Ақерке Абылайхан мұғалімдердің жалақысы жөнінде жалған мәлімет таратқан ба?

1830

Елбасы биылғы  қаңтарда халыққа арнаған Жолдауында өзінің біліктілігін арттырып, үнемі ізденіп отыратын ұстаздардың жалақысын 30-50 пайызға дейін көбейтуді тапсырғаны белгілі. Білім және ғылым министрлігі осыған байланысты педагогтардан тест алып,  «мұғалімнің нәпақасын  орташа жалақымен теңестірсек, ұстаздардың есіктегі басын төрге шығарсақ» деп, жанталасып жатқан кезде Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан мегаполистегі ұстаздардың жартысынан астамы 250 мың теңгеге дейін, тіпті 280 мыңнан астам жалақы алады деп, «айды аспанға шығарды». 

— Шымкенттің бас мұғалімі теледидардан осылай деп тұрғанда өз құлағыма өзім сенбедім. Мен де қаладағы мектептерде сабақ беремін. Бірақ 250-280 мың теңге дегеніңіз әзірге ешкімнің түсіне де кірмеген жалақы. Бәлкім мұндай айлықты қалалық білім басқармасындағы басшылардың өздері алатын шығар. Қарапайым ұстаздардың жалақысы бұған маңайламайды да ғой,-деді өткен аптада редакцияға хабарласқан Айгүл Сәрсенбаева есімді оқырманымыз.

Өткен аптада Шымкент қаласы әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханның келтірген деректерін қазір қаладағы ұстаздар қауымы қызу талқылап жатқанға ұқсайды. Мегаполистің бас мұғалімінің не дегеніне құлақ салып көріңіз:

— Бүгінгі таңда Шымкент мектептерінде  15 мың ұстаз болса, оның 3 мыңы 100 мың теңгеге дейін көлемде жалақы алады. 4 мың мұғалім 168 мың теңгеге дейін жалақы алынады (басқарма басшысының айтқандарын сөзбе-сөз беріп отырмыз-Редакция). 3348 мұғалім 250 мың теңгеге дейін жалақы алынады, 4874 ұстаз 288 мың теңгеге дейін жалақы алынады.

Иә, Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі төрағалық еткен жиында А.Абылайхан осылай деген. Ақерке ханым тым асыра сілтеп жіберген жоқ па? Бұл жаңылысу емес пе?

Жоқ, ешқандай да жаңылысу емес екен. Біз қаладағы ұстаздардың жалақысына қатысты ақпарат сұратып, Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметімен байланысқан болатынбыз. Ондағылардың бізге  берген мәліметі  басшының дерегімен айны-қатесіз ұқсас  болып шықты. 3 348 мұғалім -168-250 мың теңге аралығында, 4 874 мұғалім — 250-288 мың теңгені аралығында жалақы алады екен. Яғни, дәл қазіргі уақытта (тағы да қайталап айтайық, бұл келешекте, таяу болашақтағы емес нақ осы уақытта) Шымкентте әрбір екінші мұғалімнің жалақысы -250 мың теңгеге дейін, ал әрбір үшінші мұғалімінің жалақысы 288 мың теңгенің шамасында екен. Облыста орташа жалақы 100-105 мың теңгенің айналасында екендігін ескерсек, біздегі мұғалімдер бұдан 2-3 үш есе көп жалақы алатын, ақшаны күреп табатын кәсіп иесі болып тұрғанға ұқсайды. Сенуге бола ма? Сенейін десең, қисынға келмейді. Сенбейін десең, мәлімет басқа емес Шымкент қалалық білім басқармасынан және оның бірінші басшысының аузынан шығып отыр.

Жалпы айлығы шайлығына жетпейтін мұғалімнің жалақысына соңғы жылдары үстемақылардың қосылғаны рас. Білім берудің жаңартылған мазмұнын меңгеріп, білімін жетілдірген оқытушылардың жалақысына қазір қосымша үстемақылар қосылып жатыр. Бірақ 288 мың теңге жалақыны шымкенттік мұғалімдер әзірге түсінде де көрмейтін сияқты.

Ақерке Абылайханның жалақыға қатысты деректердің бояуын тым қалыңдатып жібергенін біз хабарласқан Шымкенттегі бірқатар мектеп директорлары да айтып отыр. Олар тікелей бастығының қырына ілігуден тайсақтап, аты-жөндерін газет бетінде ашық көрсетуге келіспеді. Дегенмен олардың айтуынша, қазір мектепте ең жоғары жалақының көлемі 200 мың теңгенің шамасында. Мұның өзін де, деңгейлеп оқытудан өткендер алады. Олардың қарасы көп емес. Мәселен 100 мұғалімнің 4-5-еуі алуы мүмкін. Мықтағанда 10. Бірақ бас мұғалім айтқандай, тең жартысы емес. Ұстаздардың дені 18 сағатпен, яғни бір ставкамен, жоғары санатпен 100-120 мың теңгенің шамасында айлық алады. Жаңадан келген жас кадрлардың жалақысы 60-70 мың теңгенің төңірегінде.

