Қандай жағдайда қазақстандықтар шетелде тегін емделе алады?

1818
Қазақстанда жоқ жоғары технологиялы емдеу тәсілін қажет ететін дертке душар болған азаматтар шетелде тегін ем қабылдауға мүмкіндік ала алады. Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Сонымен шетелде тегін ем қабылдауға кімнің мүмкіндігі бар? Төмендегі санатқа кіретін адамдар бұл мүмкіндікті пайдалана алады:

– Органдарын трансплантациялауды қажет ететін емделушілер;
– Балалар;
– Кей жағдайларда – қызметін орындау барысында денсаулығына ауыр зақым келген құқық қорғау органы қызметкерлері мен әскерилер;

Балалар мен біреудің қамқорлығын қажет ететін жандар шетелге қамқоршы адамымен бірге жіберіледі. Тасымалға қажетті барлық қаражат бюджет есебінен төленеді.

Төмендегі ауруларға шалдыққан қазақстандықтар бюджет есебінен шетелде ем ала алады:

– Мидың хирургиялық қолжетімсіз және функциялық елеулі аумағындағы радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) талап ететін артерия-веналық мальформациялары мен ісіктері.
– Эндоваскулярлық емдеу үшін ми діңі, жұлын тамырларының артерия-веналық мальформациялары және артериялық аневризмдер.
– Трансоральдік алып тастау үшін бассүйек негізінің ісіктері.
– Радиохирургиялық емдеуді (гамма-пышақ, радио белсенді аппликаторлар) талап ететін көздің қатерлі ісіктері.
– Кератопротездеу.
– Жүректі, бүйректі, бауырды, өкпені, жұлынды транспланттауды талап ететін аурулар.
– Өңеш стеноздары.
– Трахея стеноздары.

Шетелдік клиникада емделу квотасын алу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

денсаулық сақтау басқармасының пациентті шетелдік медицина ұйымдарына емделуге жіберу туралы қолдаухаты;
пациенттің жеке басын куәланыдартын құжаттың көшірмесі;
медициналық ұйым берген барлық жүргізілген зерттеулер, консультациялар, емдеулер және пациентті шетел медициналық ұйымдарда емдеу қажеттілігі туралы қорытынды көрсетілген ауру тарихынан көшірме.

Шешімді денсаулық сақтау ұйымының жанынан құрылған арнайы комиссия шығарады. Оның құрамында министрлік, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен дәрігерлер болады. Өздігінен шетелдік медициналық көмекті сұрайтын адамдардың емі мемлекеттік бюджеттен төленбейді.