«Рейтинг жасау — әділетсіз»: Министр ҰБТ-дан жарыс ұйымдастырмауды өтінді

227
Жаңа білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ нәтижесі бойынша мектептер арасында рейтинг жасамауды өтінді. Ведомство басшысының айтуынша, рейтинг оқушылардың дайындығы туралы шынайы ақпарат бермейді, деп хабарлайды Stan.kzтілшісі. 
«Үкімет отырысы кезінде маңызы бар республикалық қалалар мен облыстар әкімдерінен ҰБТ нәтижесі бойынша рейтинг дайындамауды сұрадым. Біз бұл рейтинг қажет емес деген пікірдеміз. Ол объективті емес және оқушылардың қаншалықты дайындалғанын көрсетпейді», — деді министр пресс-конференция кезінде.
Әрі қарай ведомство басшысы ҰБТ-ның бұрын-соңды екі міндетті қатар атқарғанына тоқталды. Яғни, олар – мектептегі аттестация және ЖОО-ға түсу. Ал қазір ҰБТ-ны тек қалаған түлектер ғана тапсырады.
«Сол себепті мектептерге қандай да бір баға беріп, рейтинг әзірлеудің еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Бізде басқа индикаторлар мен мүмкіндіктер бар. Сырттай оқушылардың жетістігіне қарап бағалай аламыз. Осы индикаторларды негізге ала отырып қандай да бір индикатор жасауымызға болады. Жалпы мектептер туралы айтқан кезде рейтингтер түсінігі – өте күрделі процесс. Бұл бірінші кезекте тәрбиені қамтитын мәселе. Бұл — әртүрлі процесс. Оларды бір ғана механизм төңірегінде бағалау – әділетсіз. Бұл жерде кешенді ұстаным қажет», — деп қосты Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, білім және ғылым министрі осы саладағы жемқорлық тақырыбына да тоқталды.
«Білім және ғылым министрі бұл мәселені алдыңғы қатарға қояды. Біз қазір жобалық кеңсе ашып, жемқорлыққа қатысты өз жұмысымыздың стратегиясын анықтамақпыз. Өзіміздің барлық құқықтық-нормативтік актімізді анализден өткізетін боламыз», — деп қосты ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз