Ұялы телефон сәулесі денсаулыққа зиян — астаналық дәрігерлер

1688
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов ұялы байланыс құрылғыларынан тарайтын сәулелер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мобильді құрылғылар өмірімізге етене араласып кетті және ақпарат алмасу мен сөйлесуде көшбасшы болып отыр. Смартфондар мен телефондар электромагниттік толқындар шығарады. Қызықтырмай қоймайтын тарифтік жоспарлар халықты ұялы телефонға телмірте түседі және электромагниттік сәулелену мөлшерін арттырады. Жүйке жүйесі, иммундық, эндокриндік және жыныстық жүйелер электромагниттік өріске сезімтал келеді және ұзақ уақытқа жалғасса, неше түрлі жағдайлар болуы мүмкін», — деді Сәдуақас Байғабылов.
Дәрігер электромагниттік сәулелердің зиян екенін ескертіп, ұялы телефонды пайдаланудың тәртібін айтып берді. 37 см қашықтықта ұялы телефондар 3 мкВт/см2 артық сәуле таратпауы тиіс.
Сынақ ретінде астаналық департамент ұжым қолданатын түрлі телефондардың сәуле тарату тығыздығын өлшеп көрген.
Мамандар төрт байланыс стандартында (жиілікте) келіп түскен қоңырау, сөйлесу және біреуге хабарласу режімінде зерттеу жүргізген.
Нәтижесінде, екі танымал смартфондар брендінде қоңырау шалуда электромагниттік сәуле 0,3-0,6 мкВт/см2 құраған. Келіп түскен қоңырауда — 0,3-0,5 мкВт/см2, сөйлесуде — 0,4-0,5 мкВт/см2.
Одан төменірек смартфонда сәйкесінше 0,3-7,1 мкВт/см2, 0,4-22,1 мкВт/см2, 0,6-3,8 мкВт/см2 тіркелген. Батырма арқылы басқарылатын құрылғыларда орташа диапазон   0,2-7,9 мкВт/см2, 0,2-9,1 мкВт/см2, — 0,2-7,0 мкВт/см2.
Мобильді құрылғыны басқа жақындатқанда сәуле мөлшерінің артуы байқалған. Сәдуақас Байғабылов арзан және батырмасы бар телефондармен жиі сөйлеспеуге кеңес береді немесе дауыс зорайтқыш байланысты таңдағаны жөн.
«Бұл материал — смартфон брендтеріне арналған жарнама-антижарнама емес. Тұтынушыларға мобильді құрылғымен ұзақ сөйлесудің зиян екенін ескерту», — деді ол. Ұсынымдар: үздіксіз сөйлесу 3-4 минуттан аспауы тиіс; жүкті әйелдер мобильді байланысты сирек қолданғаны жөн; ұялы телефон сатып аларда сәулені аз тарататын модельді таңдау керек; автокөлікте «hands-free» жүйесін жиі қолданған жөн.