Біз қарапайым мұғалімдердің өздерімен де тілдесіп көрген болатынбыз.  №35 мектепте істейтін, 25 жылдан жоғары еңбек өтілі бар, жоғары санатты мұғалім (аты-жөнін жарияламауды өтінді) айлық жалақысының 120 мың теңге екенін мәлім етті.

-25 жылдан жоғары еңбек өтілім бар.  Біздің ұжымда 180-ге жуық педагог қызмет етеді.  Солардың ішінде біразы деңгейлік оқудан өткендерінің айлығына қосымша үстемақылар төленеді. 200 мың теңге жалақыны солар алады. Олардың саны ары барса, 10-20 шығар.  Алайда менің білуімше, биылдан бастап деңгейлік оқудан өткендерге ақы төлеу тоқтатылған. Яғни, енді 200 мың теңгені бізде ешкім алмайды,-деді сұхбат беруші.

Шымкенттегі №68 мектептің мұғалімі Нұртілес Дүйсенбаев:

— 22 сағаттық жүктемемен және  жоғары категориямен 100 мың теңге жалақы аламын,-деді. Ал Шымкент қаласының шетінде орналасқан елдімекендегі мектептің мұғалімдері бүкіл ұжымда жалғыз орыс тілі пәні мұғалімінің ғана 200 мың теңге жалақы алатынын, қалғандарының жалақысы 100-120 мың теңге көлемінде екендігін айтты.

Бәлкім жоғары жалақыны Шымкенттегі мамандандырылған мектептер алатын шығар деген оймен, біз №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатымен хабарласқан едік. Аталған оқу орнының ұстазы Бексұлтан Жанысбаев 18 сағаттық жүктемемен, жоғары санатпен 80 мың теңге жалақы алатынын мәлім етті.

-Биыл біз тест тапсырдық. Енді осыдан кейін қаңтардан бастап жалақымыз көбейеді деген үмітпен жүрміз,-деді мұғалім. Бұдан басқа тағы бірнеше мұғаліммен байланыстық. Бәрінің сөзі бір жерден шығып отыр. Білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша білімін жетілдіргендерге, осы жүйеге көшкен сыныптарға сабақ беретіндерге қосымша ақылар төленеді. Бірақ оның көлемі көп емес. Бірі 25 мың десе, бірі 17 мың теңге, ал бірі әр сағатқа 1200 теңгеден төленетінін айтып отыр. 200 мыңнан жоғары жалақыны ұстаздар көрмек түгілі естімеген де.

Яғни, Ақерке Абылайхан айтқандай, Шымкентте әрбір екінші мұғалім 168-250 мың теңгенің аралығында, ал әрбір үшінші мұғалім 288 мың теңге айлық алып отырған жоқ. Білім басқармасы бұл мәліметті қайдан алғанын білмедік, бірақ мұғалімдердің өздері мұны теріске шығарады. Сонда Ақерке Абылайхан кімді алдап отыр? Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты ма,  әлде министрлікті ме?

Жалпы, Шымкент қалалық білім басқармасына басшы болып биыл жазда келген Ақерке Абылайхан туралы қазір қала ұстаздары арасында әрқилы әңгімелер өрбіп жүр. Шымкентте 20 мектеп директорының орны бос тұрғаны, оған іріктеу конкурстары өткенімен, тағайындайтын директорларды әлі күнге анықтай алмай отырғаны  үміткерлер арасында әжептәуір реніш тудырған. Бас мұғалімнің өзі де қызметіне келген қысқа уақыттың ішінде біраз дұшпан тауып алған көрінеді. Әйтеуір Ақерке Абылайханның «ГорОНО»-лық қызметінің басы жайсыздау басталған сияқты. Ақырының немен аяқталарын уақыттың төрелегіне тапсырдық. Әліптің артын бағып әңгімеге қайта ораламыз.

P.S. Айтпақшы, Ақерке Абылайханның жиындарда айтқан сөздеріне қарағанда, қазіргі уақытта Шымкентте үш ауысымда сабақ беретін мектептердің саны 19-ға жеткен (бір сыныпта 40, тіпті одан да көп баланың білім алуы өз алдына бөлек проблема). 2016 жылдың наурызында Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баспасөз мәслихатында үш ауысымдағы мектептердің мәселесі 2018 жылға дейін толық шешіледі деген екен. 2018 жылы керісінше мұндай мектептердің саны 19-ға жеткен. Сонда кімге сенеміз, әкім Әбдірахымовқа ма, әлде өзімен бірге командасына еріп жүретін кадры Ақерке ханымға ма?

«Рейтинг» газеті