Әлихан Смайылов: «Бюджетті игермеген басшыларды жауапқа тарту керек»

60
Жаңа норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов он айдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатын игермегені үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұрады.
«Өкінішке қарай, бюджеттің үш рет нақтыланып, екі рет түзетілуіне қарамастан, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті жерлерде қомақты қаржы игерілмей қалған. Сол себепті бюджет қаражатының игерілмеуіне себепші болған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тиісті бюджеттік бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұраймын», – деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттің шығыстары 9 трлн 565 млрд теңгені немесе 99,2 пайызды құрады. Оның ішінде 79 млрд теңге орындалмаса, 11 млрд теңгесі үнемделген. Ал 68 миллиард теңге игерілмеген.
«Бұл жерде нақтыланған бюджеттің өзгерістері ескерілген жоқ. Олар қараша айында көрініс табады», – деді вице-премьер.
Бюджет қаражатын игере алмау бойынша алдыңғы қатарда тұрған министрліктер:
  • Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10,1 млрд теңге;
  • Білім және ғылым министрлігі – 9,3 млрд теңге;
  • Индустрия және инновациялық даму министрлігі – 7,8 млрд теңге;
  • Мәдениет және спорт министрлігі – 6,1 млрд теңге;
  • Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 5,1 млрд теңге.
Бюджет игерілмеуінің негізгі себептері: мемлекеттік мекемелердің қайта ұйымдастырылуы; орындалған жұмыс актілерінің уақытылы ұсынылмауы; шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі.
Ал жергілікті бюджеттердің шығыстары 4 трлн 705 млрд теңгені құраған. Орындалмағаны – 75 млрд теңге. Есептік кезеңде өңірлерге 1 трлн 256 млрд теңге нысаналы трансферт бөлінді.
«Жергілікті деңгейде олар 97,3 пайызға не 1 трлн 222 млрд теңге көлемінде игерілді. Орындалмағаны – 34 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге үнемделген. 27 млрд теңге игерілген жоқ», – деді Әлихан Смайылов.
Айтуынша, ең көп қаржы Нұр-Сұлтан қаласында игерілмеген – 6,1 млрд теңге, Алматы қаласында – 4,9 млрд теңге, Түркістан облысында – 3,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысында –2,9 млрд теңге.

Дереккөз:Informburo.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз