Президент әр оқиғадан саяси астар іздеп отыратындардың кемшілігін айтты

62

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы жарық көрді.

Мақалада қоғамдағы кемшіліктердің себебіне тоқталды. Абайдың өнегесі қоғам үшін ауадай қажет екенін тілге тиек етті.

«Азаматтарымыздың арасында жал­қаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша той­құмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады. Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді.

Ең алдымен, білім игеру. Біз бү­кіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. За­ман талабына сай білім алу интел­лек­туалды ұлт қалыптастыруға жол ашады.

Екінші, тәрбие мәселесі. Сон­дықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет.

Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп ар­­ман­дады. Әсіресе бәсекелестікке толы ал­мағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қол­өнер үй­ренбек керек. Мал жұтай­ды, өнер жұта­майды» дейді. Біз ең­бекке, жаңа өнер иге­руге деген көзқа­расымызды түбе­гейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте.

Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлі­гін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды. Біз аса күрделі кезеңді бастан өткеру­деміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынты­мағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүре­гімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сон­дық­тан бүгінгідей қиын шақта Абай мұ­расына жүгіну өте өзекті  болып отыр. Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ»,  – деп жазды Президент.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз