Түркістан облысында ерікті ұстаздар 91 мыңнан астам бетперде тігіп таратты

115
 Түркістан облысында ұстаздар қолдан 91 мыңнан аса медициналық бетперде тігіп шықты. Медициналық маскалар өңірдегі ауылдар мен қалалардың тұрғындарына, әлеуметтік аз қамтылған отбасылары мен дәріханаларға, мектеп қызметкерлері мен оқушыларға тегін таратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл игі іске облыс көлемінде жалпы 1980 оқытушы өз еріктерімен қатысқан. Соның бірі Кентау қаласындағы Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Айгүл Арыстанбекова. Ол қоғамға қауіпті індеттің таралуы кезінде дәріханаларда бетперделердің жетіспеушілігі алаңдатқанын және сол үшін бетперде тігу ісіне белсене атсалысқанын айтты.
«Осындай қиын шақта біз бірігуіміз керек. Өзімізді ғана ойламай жақындарымызды, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да қамқорлық танытқанымыз дұрыс. Осы ретте бетперденің жетіспеушілігін білген соң ұжымастарымызбен ақылдасып, бетперде тігуді қолға алдық. Ел басына күн туған кезде қол қусырып отырмай, тығырықтан шығудың жолдарын ойластырып, оны іске асыру әрбір жанның азаматтық борышы деп білеміз», – деді Айгүл Арыстанбекова.
Айта кетейік, аталған білім ордасының қызметкерлері 22-30 наурыз аралығында өз еріктерімен кезекшілікке түсіп, бір күнде шамамен 2-2,5 мың дана бетпердеден тіккен. Мұндай ерікті ұстаздардың игі бастамаларын естіген қала тұрғындары да өз үйлерінде бетперде тігіп мыңға тарта бетпердені ортақ қорға қосқан.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз