Басты Спорт Канададағы кәсіпқой бокс кеші: Жүкембаев пен Сабыров жеңіске жетті
Нұрзат Сабыров (8-0, 7 КО) пен Батыр Жүкембаев (14-0, 12 КО) кәсіпқой рингтегі кезекті жекпе-жектерінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бокс кеші Канаданың Монреаль қаласында өтті. Оның андеркартында шыққан қазақстандық боксшылардың өнерін бүгін таңертең «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден көрсетті.
Бірінші орта салмақта айқасқан Батыр Жүкембаевтің қарсыласы мексикалық Хильберто Меса (10-5-1, 6 КО) болды. Он раундтық жекпе-жекте төрешілердің бірауызды шешімімен қазақ боксшы жеңіске жетті.
Осылайша, Батыр кәсіпқой рингтегі 15-інші жеңісіне қол жеткізді. Ал оның қарсыласы алтыншы рет жығылды.
Ал 25 жастағы Нұрзат Сабыров 32 жастағы аргентиналық Сесар Эрнан Рейносоға (15-11-4, 7 КО) қарсы шықты. Суперорта салмақтағы айқас сегіз раундқа есептелді. Жекпе-жек Сабыровтың пайдасына аяқталды. Жетінші раундта төреші айқасты тоқтатуға мәжбүр болды. Қазақ боксшы алтыншы раундта қарсыласын нокдаунға түсірген болатын. Кейін оның басынан қан сауғалай бастады.
Бұл, Нұрзат үшін профи-рингтегі тоғызыншы жеңіс, оның сегізін ол нокаутпен аяқтады. Рейносо болса өз мансабында 12-інші рет жеңілді.
Қазақстандық қос боксшы жекпе-жектері алдында салмақ өлшеу рәсімінен өткенін жазған болатынбыз.