Инфляция енді Үкімет пен Ұлттық банктің байлап-матауына көнбейді

1064
Нақ қазір Ресейде қосымша құн салығын көтеріп жіберді. Бұған дейін Ресейде қосымша құн салығы 18 пайыз болып келсе, биылдан бастап кәсіпкерлердің қосымша құн салығын төлеу көрсеткіші 20 пайызға өсті. Қазір Ресейде осы мәселе өте өзекті болып отырған тұс. Санкциялар салқынынан абдыраған Ресей ендігі кезекте экономикасының өсімі тежеліп, кідіріп қалмауы  үшін салық саласына өзгерістер енгізу қажет деп шешті.
Осылайша көрші ел Ресей өзінен «қашып» жатқан капиталдардың орнын салықты өсіру арқылы толтыруды көздеп отыр. Ал көршілес жатқан елдің бұлайша салықты өсіруі әсіресе қосымша құн салығын өсіруі Ресеймен тікелей байланыс орнатып отырған Қазақстандағы кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?
Ресей кәсіпкерлерінің құқын қорғаушы Борис Титов Ресей өкіметінің бұл мәлімдемесіне қатысты «бұл кәсіпкерлікті тұншықтыру» деп баға беріп отыр. Титовтың пайымдауынша, егер Ресей қосымша құн салығын өсіретін болса, бұл тек өз ішіндегі кәсіп иелеріне ғана әсер етіп қоймайды. Ресейдің мұндай қадамы шекара маңындағы интеграциялану үрдісіне де кері әсер етеді. Әсіресе, Қазақстан, Беларусь елдері үшін өнім алмасу жағына кері ықпал етпек. Ресейлік бизнес-омбудсменінің бұл пікірін отандық сарапшыларымыз да жоққа шығармайды.
Экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, Ресейдің салық саясатын өзгертуі Қазақстанға өз әсерін бере бастайды. Бұл үрдіс тіпті елдегі инфляцияның қоздырғышына айналғалы тұр.
«Ресей болашақта қосымша құн салығын (ҚҚС) 20 пайызға  өсірді.  Ресейде ҚҚС 20  пайыз, Қазақстанда 12 пайыз, ал Беларусьте 20 пайыз. Енді ойлаңыз, осы арада қоысмша құн салығы төмен тек Қазақстан ғана болып тұр.  Былтыр Беларусь өкіметінен кәсіпкерлері салықты төмендетуді сұрады. Сонда Беларусьтің өкіметіндегі жауапты тұлғалар «салықты төмендетсе, бюджет шығын көреді» деп ол ұсынысты кері қайтарды. Қайталап айтамын, қазір бізде ғана қосымша құны салығы 12 пайыз. Ал қалған бізбен одақтас Ресей мен Беларусьте салық жоғары. Біз Беларусьті қоспай-ақ тауар алмасатын көршіміз, одақтасымыз Ресей деп есептегеннің өзінде бұл үрдіс біздегі кәсіпкерлерге кедергі болайын деп тұр. Мысалы, біздің кәсіпкерлер Ресейге өнім шығару үшін Қазақстанда 12 пайыз, Ресейде 20 пайыз қосымша құн салығын төлейді. Жалпы есебі — 32 пайыз. Осы 30 пайыз салықтың өзі кәсіп иелеріне қазірде ауырлық етуде. Ал енді салық өсетін болса бұл шағын және орта бизнестің дамуына анағұрлым әсер ететін дүние. Екі ел арасындағы алыс-беріс жағын ескерсек, бұл кәсіп иелерінің қалталарына айтарлықтай салмақ салады. Бұдан барып кәсіпкерлер шығарған өнімдерін ішкі нарыққа жібергенде де қымбаттатуға мәжбүр болады. Ал мұның арты инфляцияның байлап-матауға көнбейтінін дәлелдейді. Сондықтан бұл арада Үкіметке салық саясатына қатысты кәсіпкерлерге тиімді өзгерістер енгізу керек болады. Себебі біздегі нарық Ресейдегі тәрізді үлкен емес. Сондай-ақ біздегі бизнес те Ресейдегі тәрізді өзін-өзі асырай алатындай деңгейге әлі жеткен жоқ. Кәсіпкерлер қолдауды қажет етеді», — дейді Жаңабай Алдабергенов.
