазарту жүйелерінің қуаты жеткіліксіз. Мемлекеттік бюджеттен бұл мақсаттарға қаржы көзделмеген. Лондондағы қорытынды келіссөздердің нәтижесінде ЕҚДБ вице-президентімен осы мәселе бойынша біз тиісті меморандумға қол қойдық», — деген еді экс-әкім.

Осы видеодан кейін Әбдірахымов Шымкент әкімі лауазымынан босатылған болатын.

Ал 2021 жылғы қаңтарда мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалып, сол жылы қазанда қызметінен кетті. Үкімет Әбдірахымовтың басқа қызметке ауысқанын хабарлады. Дегенмен қандай қызмет екені нақтыланбады.

Tengrinews.kz

Әлеуметтік желіден Ғабидолла Әбдірахымовтың парақшасын іздедік. Экс-әкім 2024 жылы 8 наурызда Instagram-да әйелдер қауымын мерекеге орай құттықтаған. Одан кейін парақша жаңармаған.

Алматыдан Германияға дейін: Бауыржан Байбек қайда жүр?

Бір кездері Алматының әкімі қызметін атқарған Бауыржан Байбек 2022 жылдан кейін ұшты-күйлі жоғалды. Ол 2022 жылы 2 ақпанда Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары қызметінен кетті.

«Партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа атқарып отырған қызметімнен босату туралы тиісті өтініш бердім. Өтінішім қанағаттандырылды», — деді ол 3 жыл бұрын.

Байбектің сөзіне сенсек, мемлекеттік және партиялық қызметте 20 жылдан аса еңбек еткен. Өзі де маңызды қызметтерінің қатарына 6 жылға жуық Nur Otan төрағасының бірінші орынбасары, 3 жылға жуық Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, 4 жыл Алматы қаласының әкімі болып жұмыс істегенін айтып еді.

Tengrinews.kz

2023 жылы желіде Германияда жүрген Бауыржан Байбектің суреті тарады. Сурет сол жылы 14 ақпанда түсірілген.

Lübecker Nachrichten Online неміс басылымы мәліметіне сүйенсек, Байбек жергілікті коммерциялық емес ұйым ұйымдастырған кешке қатысқан. Танымал музыканттың құрметіне салтанатты рәсім болған. Ескерткіш пианист Эвелинда Тренкнердің құрметіне ашылған.

ln-online.de

2023 жылы Бауыржан Байбектің әйелі туралы ақпарат та БАҚ-та қылаң берді. Сол жылы экс-шенеуніктің әйелі Жанар Байбек судья қызметінен босатылды. 2023 жылы Бауыржан Байбектің әкесіне де сотта бірден екі айып тағылды. Қыдырғали Байбекке лицензиясыз кәсіпкерлік, өзге де қызметпен айналысқаны үшін 51 мың 750 теңге айыппұл салынды.

Түркістан облысының экс-әкімі Шөкеев қайда?

2022 жылы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкаға өтініш берді. Ал сол жылы 31 тамызда Түркістан облысының әкімі қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымға 2019 жылы ақпанда келді.

Қостанай облысының әкімі, Астана әкімі және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, премьер-министрінің орынбасары секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарған, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарған Шөкеев туралы да қазір ақпарат жоқ.

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Әлеуметтік желіден экс-әкімнің парақшалары да табылмады.

Қызық мәлімдемелерімен есте қалған Қарағұсова қайда?

Гүлжан Қарағұсова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның басшысы, Мәжіліс депутаты сынды қызметтер атқарды.

Әлеуметтік желі мен БАҚ-та түрлі мәлімдемелерімен есте қалған Қарағұсова да қазір көпшілік алдына шыға бермейді.

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Дегенмен 2024 жылы 16 ақпанда берген бір сұхбатын таптық.

«Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген жылдарым үшін ұялмаймын. Алты жарым жыл ішінде Парламент арқылы 36 заң әзірлеп, өткіздік! Ол жаққа жекпе-жекке шыққандай баратынбыз. Барлығы зейнетақы жүйесіне қатысты болды», — депті Қарағұсова сұхбатында.