Бүгінгі мультфильм: «Бір кемпір шалын қуып, көңілдесін кіргізіп алыпты»

2036

Қазіргі елуден асқандардың балалық шағы теледидардың тұрмысқа ендей бастаған кезеңіне тап келді. Ол кезде мультфильм күніне 10-15 минут қана көрсетілетін. Бірақ сол азғантай уақыттың өзінде жақсы бір нәрсені біліп шығатынсың. 1967 жылы жарық көрген Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің өзі қандай еді! Әрмен қарай оның қолынан шыққан «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы», «Құйыршық» – қазақ мультипликациясының тамаша үлгісі. Жалпы 70-ші жылдары елімізде түсірілген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асыпты.

90-шы жылдардан бері қарай бұл сала әбден тоқырады. Отандық телеарналарды шетелдік мультфильмдер жаулап алды. Әсіресе, кабельді телевизия пайда болғаннан кейін тек балаға арналған тұтас арналар небір анимациялық, сондай-ақ көркем фильмдерді күндіз-түні айналдырды. Қазіргі 25 жастан ары қарайғы буын – сол өнімдермен сусындап өскендер. Кейбірі Ер Төстікті білмеуі мүмкін, есесіне Спанч боб туралы тоқтамай сайрайды. Қазір де экранға телмірген жүгермегі мазасын алмаса, ата-ана мәз. Жыласа, бір-екі жасар баланың қолына «міне, қарашы, мультфильм» деп смартфонды ұстата салады. Оның жарқ-жұрқ әлемнен қандай тәрбие алып жатқанында шаруасы жоқ. Миы қатпаған баланың не нәрсені де қағып алып, еліктейтінін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп тастаған. Мәселен, атағы жер жарған Уолт Диснейге тиесілі мультфильмдердің тәрбиелік мәні күмән тудыратыны, кейбірінің астарында адамзат құндылықтарына қайшы үгіт-насихаттың бар екенін көзі қарақты оқырман білуі тиіс. Содан келіп үлкеннің сөзіне құлақ аспайтын, өзімшіл, байлықты бәрінен де жоғары қоятын, жақсы-жаманды ажырата алмайтын ұрпақ өсіп шығады. «Мұндай бала (бәле) қайдан шықты?» деп аң-таң болып отырғаны сосын. Баланың жан-дүниесін жаулайтын сондай жылтырақ өнімге отандық анимация одан асып түсетін, ұлттық тәрбиеге негізделген дүниелерді қарсы қоюы керек еді. Әттең, ондай деңгейге әлі жете алмай келеді. Аздығы сонша, шетелдік «тасқынға» төтеп бере де алмайды. Тіпті бұл сала мүлде бақылаусыз қалғандай.

Дегенмен алдағы уақытта қолға алынады деген үміт бар. Өйткені осы аптада Мәжіліс депутаттары Кәрібай Мұсырман мен Дархан Мыңбай отандық мультфильмдердің сапасыздығын сынға алып, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Кәрібай Мұсырман былай дейді: «Теледидар мен интернетте көрсетіліп жүрген отандық мультфильмдердің көркемдік деңгейі көңіл көншітпейді. «Алдар көсе», «Ер Төстік» сияқты мультфильмдерде халқымыздың ауыз әдебиетіндегі сүйікті кейіпкерлерінің образдары бұрмаланып, ұлттық құндылықтарымыз аяққа басылған болып шықты. Бірер мысал: «Алдар көсе» мультфильмінде бір кемпір үйіне көңілдесін кіргізіп алып, шалын ұрып-соғып қуып жібереді. Бұл ойдан шығарылған, ұлтымыздың дәстүріне жат қылық емес пе? Оны көрген бала қандай тәлім алады? Ал «Ер Төстік» мультфильмінде қазақ кісі етін жейтін каннибал ретінде сипатталғандығы жағаңды ұстатарлық жағдай емес пе? Ұлы ойшыл, ақын Абай туралы орыс тіліндегі 9 сериялы мультфильмнің атауы «Жауынгер жолы» екен. Сол атауына сәйкес, Абай бабамыз көшеде кетіп бара жатқан жалғыз қызға жабылған бұзақылармен төбелеседі. Тіпті аюмен де алысып, жеңіп шығады. Бұл мультфильмнің идеялық-көркемдік деңгейі, міне, осындай». Халық қалаулысының «Алдар көсе» мультфильміне қатысты сөзін толықтыра кетейік. Бұл осыдан 7 жыл бұрын қолға алынған, Алматы қаласының тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша түсірілген «сериал». «Жобанның авторы – Краус Артур» деген жазу шыға келгеннен-ақ, «ойпырмай, тым құрыса қазақша сауатты жазбай ма екен» деген ойға қаласың. Әр бөліктегі оқиға желісі барған сайын ішек тартқызады. Мәселен, «Тар үй» деген бөлігінде біреу Алдарға «үйім тар, көмектес» деп келеді. Ол «онда үйіңе қой кіргізіп ал» дейді. Онсыз да тар үйге бірнеше қой кіргізген соң әлгінің мүшкілдене түседі. Ақырында қайтадан Алдарға келеді. Ол «қойды шығара сал» дейді. Қойды кетіріп, үйі кеңігендей болған ана байғұстың қуанышында шек жоқ. Біріншіден, бұл өзі балаға арналған мультфильм бе? Екіншіден, басқа халыққа тиесілі әфсананың Алдарға қандай қатысы бар? Ол әфсанада «үйім тар» деп келген біреуге әулие әкей «үйіңе ешкіні кіргіз» деген кеңес береді. Тағы бір бөлігі «Ғашық болған бай» деп аталады. Оны да бір жерден көшіріп алды, білем. Оның үстіне балаға емес, ересектерге арналған сияқты.

Депутаттың мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйеніп келтірген мына бір дерегі де ойлантып тастады. Анимациялық фильмдердің негізгі өндірушісі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы базасында құрылған «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігі кейінгі 3 жыл ішінде жалпы сомасы 610 миллион теңгені құраған мемлекеттік тапсырыс бойынша небәрі 6 мультфильм шығарған. Әрқайсысына 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған ол қандай мультфильм?

Алдағы жылы мәдениет және спорт министрлігіне ұлттық фильмдер шығару үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 159 миллион тенге бөлініпті. «Осы қаржының елеулі бөлігін анимациялық фильмдерді шығаруға жұмсаған жөн болар еді» деген депутаттар мынадай ұсыныс жасады: «Біріншіден, мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан аниматорлар одағымен бірлесіп, анимациялық фильмдерде ұлттық құндылықтарды насихаттау және оларды бұрмалаудың алдын алу мәселесін қарағаны жөн. Екіншіден, отандық анимациялық фильмдер санын көбейту мақсатында оларды шығаруға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру мәселесін қарау қажет. Үшіншіден, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі анимациялық фильмдер шығаратын және оларды көрсететін телеарналарда шығарылған және басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған анимациялық фильмдердің көркемдік деңгейін және бала тәрбиесіне әсерін анықтайтын көркемдік кеңестер құру және олардың құрамында сарапшылар ретінде тәжірибелі педагог, психолог, қазақ тілі мамандары міндетті түрде болуы мәселесін қарасын. Төртіншіден, отандық анимация мамандарының біліктілігін жетілдіру үшін оларды шетелдердегі жетекші анимациялық студияларда тағылымдамадан өткізу қажет. Бесіншіден, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамын анимациялық фильмдер өндірісіне қажетті осы заманғы техникалық жабдықтармен жабдықтау мәселесін қарау керек». Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

Талап Тілеген