Маманның пайымдауынша, Ресей ҚҚС өсірер болса, бұл өнімнің бағасына да бірден-бір әсер етеді. Бұл Қазақстандағы кәсіпкерлердің өнім шығаруына да, өнімді сатуына ықпал ететін жайт. Мұны ескерген мамандарымыздың біразы «шикізаттық емес саланы  қосымша құн салығынан босатып, сатылым салығын енгізуді дұрыс» деп санайды.
«Қосымша құн салығын өсіру іскерлік белсенділікке және өндірушінің шығындарына тікелей әсер етеді. Өндірістің төмендеуін туғызады. Сондықтан өз басым біз шикізаттық емес саланы яғни өнім өндіруші секторды өз ішімізде қосымша құн салығынан босатуға тиіспіз. Сыртқа тауар иморттайтын және өз ішімізде ол тауарын қоса сатылымға шығаратын отандық өндіріс орындары ең болмаса ішкі нарығымызда салықтан босатылса жөн болар еді. Оларға өз нарығымызда сатылым салығын салығын енгізу керек деп ойлаймын. Бізде қосымша құн салығы 12 пайыз болса, сатылым салығы 3-5 пайызды құрайды. Міне, отандық өндірушілерді ішкі нарықта қосымша құн салығынан босатып, осы 3-5 пайыздық сатылым салығын енгізер болсақ, бұл оларға үлкен көмек болар еді. Ал мұндай шарадан соң жергілікті кәсіпкерлерге «тауар бағасын өсіруге болмайды» деген Үкіметтің сөзі де өтімді болар еді. Ал бұлай етпесек, биылғы жылы сырттан әсер етіп отырған факторлар бар, Кедендік салық түрі бар, қосымша құн салығы бар, сатылым салығы бар, тариф саясаты бар түгелі жан-жақтан қысып кәсіп иелеріне еріксіз таруарының бағасын өсіруге тура келеді. Ал мұның арты инфляцияның бой бермей кетуіне бірден-бір ықпал етеді. Сондықтан бұл арада салық саясатында сауаттылық қажет»,-дейді экономист-сарапшы Марал Төртенова.
Сондай-ақ мамандар салық түрін өсіру инвесторларды да өзінен қашыратынын алға тартып отыр. «Сондықтан бұл арада әр елдің салық саясаты нық болғаны абзал» дейді мамандар.
«Ресей 2012 жылдан бері салық түрлерін жоғарлатып келеді. Сол 2012 жылдан бері Ресейден инвестиция қашып жатыр. Елде неше жылдан бері инвесторлар тұрақтар емес. Қазір Ресейге ірі-ірі инвесторлар әкеліп қаржысын сала қоймайды. Себебі санкцияға түскен, экономикасы малтыққан, салық саясаты әлсіз елге инвестиция салу да тиімсіз. Мәселен Ресейде, жылжымайтын мүмлікке салынатын салық тұрі де өсті. Осыдан барып, Ресейде алпауыт үйлері барларға қазір мұндай салық түрі де тиімсіз болып қалды. Инвесторлар көрші елдің құрылыс саласына да араласқысы келемй отыр.  Ал Қазақстанда қатарынан неше жыл инвесторлар салықтан босатылады. Ал енді біз де Ресей тәрізді салықты көтеріп, ауқаттыларға салықты өсіретін болсақ, олар дереу өз капиталдарын Қазақстаннан ала қашады. Сондықтан біз экономикалық әлеуетімізді нықтап алмай, салықты бірден жоғарлата алмаймыз. Бұл елден капиталдың қашуына жол беретін нәрсе. Дағдарыс кезінде салықты өсіру, сол арқылы бюджетті толықтыру өте тиімсіз тәсіл. Жалпы, Ресейдің салық жүйесіне өзгеріс енгізуі Еуроодақ аясына біріккеннен кейін өзге елдерге  әсер етпей қоймайды. Бір ғана қосымша құн салығын салықты өсіретін болса, Ресейдің өнім шығару және сатумен айналысатын ауқатты кәсіпкерлері өзінен-өзі тауарының бағаларын қоса өсіреді. Ал мұның артында қаншама проблема жатыр?! Бұл инфляцияның белең алуына әсер ететін бірден бір күш»,-деді Марал Төртенова.
Қарлығаш Зарыққанқызы