Мәулен Әшімбаев және 49 сенатор туралы

913

Ашаршылыққа қатысты айтылған мәселелерден кейінгі ой

Отставкаға тек Мәулен Әшімбаев қана емес,  49 сенатор түгел кетуі керек.

Өйткені Қазақстан – унитарлық мемлекет, ал унитарлық мемлекетте сенаттың болуына негіз жоқ.

      Дүниежүзі мемлекеттерінің саяси құрылымының заңдылықтарына сәйкес, парламенттің жоғарғы палатасы – сенат АҚШ (50 штаты бар), Германия (федералдық жерлері), Франция (теңіздегі бес аймағы), Ұлыбритания (біріккен патшалық), Ресей (22 республикасы бар) сияқты конфедеративті немесе федеративті мемлекеттерде болуға тиіс. Тіптен унитарлық мемлекет Өзбекстанның өзі, құрамында Қарақалпақстан Республикасы болғандықтан, амалсыздан сенатты құруға (қаржыландыруға) мәжбүр болып отыр.

Қазақстан секілді унитарлық мемлекетте жоғарғы палата – сенаттың орын алғанына, міне, 26 жыл болды, оның қызметіне мемлекеттің, яғни халықтың (салық төлеушілердің) миллиардтаған қаржысы шығындалып жатыр.

Ал сол сенаторлар мемлекетке қанша пайда әкелді?

        Мен былтыр тамыз айында сенат канцеляриясына, президент әкімшілігіне «Сенат таратылсын» деген үндеу-петиция апарып тапсырған болатынмын, бірақ олардан еш жауап болған жоқ. Фейзбуктегі «Сенат как пятое колесо казахстанской государственной машины» атты мақаламда бұл мәселелерді түгел көтерген болатынмын, алайда біздің «еститін мемлекет» оған да құлақ аспады.

      Сіз Мәулен Әшімбаевтан «айлығыңыз қанша» деп сұраңызшы (егер ол айта алса), менің ойымша, оның алатын айлығы қазақ мұнайшыларының қытайлық қожайындарынан алатын 67 мың теңге айлығынан әлдеқайда көп.

Сол 49 сенатор кезінде қытайлықтарға сатып жіберген «КМК Мұнай» АҚ компаниясының басшысы Ван Цзиньбаоны өзіне шақырып алып, «сендер неге қазақ жұмысшыларына 67 мың теңге, ал өз қытайлықтарыңа бірнеше миллион теңге жалақы төлейсіңдер» деп сұрап, қатаң талап қойды ма?

Сұраса бір сенатор сұрауы мүмкін, ал қатаң талап қоя алмайды. Өйткені сол сенаторлардың өздері «Шетелдік компаниялардың – инвесторлардың ішкі қаржылық-шаруашылық істеріне араласуға болмайды» деген заңды контракт-келісімшартты баяғыда ратификация жасап қойған болатын.

       Ендеше сол сенаторларға арнап жазылған 1995 жылғы Конституция түбегейлі өзгермесе, 49 сенатор одан әрі қарай да қарапайым халықтың мойнында, мемлекет қазынасына бір тиын пайда әкелмей, бюджеттің қыруар қаржысын алып отыра береді.

       Заң жүзінде Қазақстан Конституциясына қазір кім түбегейлі өзгерістер енгізе алады, олар: президент, сенаторлар мен мәжіліс депутаттары, ал олар өздері «төбесінен ағып тұрған ақшаның мөлдір бұлағын» өз қолдарымен бітеп, өздері саялап отырған «мәуелі ағашты» өз қолдарымен кеседі дегенге сіз сенесіз бе? Ал мен сенбеймін!

Нұртаза ҚАДЫРНИЯЗОВ